«Жаңа Қазақстан – шетелдік БАҚ көзімен» халықаралық байқау жеңімпаздары марапатталды

14 Қыркүйек 2022, 01:13
1687
Бөлісу:
«Жаңа Қазақстан – шетелдік БАҚ көзімен» халықаралық байқау жеңімпаздары марапатталды

ҚР Сыртқы істер министрлігінде ҚР СІМ, Қазақстан бас редакторлар клубы және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» ұйымдастырған «Жаңа Қазақстан – шетелдік БАҚ көзімен» жетінші халықаралық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биылғы жылы байқауда Ұлыбритания, Грузия, Канада, Кувейт, Марокко, Түркия және Оңтүстік Корея елдерінің жарияланым авторлары  жеңімпаз атанды.

Министрдің орынбасары Роман Василенко құттықтау сөзінде кәсіби журналистиканың, сондай-ақ қазіргі қоғамдағы сапалы блогингтің маңызды рөлін атап өтті. Ол шетелдік журналистер мен блогерлерге елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы, Президент Қ.К.Тоқаевтың қыркүйек айындағы халыққа Жолдауының мазмұны және АӨСШК алтыншы саммиті сияқты елдегі алдағы маңызды іс-шаралар туралы айтып өтті.

Байқау жайлы айтатын болсақ, Р.Василенко өтінімдердің саны тұрақты жоғары екеніне назар аударды: осы жылы қазылар алқасының қарауына 40 елден 50-ден астам материал келіп түсті. Көптеген жарияланымдар «Жаңа Қазақстан» парадигмасы шеңберіндегі экономикалық және әлеуметтік реформалар тақырыбына арналды. Бес өңірден алты жеңімпаз, сондай-ақ туризм тақырыбындағы жаңа номинация жеңімпазы анықталды.

Еуропалық өңірден британдық блогер Тристан Хьюздың "The Ancients" «Ежелгі Қазақстан: Ұлы даланың алтыны» атты подкасты үздік деп танылды. «ТМД және Еуразия» айдарында Қазақстан мен Грузия арасындағы тарихи байланыстар тақырыбында мақала жариялаған грузин саясаттанушысы, журналист Гүлбаат Рцхиладзе жеңімпаз атанды. Солтүстік және Оңтүстік Американың авторларының арасында «Ottawa Life Magazine» журналында мақала жариялаған Донован Маккензи жеңімпаз атанды. «The Korea Herald» күнделікті газетінің тілшісі Санжай Кумар Азия-Тынық мұхиты аймағынан жеңімпаз болып жарияланды. Таяу Шығыс пен Африка аймағынан бірден екі үміткер лауреат атанды. Марокконың «Le Matin» және «12.ma» басылымдарының тілшісі Дрисс Лякуби және «ANKASAM»-ның Орталық Азия мәселелері жөніндегі түрік сарапшысы Эмраз Кайн жеңімпаз атанды. «Туризм» номинациясы бойынша Кувейттен келген тревел-блогер Халид Альмутаири жеңімпаз болып танылды.

Журналистердің байқаудағы жеңісіне орай оларға Қазақстанға, атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Бурабай, Түркістан және Алматыға танысу сапары ұсынылды. Сапар барысында қонақтар әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне арналған іс-шараларды тамашалап, мәдени және тарихи орындарға экскурсияларға қатысады.

Салтанатты шараға Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, «Kazakh Tourism «ұлттық компаниясы» АҚ Басқарушы директоры Даниель Сержанұлы, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Қазіргі уақытта журналистер қоғамдық дипломаттар болып табылады. Халықтар мен елдер арасындағы сенім азайды, сондықтан кәсіби журналистиканың рөлі біздің заманымызда ерекше маңызды. Шетелдік журналистердің біздің елге деген қызығушылығының артуы қуантады. 2014 жылдан бастап берілетін өтінімдер саны ғана емес, сонымен қатар қозғалатын тақырыптар ауқымы да өсті, атап айтқанда туризмнен қоғамдық-саяси мәселелерге дейінгі барлық тақырыптар қамтылды, - деп атап өтті Бибігүл Жексенбай.

Бұл байқауда «туризм» номинациясының қосылуы кездейсоқ бола қойған жоқ. Еліміз аталған саланы дамыту мақсатында бірнеше бағыттар бойынша жұмыс жүргізуде. Кувейт тілшісінің еліміздің туризм саласы туралы жарыққа шыққан электронды жолсілтемесі араб елдерінен ҚР-дағы туристік ағынының артуына септігін тигізеді деген үміттемін, – деп атап өтті Даниель Сержанұлы.

Жеңімпаздар байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырғандары үшін алғыс айтып, өз сапарларынан күткен үміттерімен бөлісті.

Жеңімпаздарды құттықтауға Ұлыбритания, Грузия, Канада, Кувейт, Марокко, Түркия және Оңтүстік Корея елшіліктерінің басшылары мен жоғары өкілдері қатысты.

Өзгелердің жаңалығы