Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның саяси жүйесін саяси бәсекелестік кезеңі күтіп тұр. Бұл туралы саясаттанушы Руслан Ахмағанбетов айтты.
Ол саясат пен экономикаға тең қарау керек екенін айтты.
«Нарықтық экономика», «саясат» деген түсінік бар. Бірақ біздің қоғам күні кешеге дейін осылардың бір-біріне қатысы жоқ бөлек құбылыс сияқты қарап келгені анық. Экономика өз алдына, саясат пен қоғам деген мәселе жеке қаралды. Бұл да бір өткен тарих. «Қаңтар оқиғасы» көп жағдайда мәселеге жаңа қырынан немесе бажайлап мән беруді қажет еткені рас. Алдымызда парадигмалық өзгеріс тұр. Саясат пен экономиканы тең қарау.«Адам баласы саясатта болсын, экономикада болсын, жалпы, қоғамның түрлі саласында бәсекеге қабілеттілігімен ғана алға шығуы керек» деген ұстанымнан туды, - деді ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының аға оқытушысы.
Сарапшы Қазақстанды алдағы күзде саяси реформалардың күтіп тұрғанын айтты.
Президенттің «Хабар» арнасындағы сұхбатында алдағы уақытта «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» тұжырымының орнына саясат пен экономиканың қатар дамытуды бағдар ету кезеңі басталғанын мәлімдеді. Қазақстанды алдағы күзде саяси реформалардың күтіп тұрғанын аңғартады. Тағы бір саяси реформа Парламент Мәжілісін күтіп тұр. Көппартиялықтан «жан-жаққа тартады» деп қорықпау керек. Бір-біріне бәсекелес партиялар арқылы Президент айтқан саяси мәдениет қалыптасады. Қазір қазақстандық саяси мәдениетті қалыптастыру жайында жиі айтылып жатыр. Саяси мәдениет бірнеше кезеңдік тұрғыдан қалыптасады дейміз. Бұл енді теориялық тұрғыдан алғанда. Яғни қоғам саясаттану мен өзге де қоғамтану курстары және түрлі деңгейде бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге т.б. ақпарат ресурстарындағы дискурстар мен мәліметтер негізінде қалыптасады. Оның практикалық бағытына Парламенттегі бір-біріне бәсекелес түрлі партияларды жатқызамыз. Себебі партиялар қоғамның түрлі жіктері мен топтарының мүддесін қорғайды. Қоғамдағы түрлі топтар мен таптардың мүддесі мен мәселесі ең алдымен алаңда емес, Парламент қабырғасында айтылуы керек. Жалпы, оның теориясы да, практикасы да қоғамдық-саяси мәдениетті қалыптастыруға жұмыс жасайды. Қазақстанның саяси жүйесін саяси бәсекелестік кезеңі күтіп тұр, - деп қорытындылады сөзін ол.