Жаңа Конституция: Қазақстанның басты заңындағы 10 маңызды өзгеріс

7 Қазан 2026, 12:30
АВТОР
 Ақорданың баспасөз қызметі 7 Қазан 2026, 12:30
7 Қазан 2026, 12:30
315
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Осы күннен бастап 1995 жылғы Конституцияның қолданысы тоқтап, елдің мемлекеттік институттары жаңа конституциялық нормаларға сәйкес қайта қалыптасты.

Жаңа Ата заңға сәйкес Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылды, Вице-президент институты енгізілді, Қазақстан Халық Кеңесі конституциялық деңгейдегі жаңа қоғамдық-саяси институт ретінде жұмысын бастады. Сонымен қатар азаматтардың дербес деректерін қорғау, тұрғын үй және отбасы мәселелеріне қатысты бірқатар маңызды нормалар бекітілді.

Бірнеше айдың ішінде жаңа жүйенің негізгі институттары да қалыптасты. 23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті, 28 тамызда бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы ашылды, ал 31 тамызда Ерлан Қарин Қазақстанның Вице-президенті болып тағайындалды.

Жаңа Конституциядан кейін елде қандай негізгі өзгерістер болды?

1. Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай келді

Жаңа Конституция бойынша заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – Қазақстан Республикасының Құрылтайы.

Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі негізінде сайланады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Осылайша, бұрынғы екі палаталы Парламент – Сенат пен Мәжілістің орнына бір палаталы заң шығарушы орган келді. 1995 жылғы Конституция негізінде қалыптасқан Парламенттің өкілеттігі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтатылды.

Құрылтай тек заң қабылдайтын орган емес. Оның өкілеттігіне Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді қарау, Үкімет мүшелерінің есептерін тыңдау сияқты бақылау тетіктері де кіреді.

2. Қазақстанда Вице-президент институты қайта енгізілді

Жаңа Конституциямен Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінде Вице-президент лауазымы пайда болды.

Конституцияға сәйкес, Вице-президентті Президент Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен берілген келісімі негізінде тағайындайды. Ол Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді.

Бұл норма іс жүзінде де іске асты. 2026 жылғы 31 тамызда Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Вице-президенті болып тағайындалды. Оның кандидатурасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай қарауына ұсынып, депутаттар қолдады.

Жаңа Конституция бойынша Президент өкілеттігін мерзімінен бұрын атқара алмай қалған жағдайда оның өкілеттігі алдымен Вице-президентке өтеді. Бұл да Вице-президент институтының мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызын арттырады.

3. Президент жеті жылға сайланады және бір адам екі рет Президент бола алмайды

Жаңа Конституцияда Президенттің өкілеттік мерзімі жеті жыл деп белгіленді.

Сонымен бірге бір адам Конституцияға сәйкес бір реттен артық Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана алмайды. Бұған дейінгі жүйедегі бес жылдық президенттік мерзім мен қайта сайлану мүмкіндігіне қатысты тәртіп осылайша өзгерді.

Президенттікке кандидатқа қойылатын талаптар да Конституцияда нақтыланған. Кандидат тумысынан Қазақстан азаматы, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, соңғы 15 жыл Қазақстанда тұрған, жоғары білімі бар және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымда кемінде бес жыл жұмыс істеген азамат болуы керек.

4. Президенттің жақын туыстарына қатысты шектеу енгізілді

Жаңа Конституция мемлекеттік басқарудағы саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік сектордағы басшылық қызметтерге Президенттің жақын туыстарының келуіне шектеу қойды.

Атап айтқанда, Конституцияның 45-бабында Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметші лауазымында және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшы лауазымында бола алмайтыны белгіленген.

Бұл норма мемлекеттік басқару жүйесіндегі мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған конституциялық шектеулердің бірі ретінде бекітілді.

5. Қазақстан Халық Кеңесі жаңа конституциялық институт ретінде құрылды

Жаңа Конституцияда Қазақстан Халық Кеңесіне арнайы бөлім арналды.

Ол – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Кеңес қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, ішкі саясаттың негізгі бағыттары мен ұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Сонымен бірге оның Құрылтайға заң жобаларын енгізуге және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеруге құқығы бар.

Жаңа институттың құрамы да қалыптасты. Президенттің 2026 жылғы 22 қыркүйектегі №1474 Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің 126 мүшесі бекітілді. Оның құрамына этномәдени бірлестіктерден – 42, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан – 42, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден – 42 өкіл кіреді.

Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесі қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, сарапшылар және жергілікті қоғам өкілдерінің мемлекетпен диалог жүргізетін конституциялық алаңына айналды.

6. Құрылтайдың Үкіметті бақылау өкілеттігі күшейтілді

Жаңа саяси жүйедегі маңызды өзгерістің бірі – заң шығарушы органның Үкімет алдындағы бақылау тетіктерінің нақтылануы.

Құрылтай депутаттарының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруге болады.

Бұдан бөлек, Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарайды. Үкіметтің бюджет есебін бекітпеу де сенімсіздік вотумы ретінде қаралады. Құрылтай жылына екі рет Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін тыңдайды.

Бұл жаңа жүйеде Үкіметтің Құрылтай алдындағы есептілігін күшейтетін маңызды конституциялық тетік.

7. Қазақстан Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы құқығы берілді

Жаңа Конституция бойынша заң шығару бастамасы Президентке, Құрылтай депутаттарына және Үкіметке ғана емес, Қазақстан Халық Кеңесіне де берілді.

Яғни Кеңес белгілі бір қоғамдық мәселені көтеріп қана қоймай, оны заң жобасы деңгейіне шығарып, Құрылтайдың қарауына енгізе алады. Сонымен қатар Қазақстан Халық Кеңесі референдум тағайындау туралы бастама көтеруге құқылы.

Бұл азаматтық қоғам мен мемлекеттік шешім қабылдау жүйесінің арасындағы байланысты институционалдық тұрғыдан күшейтетін жаңа механизм.

8. Азаматтардың цифрлық құқықтары Конституциялық деңгейде бекітілді

Жаңа Конституция цифрлық дәуірдегі азаматтардың жеке өмірі мен дербес деректерін қорғауға арнайы назар аударды.

21-бапқа сәйкес, әр адамның жеке өміріне қол сұғылмауына, жеке және отбасы құпиясына, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдана отырып дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғалуға құқығы бар.

Сонымен қатар банк операциялары, жеке салымдар мен жинақтар, хат алмасу, телефон арқылы сөйлесу және цифрлық технологиялар арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады.

Бұл норма интернет пен цифрлық сервистер күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған кезеңде азаматтардың жеке деректерін қорғауды Конституция деңгейінде бекітеді.

9. Тұрғын үй құқығына қатысты нақты кепілдіктер бекітілді

Жаңа Конституциядағы әлеуметтік маңызы жоғары нормалардың бірі – тұрғын үйге қатысты бап.

28-бапта тұрғын үйге қол сұғуға болмайтыны бекітілген. Сот шешімінсіз адамды тұрғын үйінен айыруға немесе шығарып жіберуге жол берілмейді.
Сонымен бірге мемлекет өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Тұрғын үй оған мұқтаж азаматтардың заңда көрсетілген санаттарына заңда белгіленген нормаларға сәйкес беріледі.

Яғни жаңа Конституция тұрғын үй мәселесін тек мүліктік құқық ретінде емес, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасау жөніндегі мемлекеттің міндетімен де байланыстырады.

10. Неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекет қорғауына алынды

Жаңа Конституцияда отбасы институтына қатысты нормалар да нақты жазылған.

30-бапқа сәйкес, неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады.

Конституцияда неке ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы ретінде айқындалған. Сонымен бірге балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру ата-ананың құқығы әрі міндеті екені көрсетілген.

Ал кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.

Осылайша, отбасы мүшелерінің өзара құқықтары мен міндеттері Конституция деңгейінде нақты бекітілді.

Жаңа Конституцияның 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуі Қазақстанның саяси және құқықтық жүйесінде бірқатар нақты институционалдық өзгеріске алып келді.

Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын Құрылтай жұмысын бастады, Вице-президент институты іске қосылып, оның алғашқы өкілі ретінде Ерлан Қарин тағайындалды. Қазақстан Халық Кеңесінің 126 мүшесі бекітіліп, оған заң шығару бастамасы мен референдум өткізуге бастама көтеру құқығы берілді. Сонымен қатар Үкіметтің есептілігі күшейтіліп, азаматтардың цифрлық құқықтары, тұрғын үйге және отбасыға қатысты конституциялық кепілдіктер нақтыланды.

Наверх