Жаңа оқу жылы: Қандай санитарлық талаптарды сақтау қажет?

27 Тамыз 2021, 16:57
14136
Бөлісу:
Жаңа оқу жылы: Қандай санитарлық талаптарды сақтау қажет?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова жаңа оқу жылында қандай санитарлық талаптар сақталуы қажет екенін айтып берді.

Бүгінгі күні бас санитарлық дәрігердің қаулысы қабылданды. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларды ескере отырып науқаспен байланыста болған оқушылар болған жағдайда оларға синхронды қашықтан оқыту форматы ұйымдастырылады. Ата-аналардың өтініштері негізінде созылмалы науқастары бар балаларға медициналық ұйым анықтамалары негізінде асинхронды қашықтан оқыту форматы ұсынылады, - деп түсіндірді Каринова.

БҒМ өкілі атап өткендей, жоғарыда аталған оқушылар оқулықтармен, оқу контенті бар жүйемен, электронды журналдармен толық қамтылады.

Жиынтық бақылау жұмыстары мектептерде тапсырылады. Сабақтардың оқу ұзақтығы - 45 минут, - деді ол.

Мектептерде оқу процесінде қатаң түрде санитарлық талаптар сақталады. Вице-министр талаптардың негізгісіне тоқтала кетті:

  • күнделікті термометрия,
  • маска режимі, кварцтеу, желдету, дезинфекциялау жұмыстары,
  • бұқаралық және қоғамдық іс-шараларды шектеу,
  • бастауыш және жоғарғы сыныптарды араластырмау үшін әр уақытта берілетін үзілістер,
  • ауысымдар санының артуы,
  • педагогтар мен мектептердегі басқа да қызметкерлердің 100% вакцина алуы (медициналық қарсы көрсетілімі жоқ мұғалімдерді қоспағанда),
  • бір сыныпқа бір кабинетті бекіту жүйесі.

Оның сөзінше, басқа да ақпараттар бойынша жергілікті атқарушы органдар оқу контенті бар цифрлық платформалармен мектептерді қамтамасыз етіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы