Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жаңа Конституцияға волонтерлік пен экологиялық мәдениет ұғымдарын енгізу ұсынылды

Бүгiн, 16:27
98
Бөлісу:

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Мәжіліс депутаты, "Ұлттық волонтерлік желі" ЗТБ жетекшісі Вера Ким Қазақстанда конституциялық деңгейде волонтерлікті ынталандыруды бекіту қажет деген бастама көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вера Ким Мемлекет басшысының еріктілер қозғалысын жүйелі түрде қолдап келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл 30 қаңтарда кең ауқымда өткен Еріктілер форумы бұл қолдаудың айқын көрінісі болды.

Жаңа Конституция жобасына ұсыныстар жинау жарияланған сәттен бастап маған волонтерлік ұйымдар мен еріктілердің өздерінен 31-баптың 2-тармағын «волонтерлік» деген сөзбен толықтыру туралы өтініштер бірнеше рет келіп түсті. Осыған байланысты Қазақстанда әлеуметтік қамсыздандыру мен қайырымдылықты құруды көтермелеумен қатар волонтерлікті ынталандыруды бекітуді ұсынамын, - деді ол.

Оның сөзінше, аталған бапта әлеуметтік қолдауды жүзеге асыруда мемлекет қолдайтын қоғамдық қатысу тетіктері ғана қамтылған. Онда сақтандыру мен қайырымдылық аталғанымен, азаматтардың ақысыз, ерікті еңбегі сияқты маңызды форма көрсетілмей қалған.

Еріктілер төтенше жағдайлар кезінде, ауруханаларда көмектеседі, әлеуметтік салада қарттарды, балаларды, мүгедек адамдарды, қиын жағдайда отбасыларды қолдайды. Бұл бүкіл ел бойынша жұмыс істеп жатқан әлеуметтік қолдау жүйесінің маңызды бөлігі, - деді Вера Ким.

Депутат «волонтерлік» ұғымы норманың мазмұнын логикалық тұрғыдан толықтыратынын атап өтті, өйткені бұл жағдайда мемлекет тек ресурстар мен тетіктерді ғана емес, сонымен бірге азаматтардың белсенді қатысуын да ынталандырады.

Мен бұл бастаманы бүкіл еріктілер қозғалысының атынан көтеремін, - деді ол.

Сонымен қатар Вера Ким сауалнама нәтижелері бойынша әрбір сегізінші қазақстандықтың волонтерлік қызметке қатысып көргенін көрсететін деректерге назар аударды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, бүгінде еріктілік қозғалысына шамамен 300 мың адам тартылған, 800-ден астам ұйым мен 3,5 мың бастамашыл топ жұмыс істеп келеді.

Біз үшін бұл жай ғана қызмет емес – бұл біздің қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқатына қосқан үлесіміз, - деді депутат.

Сонымен қатар ол қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы еріктілердің ерекше рөлін атап өтті.

Вера Кимнің айтуынша, еріктілер нақты істері арқылы табиғатқа жанашырлықпен қарау мен қоршаған орта алдындағы жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Аумақтарды тазалау, ағаш отырғызу, табиғи нысандарды қорғау және экологиялық ағарту бағытындағы бастамалар арқылы табиғаттың құндылығы жөнінде тәжірибеге негізделген түсінік қалыптасады.

Көп адам үшін мұндай жобаларға қатысу экологияға саналы көзқарас қалыптастырудың алғашқы баспалдағы болса, жастар үшін бұл – азаматтық жауапкершілікті сезінуге және қоғамдық игілікке құрметпен қарауды үйрететін маңызды мектеп, – деп атап өтті ол.

Вера Ким жаңа Конституция жобасында жоғары экологиялық мәдениетті мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекіту қоғамдық қозғалыстарға жүйелілік пен ұзақмерзімділік беретінін айтты.

Соның нәтижесінде қоршаған ортаға қамқорлық бір реттік акциялар деңгейінде қалып қоймай, білім беру, құқықтық тетіктер мен қоғамдық бастамалар арқылы қолдау табатын мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытына айналады.

Азаматтар үшін бұл таза және қауіпсіз өмір сүру ортасы, денсаулықты қорғау және табиғи ресурстарды сақтаудан көрінеді. Волонтерлердің белсенділігі мен экологиялық мәдениетті конституциялық тұрғыда тану тұтастай алғанда әр адам елдің табиғаты мен болашағын сақтаудың қатысушысы болатын дамудың тұрақты моделін қалыптастырады, – деп түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы