Жаңа білім мен дағдыны игеру заман талабына сәйкес келуге көмектеседі – мұғалім

22 Қазан 2024, 09:29
669
Бөлісу:
Жаңа білім мен дағдыны игеру заман талабына сәйкес келуге көмектеседі – мұғалім
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Ұстаздық – жауапкершілік пен адалдықты талап ететін ең қиын жол. Олар шәкірттеріне білім мен тәрбие беріп, қоғамның болашағын қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Сондай жауапкершілікті арқалап жүрген ұстаздарымыздың бірі – Айгүл Оспанова, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кейіпкеріміз Айгүл Оспанова - Астана қаласы Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі. Оның білім саласында еңбек етіп жүргеніне 21 жыл болған.

- Мұғалім мамандығына қалай келдіңіз? Кімнен үлгі алдыңыз? Қай пәннен сабақ бересіз?

- Мен анамнан үлгі алып, оған еліктеп, мұғалім мамандығын таңдадым. Біз мұғалімдер әулетіміз. Себебі менің атам қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып, №33 мектепте 30 жыл еңбек еткен. Атамның жолын анам жалғап, Гүлзира Ерназарқызы бастауыш сынып мұғалімі болып осы мектепте 25 жыл қызмет атқарды. Қазір еңбек демалысында.

- Бір әулеттің азаматтары мұғалім мамандығына қалай келген?

- Иә, үлкендерімізден үлгі алып, ұстаздық жолды таңдадық. Үйдің үлкені мен. Информатика және математика пәні мұғалімі мамандығын таңдап, университетке оқуға түстім. Оқуды жақсы аяқтап, жұмысқа тұрдым. Менен кейінгі екі сіңілім де мұғалім мамандығын таңдады. Адина Оспанова елордадағы мен істеп жатқан Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінде информатика пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. Сіңілімнің осы қызметте жүргеніне 15 жылдай болды.

- Астана мектептері несімен ерекше? Басқа өңірмен салыстырғанда айырмашылық бар ма?

- Мен өзім Теміртаудан көшіп келгенмін. Теміртау мектептерімен салыстырғанда бас қала мектептерінде ерекшеліктер бар. Әрине, бұл Астана, еліміздің бас қаласы болғандықтан мектептердің құрылысы да әдемі салынған.

Жаңа білім мен дағдыны игеру заман талабына сәйкес келуге көмектеседі – мұғалім

- Мұғалімнің бір жұмыс күні қандай болады?

- Мұғалімнің бір жұмыс күні өте тығыз және жоспарларға толы болады. Әдетте мұғалімдердің күні ерте басталып, әртүрлі тапсырмаларды орындауды талап етеді. Мысалы, сабақ жоспарларын қайта қарап шығу, оқу материалдарын дайындау. Ал негізінен мұғалімнің басты міндеті – сабақ өткізу. Бұл өте жауапты жұмыс.

- Сіз үшін мұғалім болу нені білдіреді? Жақсы мұғалім болуға қандай факторлар не ерекшеліктер көмектеседі?

Жақсы мұғалім өз пәнін терең біледі және оған деген қызығушылығын, құштарлығын оқушыларына жеткізе алады. Бұл оларға білімді түсінікті, қызықты етіп беруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқушылармен және әріптестермен тиімді қарым-қатынас жасай білу маңызды. Мұғалім үнемі жаңа білім мен дағдыларды игеріп, кәсіби тұрғыдан дамып отыруы қажет. Бұл заманауи білім беру талаптарына сәйкес келуге көмектеседі.

Жақсы мұғалім оқушыларды оқуға ынталандырып, олардың мақсаттарын қолдауға көмектеседі.

Жаңа білім мен дағдыны игеру заман талабына сәйкес келуге көмектеседі – мұғалім

-Мұғалімнің ата-ана мен оқушы алдындағы мәртебесі туралы не айта аласыз?

Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінде үштік одақ, яғни мұғалім-ата-ана-оқушы бірлесе жақсы жұмыс істейді. Сол себепті мектебімізде мұғалімнің ата-ана мен оқушы алдындағы мәртебесі жақсы деп айта аламын. Себебі мұнда ата-ана-оқушы-мұғалім бірге жұмыс істейді.

- Мұғалім мамандығындағы ең қиыны не деп ойлайсыз?

Мұғалім мамандығы өте жауапты және қиындығы мол кәсіп. Оқушылардың білім алуы мен тәрбиесіне жауап беру, олардың қажеттіліктерін ескеру және өзін үнемі дамыту сияқты міндеттерді атқару эмоционалды және кәсіби тұрғыдан үлкен күш талап етеді. Дегенмен осы қиындықтармен қатар мұғалім өз еңбегінің нәтижесін көргенде қуанатыны сөзсіз.

Жаңа білім мен дағдыны игеру заман талабына сәйкес келуге көмектеседі – мұғалім

- Қазіргі жеткіншектерді әдебиетке, тарихқа, жалпы кітап оқуға қалай қызықтыруға болады?

Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінде 8 минуттық кітап оқу жобасы енгізілген. Осы жоба аясында бізде оқушыларды оқуға қызықтыру, әдебиетке, тарихқа қызықтыру дұрыс жолға қойылған. Сондықтан оқушыларымыз кітапты сүйіп оқиды деп айта аламын.

- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы