Қарау үшін жаңа редакциядағы Бюджет кодексінің жобасы және оған ілеспе заңның жобасы енгізіліп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ ҰЭМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлібек Қуантыровтың сөзінше, бюджет кодексін әзірлеуге кіріспес бұрын қолданыстағы Кодекске бағалау жүргізілді.
Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіру шарттарының бірі болып табылады. Халықаралық валюта қорының сарапшылары қолданыстағы Бюджет кодексіне «жоғары деңгей» деген баға берді. Сондықтан біз қолданыстағы Кодекспен сабақтастықты сақтай отырып, заманауи күннің талаптарын ескердік. Біз соңғы жылдардағы барлық реформалар мен үрдістерді, Президентiнiң тапсырмаларын талдап, оларды құрылымдадық, халықаралық тәжірибені қарап, халықаралық ұйымдардың, Жоғары аудиторлық палатаның, сарапшылар қоғамдастығының ұсыныстарын ескердік, - деді ол.
Бұл ретте, қолданыстағы Кодекстің фрагменттік ережелері құрылымдалып, нақтылаушы нормалар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер деңгейіне түсірілді, құжат негіздемелік және икемді болды.
Министрдің айтуынша, бюджет кодексін әзірлеу барысында бірнеше маңызды міндеттер тұрды.
Осылардың әрқайсысына тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер. Қазіргі кезде бюджетті жоспарлау ақпан-наурыз айларында басталып, 30 желтоқсанда аяқталады, 9-10 айға созылады. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жеңілдеткен түрде қалыптастырғаннан кейін 3 жылға 1 рет тұрақты базалық лимиттерді белгілеуді ескере отырып, бюджет процесі 1 маусымда басталатын болады –қазір 15 наурызда басталады. Шығыстар лимиттері 7 маусымға дейін жеткізіледі, - деді Қуантыров.
Тиісінше бюджеттік бағдармалар әкімшілерінің бюджеттік сұрау салуды ұсыну мерзімі қолданыстағы 15 мамырға дейінгі мерзімнің орнына – шығыстар лимиттері жеткізілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішіне ауысады.
Үкімет пен Парламентке республикалық бюджет туралы заң жобасын енгізу мерзімі өзгеріссіз – 15 тамыз және тиісінше 1 қыркүйек болып қалады.
Жергілікті бюджеттер бойынша да дәл солай.
Блоктық бюджеттеу бюджеттік рәсімдерді оңайлату, бюджеттің икемділігін күшейту және бюджеттік бағдарламалар әкімшілері дербестігін арттыру шеңберінде енгізіледі.
Бірінші. Бұл бюджеттік процедураларды оңтайландыру.
Жеке екі құжат – бюджеттік бағдарлама мен бюджеттік өтінімді біріктіреміз.
Енді бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджеттік сұрау деген құжатты қалыптастырады. Онда мемлекеттік орган туралы ақпарат ашылады, бюджеттік бағдарламаның паспорты, есептері жасалады және бір пакетпен уәкілетті органдарға енгізіледі.
Бюджеттік бағдарлама келісілмейді және бекітілмейді, оған бюджеттік бағдарламаның басшысы, оның ішінде электрондық форматта қол қояды.
Бұл оны құрастыру сапасына жауапкершілікті күшейтеді.
Екінші. Тұрақты сипаттағы базалық шығыстар блогын 3 жылға белгілеуін ұсынылады.
Мұнда меморгандардың ағымдағы әкімшілік шығыстары және жеке тізбе бойынша басқа да жыл сайынғы тұрақты шығыстар болады. Тізбені бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган – Қаржымині қалыптастырады.
Бұл шығыстар өзгермейтін болса, жыл сайын егжей-тегжейлі қарастырылмайды.
Базалық шығыстар бюджеттің жалпы көлемінің шамамен 50-60 пайыз құрайтынын ескере отырып, бұл бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерінің де, уәкілетті органдардың да жұмысын азайтады.
Үшінші. Блоктық бюджет бюджетті жоспарлау және орындау процестерінің ішіндегі мемлекеттік органдардың дербестігі мен икемділігін арттыруды көздейді.
Ол үшін стратегиялық мақсаттың айналысында бюджеттік бағдарламаларды ұлғайту орынды болып көрінеді.
Бір мақсатқа арналған екінші, үшінші бюджеттік бағдарламаны ашуға тыйым салатын тікелей норма енгізіледі.
Бұл жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін бюджет қаражатын басқаруда икемділік пен дербестік береді. Бюджеттік бағдарламалар арасында қаражатты қайта бөлу көлемін түзету жолымен 10 пайыздан 15 пайызға дейін ұлғайтуды ескере отырып, бюджет процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Бюджеттік қаражатын толық пайдалануға қатысты.
Биылғы жылы орындалмайтын бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ұсыныстары бойынша 1 желтоқсанға дейін шығыстар пулын айқындауды ұсынылады.
Осы тізбе бойынша шығыстар бюджетті түзетусіз жаңа қаржы жылы басталғаннан кейін бірден жыл басындағы қалдықтар есебінен жүргізілу ұсынылады.
Жергілікті деңгейде де осыған ұқсас тетікті қолдану ұсынылады.
Мәселелердің екінші маңызды блогы бюджет саясатының негіздеріне қатысты.
1. Жаңа Бюджет кодексінде «Мемлекеттік қаржыны басқару» атты жаңа бөлім пайда болды. Бюджет саясатына, мемлекеттік қаржыға, мемлекеттік қаржының тұрақтылығына анықтама берілді, уәкілетті орган айқындалды.
Бұл бөлім мемлекеттік қаржының жағдайын талдау және салық-бюджет саясатын айқындау үшін негіз жасайды.
Мемлекет қаржысын басқару құралдары көзделген, бұл ең алдымен бюджеттік қағидалар және олардың сақталуы.
Қарыз алу бойынша барлық борыштық міндеттемелерді – мемлекеттік борышты, мемлекет кепілдік берген борышты, экспортты қолдау бойынша кепілдіктерді, мемлекеттік жеке әріптестік бойынша міндеттемелерді, кепілгерліктерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышын шоғырландыру қамтамасыз етілді. Бұл оларды есепке алу және басқару үшін жасалады.
2. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өздеріне бюджеттен бөлінген қаражатты басқарудағы қызметінің ашықтығы мен есептілігі үшін олардың бюджеттік процеске қатысуы жөніндегі нормалар блогы енгізіледі. Жоспарлау кезеңінде де, орындау және есеп беру кезеңінде де.
Олардың борышы шоғырландырылды, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борыш бойынша ұғым, құрылымы, шектеулері, мониторинг және бақылауы анықталды.
3. Жалпы, жаңа Бюджет кодексінде бюджеттік процеске қатысушылардың ашықтығы мен есептілігі күшейтілді.
Есептіліктің негізгі критерийі жүргізілетін жұмыстың сапасы мен қызмет нәтижелері үшін жауапкершілік болып табылады.
Бюджеттік процеске қатысушылардың есептілігі бюджет жобасын және оның орындалуы туралы есепті қорғау кезінде өкілді органдарда лауазымды адамдарды тыңдау; құжаттарды жариялау және талқылау; мемлекеттік аудит жүргізу; лауазымды адамдардың жауапкершілігін белгілеу арқылы жүзеге асырылады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін өз қарыздары туралы ақпаратты жариялау міндеті көзделген және қарыз қаражатын пайдаланғаны үшін жауапкершілік күшейтілген.
4. Мемлекеттік қаржыны басқару бөліміне Ұлттық қор және бюджеттен тыс қорлар бойынша бөлімдер енгізілген.
Ұлттық қордан тек сыни инфрақұрылымға берілетін нысаналы трансфертті пайдалануға шектеу енгізілді, тиісті критерийлер енгізілді.
Аса маңызды объектілерге жұмыс орындары мен қосымша салықтар беретін зауыт сияқты құрылыс немесе тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылым жатады.
Жалпыелдік жобаларға – бір мезгілде бірнеше облыстың аумағында бірдей объектілер салынатын «Жайлы мектептер» жобасы сияқтылар жатады.
«Ұлттық қор балаларға» жобасы бойынша ережелер жеке баппен енгізілген. Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес – бұл балаларға 18 жасқа толғанға дейін жыл сайын есептелетін нысаналы талаптар болады.
Ұлттық қордан алып қоюлар көлемі нысаналы талаптар көлеміне шектелген.
Келесі сұрақтар блогы бюджетаралық қатынастар.
Жергілікті бюджеттердің шығыстарын жоспарлау сапасын арттыру бойынша мыналар ұсынылады:
1. Әкімнің қызметі анықтайтын бір құжат – өңірді дамыту жоспарын анықтау белгілеу ұсынылады. Осы құжат негізінде бюджет қаражаты бөлінуі қажет.
Оның құрамында бюджетті жоспарлау және өңірді дамыту үшін іргетас болатын инвестициялық жоспар әзірленетін болады.
Мұндағы басты мәселе, ол барлық мемлекеттік органдарда бар негізінде елді мекендер бөлінісінде проблемалық және басым аймақтарды көрсететін болады.
Енді, қаражатты бөлу кезінде, оны қайда және неге бағыттау керек екені көрініп тұратын құжат болады. Бұл индикаторларға байланыстырылған іс-шараларға дейін жазылады.
2. 2026 жылдан бастап базалық инфрақұрылым нормативтері негізінде даму жоспарын қалыптастыру ұсынылады.
3. Нысаналы даму трансферттері тек аса маңызды инфрақұрылымды және жалпы елдік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталатын болады.
4. Жалпы сипаттағы трансферттерді жоспарлау тәртібі нақтыланады.
Бұрын нысаналы трансферттермен қаржыландырылған шығыстардың нысаналы мақсатын жоғалтпау үшін біз жалпы сипаттағы трансферттер құрамында нысаналы субвенцияларды бөлеміз. Оларды салалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісі Қаржы министірлігімен бірлесіп толығымен жоспарлайтын болады.
5. Ұсынылып отырған тағы бір шара – бұл жергілікті атқарушы органның республикалық қаражатты, оның ішінде жалпы сипаттағы трансферттер түрінде бөлінетін қаражатты пайдалануына мониторингті күшейту, оның ішінде тексеру комиссияларын күшейту.
Жаңа Бюджет кодексінде барлық бюджет процесіне жалпы талаптар пайда болды.
1. Осылайша нәтижеге бағдарланған бюджеттің қағидаттарын күшейтуге бағытталған «Қазақстан Республикасының бюджеттеу негіздері» атты жаңа бөлім пайда болды. Нәтижеге бағдарланған бюджет бюджеттің әрбір теңгесі нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталуы тиіс дегенді білдіреді.
Осылайша, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары – атап айтқанда, мемлекеттік органдардың/өңірлердің/ квазимемлекеттік сектордың даму жоспарлары бюджеттеу үшін негіз болып табылады деген тұжырымды белгіледік.
2. Бюджеттік ақпараттың ашықтығы және халық алдында есеп беру нәтижеге бағдарланған бюджетке көшудің тағы бір шарты болып табылады.
Біз есептілік пен транспаренттілікті бюджет құжаттамасын жариялау арқылы іске асырамыз.
3. Жауапкершілік бойынша біз лауазымды адамдар мен бюджет процесіне қатысушылардың жауапкершілік аймағының аражігін ажыраттық.
Мұның бәрін біз жеке баптармен шығардық.
Енді жариялануға жататын барлық құжаттардың тізбесін және бюджет заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершіліктің барлық түрлерін тиісті баптардан көруге болады.
4. «Нәтижелерді басқару» – тағы да бір жаңа тарау.
Бұл – бюджет процесінде және басқарушылық шешімдерді қабылдауда қолдануға арналған құралдар жиынтығы. Бұған шығыстарға шолу жүргізу, мониторинг жүргізу, нәтижелерді бағалау бойынша анықтамалар, талаптар, құжаттардың түрлері және жауапкершілік, сондай-ақ бюджеттеу тұрғысынан мемлекеттік аудиттің рөлі кіреді.
Ілеспе заң жобасына қатысты қысқаша атап өтейін. Бюджет кодексінің жаңа редакциясына сәйкес келтіру үшін түзетулер енгізілді. Барлығы 26 заң өзгертуге жатады.
Түзетулердің жеке блогы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін біріздендіруге қатысты. Концессия да мемлекеттік жеке әріптестіктің бір түрі болғандықтан, концессиялық жобаларды жоспарлау және іске асыру «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңмен реттелетін болады, ал «Концессиялар туралы» Заңның күші жойылатын болады.
Жалпы жаңа Бюджет кодексін іске асыру үшін 205-ден астам нормативтік құқықтық актілер қабылданатын болады. Құжат нормаларын іс жүзінде тиімді қолдану үшін нәтижелерді бағалауды жүргізетін уәкілетті органдардың жұмысын қайта құру қажет.
Ең төмен стандарттардың нормативтік негізін әзірлеу міндеті тұр.