Сарапшы: Конституциялық реформа – жаңа өндірістерге жол ашады

Қазақстан жаңа даму кезеңінің табалдырығында тұр.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 13:18
Бүгiн 2026, 13:18
174
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан жаңа даму кезеңінің табалдырығында тұр. Әлемдік өзгерістердің қарқыны күшейген сайын мемлекеттер үшін уақытпен бірге жаңару, бейімделу – стратегиялық қажеттілікке айналды. Осы тұрғыдан алғанда Конституцияға енгізіліп отырған өзгерістер – кездейсоқ қадам емес, елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған заңды үрдіс. Бұл жайлы экономист Айбар Олжай пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда экономиканың тұрақты өсуі ең алдымен институционалдық ортаға, яғни заңдардың сапасына тікелей байланысты.

Егер елдегі ережелер түсінікті, тұрақты және әділ болса, бұл бизнеске деген сенімді арттырады. Инвесторлар ұзақ мерзімді жобаларға белсенді қатыса бастайды. Нәтижесінде жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбейеді. Сондықтан Конституциядағы өзгерістердің экономикалық маңызы өте жоғары, – дейді Айбар Олжай.

Сарапшының пікірінше, жаңа Конституцияда қарастырылған арнайы құқықтық режимдер экономиканы әртараптандыруға жол ашады. Мұндай тетіктер белгілі бір аймақтарда инвестициялық ахуалды жақсартып, технологиялық кластерлерді дамытуға мүмкіндік береді.

Бұл – тек заңдық өзгеріс емес, нақты экономикалық құрал. Арнайы режимдер арқылы жаңа салаларды дамытуға, өндірісті кеңейтуге және еңбек нарығын жандандыруға болады. Соның нәтижесінде халықтың табысы өсіп, кәсіби мүмкіндіктері кеңейеді, – деп атап өтті ол.

Айбар Олжай жаңа Конституцияда білім мен ғылымға, инновацияға ерекше басымдық берілгеніне де тоқталды. Оның сөзінше, адами капиталды дамыту – кез келген экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығының негізгі факторы.

Балалардың сапалы білім алуы, ғылым мен инновацияның дамуы, заң үстемдігінің күшеюі – мұның бәрі елдің болашағына тікелей әсер етеді. Әділдік пен теңдік қамтамасыз етілген қоғамда ғана тұрақты экономикалық өсім болады, – деді экономист.

Сарапшының қорытындылауынша, жаңа Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес, елдің даму бағытын айқындайтын стратегиялық негіз.

Егер бұл өзгерістер толық әрі тиімді іске асса, Қазақстан жаңа экономикалық деңгейге көтерілуге нақты мүмкіндік алады. Бұл – бүгінгі ғана емес, келер ұрпақтың да болашағына салынған инвестиция, – деп түйіндеді Айбар Олжай.

Қорыта айтқанда, жаңарған Конституция елдің экономикалық және институционалдық дамуына серпін беретін маңызды құжатқа айналмақ. Ең бастысы – оның нормалары нақты жүзеге асырылып, қоғам игілігіне қызмет етуі.

Наверх