- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жаңа мектептерден жасанды интеллектіге дейін: Президент Жолдауы аясында адам капиталын дамыту қалай жүзеге асырылуда
Жаңа мектептерден жасанды интеллектіге дейін: Президент Жолдауы аясында адам капиталын дамыту қалай жүзеге асырылуда
Үкімет бұл бағыттарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес жүзеге асыруда. Президент білім беру, ғылым мен кәсіби құзыреттілікті дамытуды және азаматтардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін мүмкіндіктер жасауды елімізді одан әрі дамытудың маңызды шарттары ретінде белгіледі.
29 Тамыз 2026, 13:50
Қазақстанда ерте жастан білім беруден бастап, кәсіптік даярлау, ғылым, цифрлық құзыреттілікті дамыту және еңбек нарығына шығуға дейінгі үдерістерді қамтитын адам капиталының жаңа моделі қалыптасып келеді. Соңғы жылдары елімізде 1,1 мың жаңа мектеп пайдалануға берілді, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы студенттер саны 13,7%-ға дейін артты. Ал жоғары оқу орындарында 724 мыңнан астам шәкірт білім алуда. Сонымен қатар білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологиялары енгізіліп, университеттердің өндіріспен байланысы күшейтіліп, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру үшін жағдай жасалып отыр.
Үкімет бұл бағыттарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес жүзеге асыруда. Президент білім беру, ғылым мен кәсіби құзыреттілікті дамытуды және азаматтардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін мүмкіндіктер жасауды елімізді одан әрі дамытудың маңызды шарттары ретінде белгіледі.
Жаңа Конституцияда адам капиталын дамыту, білім беру, ғылым және инновация мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары ретінде де айқындалған.
Соңғы 5 жылда 1,1 мың жаңа мектеп салынды
Бүгінде Қазақстанда 14 пен 35 жас аралығындағы 6,1 млн жас азамат тұрады. Бұл – ел халқының 28%-дан астамы. Соңғы бес жылда халық саны 1 млн-ға жуық өсіп, 2026 жылдың басында 20,5 млн адамға жетті.
Халық санының өсуі білім беру инфрақұрылымын одан әрі дамытуды талап етеді. Соңғы бес жылда елімізде 1 млн-нан астам оқушы орнына негізделген 1,1 мың жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оқу жоспарлары жаңартылып, бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілдері жетілдірілуде. Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізілу жұмыстары жүргізілуде.
Еліміздегі оқушылардың әлеуеті жоғары екені олардың халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқаулардағы нәтижелерінен көрініп келеді. 2026 жылдың басынан бері 2 073 оқушы 204 алтын, 356 күміс және 507 қола медаль жеңіп алды. Бұл мемлекеттің міндеті тек білім беру инфрақұрылымын құрумен шектелмей, өскелең ұрпақтың әлеуетін ашуға жағдай жасауды көздейтінін көрсетеді.
Экономиканың нақты секторы үшін кадрлар даярлау: ТжКБ ұйымдарындағы білім алушылар саны 13,7%-ға өсті
Кадр даярлау жүйесінде техникалық және кәсіптік білім беру маңызды орын алады. Соңғы бес жылда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы студенттер саны 13,7%-ға өсіп, 2025 жылы 562 мың адамды құрады.
Білім беру мазмұны жаңартылып, колледждердің кәсіпорындармен және экономиканың нақты секторымен байланысы нығайтылып келеді. 500-ге жуық білім беру бағдарламасы әзірленіп, өзектендірілді. ТжКБ ұйымдарының оқу-өндірістік қызметінің мүмкіндіктері кеңейтілуде.
Заманауи экономикада маманнан диплом ғана емес, сонымен қатар нақты кәсіби дағдылар, практикалық тәжірибе және заманауи технологиялармен жұмыс істеу машығы талап етіледі. Сондықтан кадрларды даярлау жүйесін одан әрі дамыту кәсіпорындар мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне тікелей байланысты.
2026-2027 оқу жылына 90 мыңға жуық білім гранты бөлінді

Сонымен қатар жоғары білім алу мүмкіндіктері де кеңеюде. Соңғы бес жылда жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы студенттер саны 16%-ға өсіп, 2025 жылы 724,1 мың адамды құрады. 2026-2027 оқу жылына 90 мыңға жуық білім беру гранты бөлінді: олардың 75 мыңнан астамы – бакалавриатқа, 11 мыңнан астамы – магистратураға және 3 мыңнан астамы – докторантураға берілді.
Шәкіртақы мөлшері де айтарлықтай өсті, мәселен, бакалавриатта 2 есе, магистратура мен докторантурада – 1,75 есе. Білім алу үшін қосымша мүмкіндіктерді "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі тудырып отыр. Бүгінде 227 мыңнан астам салым ашылды. Студенттік инфрақұрылым да дамып келеді. Ыңғайлы білім беру ортасын құруға ерекше назар аударылуда. 2018 жылдан 2025 жылға дейін 72 125 орындық 281 жатақхана пайдалануға берілді. Нәтижесінде төсек-орын тапшылығы шамамен 16 есеге, яғни 82,5 мыңнан 5 176-ға дейін қысқарды.
Жоғары білім беру саласында кадрлар даярлау күшейтілуде. Жыл сайын 10 мыңға жуық студент «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компанияларында дуальды оқытудан және өндірістік практикадан өтеді. Сондай-ақ, Қор компанияларында 100 оқытушы өндірістік тағылымдамадан өтті.10 ЖОО-да пилоттық режимде «Индустриялық PhD» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Екі жыл ішінде оған 210 грант бөлінді. Бағдарлама университеттердің, ғылым мен өндірістің байланысын нығайтуға және зерттеулерді экономиканың нақты міндеттерін шешуге пайдалануға бағытталған.
700 мыңнан астам студент ЖИ саласында базалық білім алды
Цифрлық құзыреттілікті қалыптастыру адам капиталын дамытудың негізгі бағыттарының біріне айналуда. AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мыңнан астам студент жасанды интеллект саласындағы базалық білімді растайтын сертификаттар алды. Бағдарламаға 106 ЖОО қатысады. 442 ЖИ-агент әзірленіп, қолданысқа енгізілді, жұмысқа университет командаларының 980 қатысушысы тартылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл Қазақ ЖИ зерттеу университеті – QAIRU жұмысын бастайды. 600-ге жуық білім алушыны, оның ішінде 400 студентті бакалавриатқа қабылдау жоспарлануда, оның 308-і мемлекеттік грант иегерлері, сондай-ақ магистратура бағдарламалары бойынша 100 адам оқымақ.
Студенттердің заманауи халықаралық білім беру ресурстарына қолжетімділігі артып келеді. 95 қазақстандық ЖОО Coursera жобасына қатысады, ондағы студенттер 260 мыңнан астам сертификат алды.
Coursera, Huawei Technologies Kazakhstan және Binance Kazakhstan компанияларымен келіссөздер жүргізіліп, меморандумдарға қол қойылды. Қазақстанның жоғары оқу орындарына ChatGPT Edu платформасын енгізу бойынша OpenAI, Freedom Holding Corp. және «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен жоба жүзеге асырылуда.
Осылайша, жасанды интеллект біртіндеп жеке цифрлық құрал болудан қалып, заманауи білім беру және ғылыми-зерттеу ортасының ажырамас бөлігіне айналып келеді.
Қазақстанның 20 жоғары оқу орны QS World University Rankings әлемдік рейтингіне енді
Сонымен қатар Қазақстан жоғары білім беру жүйесінің халықаралық құрамдасын күшейтіп келеді. Бүгінде елімізде 12 елдің жетекші шетелдік университеттерінің 33 филиалы жұмыс істейді.
Қазақстанның шетелдік студенттер үшін тартымдылығы артып келеді. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында 37 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда.
Халықаралық ынтымақтастық қазақстандық университеттердің жаһандық рейтингтердегі позицияларын нығайта түсуде. QS World University Rankings – 2026 рейтингіне Қазақстанның 20 жоғары оқу орны енді бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Times Higher Education – 2026 рейтингінде Қазақстанның бес жоғары оқу орны ұсынылды.
Халықаралық байланыстарды кеңейту Қазақстанға шетелдік студенттерді, зерттеушілер мен мамандарды тартуға және отандық университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
142 млрд теңге – ғылыми әзірлемелердің Қазақстанға әкелген кірісі
Ғылыми сектор экономиканың дайын шешімдерінің қайнар көзіне айналып келеді. Ғылыми әзірлемелердің үштен бірінен астамы коммерцияландыру кезеңіне өтті. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің ел дамуына қосқан жиынтық үлесі 142 млрд теңгеге бағаланады. Ғылыми бастамаларды жеке қаржыландыру көлемі 28,2 млрд теңгеге жетті.
Университеттерде энергетика, медицина, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қаржы секторы үшін жасанды интеллект негізінде қолданбалы шешімдер әзірлейтін командалар құрылып жатыр. Әзірлемелердің бір бөлігі коммерциялық нарыққа шығып, экспорттық әлеуетке ие болуда.
Жаңа қолдау тетіктері «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңда бекітілді. Ғылым мен технологияларды дамытуға жер қойнауын пайдаланушылардың капиталдық салымдарының 1%-ы бағытталады. Қазақстанда алғашқы «Ғылым және білім эндаумент-қоры» құрылды.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 90%-ы арнайы қолдаумен қамтылған

Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мың бала бар. Олардың 90%-ы арнайы қолдаумен қамтылған, 169 мыңнан астам бала инклюзивті білім беру және тәрбие жағдайында оқып, тәрбиеленуде.
Білім беру ұйымдарында тікелей көмек беру үшін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүйесі кеңейтілуде. Онда 35 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Олардың қатарында арнайы педагогтер, психологтер, әлеуметтік педагогтер, ассистенттер және кәсіптік бағдар берушілер бар. Сонымен қатар 539 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді.
Білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған 1 мыңнан астам кабинет жұмыс істейді. Өткен оқу жылынан бастап жеке көмекші лауазымы енгізілді. Мұндай қолдауды қозғалуында қиындықтары бар 250-ден астам бала алды.
Сапалы жұмыс орындары: тұрақты жұмыспен қамту және еңбек құқықтарын қорғау

Білім беру жүйесінің еңбек нарығымен байланысы ең алдымен нақты жұмыспен қамту көрсеткіштерімен айқындалады.
2029 жылға қарай Қазақстанда сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 млн-нан астамға жеткізу, ал олардың жалпы жұмыспен қамтудағы үлесін 45%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл мақсат ҚР Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленген. Сапалы жұмыс орындарының саны жыл сайын артып келеді. 2024 жылы мұндай жұмыс орындарымен 2,473 млн адам қамтылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,885 млн адамға жетті. 2026 жылы 3,085 млн сапалы жұмыс орнын қамтамасыз ету жоспарланған. Сапалы жұмыс орындарына жылына кемінде алты ай тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін, жалақысы өңірдегі медианалық жалақы деңгейінен төмен емес, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғау тетіктері қарастырылған жұмыс орындары жатады.
Сонымен бірге азаматтарды тікелей жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері де кеңейтілуде. 2026 жылы Өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 544 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. 1 тамыздағы жағдай бойынша 388 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 160 мыңы – жеке бастамалар аясында, 122,4 мыңы – жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына, 89,6 мыңы – субсидияланатын жұмыс орындарына, 16,4 мыңы – ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналасты.
Сонымен қатар деректер мен жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, азаматтарды жұмыс іздеуден бастап жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдейтін «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» енгізілуде. Жоба Павлодар және Маңғыстау облыстарында іске қосылды. Жүйе тіркелген және тіркелмеген жұмыссыз азаматтарды, оның ішінде алты айдан астам уақыт жұмыссыз ретінде есепте тұрған азаматтар мен NEET санатындағы жастарды қамтиды. Әр азамат үшін автоматты түрде жеке іс-қимыл жоспары қалыптастырылады. Бос жұмыс орындары адамның кәсіби бейіні мен мүмкіндіктеріне қарай іріктеледі. Ұсыныстар азаматтың өз өңіріндегі және басқа облыстардағы жұмыс орындарын, қоныс аудару бағдарламалары аясындағы мүмкіндіктерді, сондай-ақ елдегі ірі кәсіпорындардағы бос орындарды қамтиды.
Осылайша, Қазақстанда адам капиталын дамыту адамның бүкіл кәсіби және білім беру траекториясын қамтитын кешенді жүйе ретінде қалыптасып келеді. Бұл жүйе мектептегі білім мен кәсіптік даярлықтан бастап жоғары білімге, ғылымға, цифрлық құзыреттерді дамытуға және еңбекпен қамтуға дейінгі барлық кезеңдерді біріктіреді. Заманауи білім беру инфрақұрылымын дамыту, білім мен технологияларға қолжетімділікті кеңейту, ғылыми әзірлемелерді қолдау және сапалы жұмыс орындарын ашу азаматтардың кәсіби әлеуетін арттыруға, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге және тұлғалық қасиеттерін дамытуға жағдай жасауға бағытталған.
Ең оқылған:
- 7 қыркүйектен кейін қазақстандықтар зейнетақысын өздері басқара алады: Нені білу керек?
- Павлодарда алма ағашының түбінен 25 миллион теңге салынған ыдыс табылды
- 1 қыркүйекте алғашқы қоңырау қалай өтеді? Оқу-ағарту министрлігі түсіндірді
- Күн күрт суытады: Синоптиктер кей өңірлерде үсік жүріп, қар жауады деп болжады
- Тоқаев Вице-президент пен Премьер-министрдің кандидатураларын қашан ұсынатынын айтты