Қазақстанда мектептер мен балабақшаларда медициналық көмек көрсетудің бірыңғай тәртібін бекіту ұсынылды. Сонымен қатар жаңа аурухана мен емханаларды жоспарлау кезінде өңірлердегі халық саны мен медициналық қызметке деген қажеттілік ескерілмек. Бұл туралы Құрылтай отырысында Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірқатар өзгеріс қарастырылған.
Атап айтқанда, медициналық ұйымдардың сапасын бағалау және аккредиттеу тәртібін жетілдіру көзделген.
Сондай-ақ жаңа ауруханалар мен емханаларды жоспарлау кезінде өңірлердегі халық саны мен медициналық көмекке деген сұраныс ескеріледі. Осыған байланысты ұлттық оператордың міндеттері нақтыланады, - деді ол
Бұдан бөлек, мектептер мен балабақшаларда медициналық көмек көрсетудің бірыңғай тәртібін бекітуге құқықтық негіз жасалады.
Заң жобасында ағзалар мен тіндерді, сондай-ақ қан түзуші тін жасушаларын трансплантаттау мәселелерін нақтылау және мемлекеттік шекарадағы санитариялық бақылауды ұйымдастыру тәртібін реттеу де қарастырылған.