Жаңа оқу жылына – жаңа қарқынмен

Бөлісу:
Жаңа оқу жылына – жаңа қарқынмен
Фото: baq.kz

Оқушылар тағы бір жаз мезгілін артқа тастап, жаңа оқу жылына қадам басты. Өткен оқу жылында Жамбыл облысына қарасты Жамбыл ауданының білім беру саласы бірқатар нәтижелерге қол жеткізді. Дейтұрғанмен, бұл сала үнемі күн тәртібінен түспек емес. Өйткені мемлекеттің адами капиталының әлеуеті, интеллектуалды болашағының көрсеткіші – сапалы білім болып табылады. Жаңа оқу жылының жаңалығы қандай? BAQ.KZ тілшісі Білім күні мерекесіне орай осы сауалды аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Абдирасиловаға жолдаған еді.

Баршаға қолжетімді сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін ең алдымен білім беру мекемелерін заманауи материалдық- техникалық базамен жабдықтау және мектеп инфрақұрылымын жаңғырту міндеті тұр. Қазіргі таңда аудан мектептерін жаңғырту 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, жаңа мектеп құрылысы, күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу, мектептерді модификациялық пәндік кабинеттермен жабдықтау, білім алушылардың дамуына ықпал ететін кітапхана, асхана, спортзал сынды маңызды нысандарды талапқа сәйкестендіру, мектеп жиһаздарын жаңарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта жұмыс кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бекітілген «2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салу» жөніндегі Жол картасына сәйкес Жамбыл ауданында 8 мектеп құрылысы енгізілген. Өткен оқу жылында Шоқай ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілсе, 2025 жылы Шайдана және Бәйтерек ауылындағы білім беру нысанының құрылысы толық аяқталмақ. Алдағы уақытта Қостөбе ауылында 100 орындық, Қызылдихан ауылында 150, Қапал ауылында 80 және Рахат ауылында 80 орындық мектептің құрылысы басталады. 2026 жылы Қоңыртөбе ауылында 100 орындық мектеп соғу жоспары жол картаға енгізілген. Бұдан бөлек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шайқорық ауылынан 600 орындық мектеп құрылысы және Тоғызтарау ауылындағы Т.Тоқтаров атындағы орта мектебіне қосымша спорт зал, асхана және 4 оқу кабинетінің жапсарлас ғимарат салу жұмыстары жүргізіледі. Ағымдағы жылы сондай-ақ облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 19 мектепке ағымды жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Абдирасилова оқу ғимараттарын замануи құрал-жабдықтармен оның ішінде модификациялық кабинетпен қамту деңгейі 86 пайызға жеткенін тілге тиек етіп, бұл бағыттағы атқарылған жұмыстарды атап өтті.

Жалпы ауданда жиырма үш кабинет лингафонды-мультимедиалық жабдықпен, отызы физика кимбнетімен, отыз бірі химия, отыз екі биология кабинеті бар. Өткен жылы жаңа модификациялық кабинетпен қамтылуы 78 % құрап, биыл 8% артты. Бұл ретте ерекше тоқтала кеткен жөн, Аса ауылында орналасқан №1 орта мектебіне Қазақстан халқын қолдау қорынан 250 млн теңге бөлініп, толықтай жаңа мектеп жиһаздары алынды. Сонымен қатар 18 мектепке сынып жиһазы алынды. Бұл ретте қосымша мектептерге қолдау ретінде «Жомарт түлек» жобасының да шарапаты мол. Осы уақытқа дейін 16 млн 393 мың теңгеге 85 жоба іске асырылғанын айта кеткен жөн. Иә, білім сапасынан бөлек, маңызды мәселені де біз ұмытпауымыз қажет. Бала мектепте, балабақшада жалпы білім беру нысанында өзін барынша қауіпсіз санауы қажет. Осы мақсатта 2024 жылы 23 мектеп, 3 балабақшаға дабыл түймесі орнатылды, 12 орта мектеп «мамандандырылған күзет» қызметімен қамтамасыз етілді. Ауданға қарасты барлық мектеп 100 % бейнебақылау камералары орнатылса, 1439 бейнебақылау камераларының 764-і цифрлық, 675-ы – аналогтық болып табылады. Дәл осы жүйемен балабақшаларға да толық камералар қойылып, жаңа оқу жылынан бастап іске қосылатын болады. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау шаралары да назарда. Жамбыл ауданының білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінде 2023-2024 оқу жылында жалпы 16 159 оқушының 8208 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында мемлекеттен бір реттік төлем ретінде жекелеген санаттағы отбасыдағы 3528 оқушыға 47 398 теңгеден аударылды. Бұдан бөлек қайырымдылық акциясын қолдау мақсатында қосымша 48 оқушыға көмек көрсетілетін болады. 2024-2025 оқу жылында аудан бойынша тиісті мектептері жоқ 10 ауылдық округтен 13 мектепке 1820 оқушы автобуспен тасымалданады тасымалданып, білім алатын болады. Мектеп оқушыларын тасымалдайтын барлығы 25 автобустың қыркүйектен бастап өз жұмыстарын бастауға сақадай-сай тұр , – деді Зәуре Садуақасқызы.

Жамбыл ауданы білім бөлімінде жаңа оқу жылына дайындық бойынша оқулыққа 190 млн. 813 мың теңге қаржы бөлініп, бірқатар оқулықтар алынды. Бейнелеу өнері, еңбекке баулу, ағылшын тілі пәндерінен оқулықтар пән мұғалімдерінің сұранысы бойынша жаңартылды. Жаңа бағдарлама бойынша 3 сыныпқа жаратылыстану, жаһандық құзіреттілік 5-9 сыныптарға жаңа оқулықтар алынды. Сонымен қатар мектептің даярлық сыныптары мен 1 сыныбына дәптерлер әкелінеді. Мектептегі оқулықтары жетіспейтін 4-11сыныпқа қосымша инклюзив білім беру бойынша сұраныс берген 11 мектептің 1-9 сыныптарына оқулықтар алынды. Ал мектеп кітапханасының көркем әдебиет қорына 13 млн. 423 мың 548 теңгеге кітап алынды.

2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша түлектердің ҰБТ қатысу деңгейі 72% ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балл 76,66 % құрады. Аудан бойынша ең жоғары 133 ұпайды А.Макаренко атындағы орта мектебінің түлегі Ернұр Қусайн иеленді. 100-ден жоғарғы балды Ә.Әйтиев атындағы орта мектебі, Төлеби орта мектебі, Амангелді атындағы орта мектебінің оқушылары да иеленді. Жалпы қорытынды бойынша ҰБТ-ға 565 түлектің 308-і ЖОО-ның мемлекеттік гранттарын жеңіп алған. 16 оқушы "Алтын белгі" төсбелгісін ақтап шыққанын да айта кеткен жөн.

Өскелең ұрпаққа заман талабына сай білім беріп, тәрбиелеу – күллі адамзат үшін ең ұлы іс. Оқушылардың заман талабына сай сауаттанып, озық технологияларды меңгеріп, оң бағытта тәрбиеленуі алдағы уақытта да күн тәртібінен түспек емес. Аудандық білім бөлімінің басшысы жүзеге асатын жобаларда мұнымен шектелмейтінін жеткізіп, өткен оқу жылындағы жетістіктермен де бөлісті.

Сапалы білім беру – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үдерісі. Қазіргі кезде білім берудегі мақсат – жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім өзіндік ой-талғамы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Мектептегі білім берудің сапасы мен тиімділігін сипаттайтын негізгі параметрлердің бірі дарынды балаларды анықтау және дамыту, олардың республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарға қатысуы болып табылады. Биылғы оқу жылында жалпы 747 оқушы жүлделі орынға ие болды. Оның 571-і республикалық байқаулардан, 176-ы облыстық байқаулардың жеңімпаздары. Республикалық, халықаралық ғылыми жоба, пән олимпиадалары мен әдеби оқу байқауларынан 16 жүлделі орын алып, алдыңғы жылмен салыстырғанда жүлдегерлер үлесі 12,5 пайызға артқан. Ғылыми жобалар байқауында Б.Момышұлы, А.Макаренко, Ә.Тарази, Бірлесу-Еңбек, Амангелді орта мектебінің оқушылары аудан қоржынына 5 медаль, әдеби оқулар байқауынан Б.Момышұлы, №6, Айша бибі, Ә.Тарази, Төле би орта мектептерінің оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі 11 орынды иеленді. Бұл әрине ұлағатты ұстаздарымыздың еңбегімен келген жеңіс. Осыған байланысты аталған мектеп ұжымдарына алғыс айтамыз. Оқушылардың бағы мен баын сынайтын ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесіне тоқталсам, ағымдағы жылы 785 мектеп бітірушінің, 16-і «Алтын белгіге», 54-і үздік аттестатқа аяқтады. «Алтын белгі» иегерлерінің 71,4%-ы «Үздік аттестат» иегерлерінің 46%-ы 100-ден жоғары балл жинады. Жалпы аудан бойынша 100- ден жоғары балл жинаған 57 оқушы. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа балл облыс көлемінде – 84,5 пайызды, аудан көлемінде – 76,66 құрап отырмыз. Аудан бойынша орта баллдан жоғары көрсеткіш берген № 6 мектеп гимназия – 93 балл, Т.Тоқтаров атындағы орта мектебі – 88,5 балл, Б.Момышұлы атындағы мектеп гимназия – 87,92 балл, Айшабибі орта мектебі – 86,94 балл, А.Макаренко атындағы орта мектебі – 85,7 болды, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы.

Ұстаз – сапалы білім, саналы тәрбие беретін нағыз ел патриотын дайындайтын қозғаушы күш. Ұстаз – келер күннің ұстасы. Бұл ауқымды мақсатты жүзеге асыруда ауданның білім беру саласында 2776 мыңға жуық жұмыс атқарады. Педагогтердің 1488-і біліктілігін арттыру курсынан өткен, алдағы уақытта 567 педагогті курстан өткізу жоспарланып отыр. Аудан педагогтері оқу жылында 2 республикалық, 51 облыстық кәсіби байқауларда жүлделі орындарға иеленіп, үздік педагогтер қатарын толықтырды. Жыл қорытындысымен 3 педагог қаржылай марапатталды. Аудан мақтаныштарына айналған ұстаздар Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Гүльвира Оразалиева «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталып, 300 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі қаржылай сыйақы алды. Жамбыл ауданы білім бөлімінің А.Макаренко атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Кусёва «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің сыйақысымен марапатталды. №7 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Қазына Яхудаева «Тәуелсіздік ұрпақтары» жастар гранты «Ауыл жастарының бастамаларын қолдау» бағыты бойынша сыйақысымен марапатталды. Білім беру мекемелері мен педагогтерді қолдау қолға алынып келеді. 2023-2024 оқу жылында 8 «Үздік» деп танылған мекемелерге, 16 педагогке 920 000 теңгеге көлемінде сыйлықтар берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде негізгі құндылықтарды атап өтті. Оның ішінде балалар қауіпсіздігіне ерекше тоқталған еді. Білім беру мекемелері де «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жобалар жүргізуде. Осы ретте Зәуре Абдирасиловадан мектептердегі білім берумен қатар қосымша тәрбие мәселесінде сұрауды жөн көрдік.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында көптеген іс-шаралар атқарылды. Жобаның бүгінде нәтижесі де жоқ емес. Атап өтетін болсам, өткен оқу жылында барлық білім беру мекемелерінде 9 ай – 9 іс-шара, 4 тоқсан – 4 өнер бағытында және кешенді тақырыптық іс-шаралар жүргізілді. Мектептің отбасымен өзара әрекеттесуі мен бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін арттыру мақсатында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталықтары ашылып, «Аталар мектебі», «Әкелер мектебі», «Әжелер мектебі», «Аналар мектебі», «Даналық мектебі», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» клубтары құрылған және жаңа мазмұнда жұмыс жүргізуде. Ата-аналармен оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында өткен оқу жылында 499 рет сабақ өткізіліп, 7486 ата-ана қамтылған. Алдағы уақытта да ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтар, отансүйгіштік және азаматтық ұстанымға баулу жұмыстарына ата-аналар, қоғам тартылатын болады. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды ары қарай жалғастыратын боламыз. Ұрпақ тәрбиесі бойынша негізгі жұмыстар үздіксіз жүргізіліп отырғанмен, өткен оқу жылында бірқатар кемшіліктер орын алғанын жасырмаймыз. 2024 жылдың 7 айында кәмелетке толмағандармен 2 қылмыс, кәмелетке толмағандарға қатысты 4 қылмыс тіркелген. Ауданда мектеп оқушыларының қылмыс жасау деректері есепті уақытта орын алған жоқ. Полиция бөлімдерінің профилактикалық есебіне 10 оқушы, мектепішілік есепке 38 бала алынған. Аудан бойынша 8 мектепте құқық бұзушылық жағдайлары анықталып, мектепішілік есепке қойылған. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына байланысты мәселелер, шағымдар немесе ұсыныстар болған жағдайда басқармамен байланыс орнатуға мүмкіндік беретін «Jambyl-109» сенім телефоны туралы ақпарат облыс мектептерінің барлық оқу кабинеттерінің хабарлама тақталарына орналастырылды. Өткен оқу жылынан бастап облыс мектептеріне пилоттық жоба ретінде енгізілген кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алуға бағытталған «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі, «Бестерек» жобасы жұмыстары алдағы оқу жылында жалғасады. Бала өмірі салғырт қарауды кешірмейді. Алдағы уақытта құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында мектеп директорларының тәрбие, құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтері мен педагог-психологтары, сынып жетекшілері және ата-аналар комитеті кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторларымен бірлесе отырып, «қиын» оқушылар және бейресми лидерлермен жұмыс жүргізудің жеке жұмыс жоспарларын әзірлеп, профилактикалық жұмыстарды жүргізуді басты назарға аламыз.

Саладағы міндеттер педагогтердің тамыз кеңесінде нақтыланған еді. Биыл еліміз бойынша алқалы жиын «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында өрбіді. Алқалы жиын барысында да бірқатар мәселелер талқыланып, мұғалімдер қауымы шабыт алып, үлкен тәжірибе алмасты. Енді білім саласына жасалған мол мүмкіндіктерді оңтайлы пайдалана отырып, жаңа оқу жылында жаңа жетістіктерді бағындыру мақсаты тұр, -  деп сөз соңын түйіндеді сала басшысы.

Өзгелердің жаңалығы