Жаңа бастаған инвесторлардың қаржылық сауаттылығын арттырудағы KASE рөлі

20 Желтоқсан 2022, 13:22
3668
Бөлісу:
Жаңа бастаған инвесторлардың қаржылық сауаттылығын арттырудағы KASE рөлі

Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың жиынтық көлемі 2022 жылдың 11 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59 %-ға өсіп, 235,5 трлн теңгеге жетті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Оның ішінде бағалы қағаздар нарығындағы мәмілелер көлемі 38 %-ға ұлғайып, 7,6 трлн теңге болды. KASE эмитенттерімен және инвесторларымен жұмыс департаментінің директоры Зарина Әбітаева BAQ.kz сайтына берген сұхбатында инвесторлықты жаңа бастағандардың қаржылық сауатын арттыру мүмкіндіктері және KASE алаңында инвестициялау құралдары туралы айтып берді. 

- Әңгімені KASE-ден бастайықшы, ол қор нарығында қандай рөл атқарады?

- KASE инфрақұрылымдық қатысушының маңызды рөлін атқарады, соның арқасында бағалы қағаздармен сауда-саттық жасау үшін жағдай жасалған. Мысалы, тиісті сауда-саттық жүйесі бар, саудаланатын құралдардың тізімін қалыптастырады, сауда-саттыққа қатысушылардың тізбесін анықтайды және мәмілелер жасау ережелерін белгілейді.

- Бір сөзбен айтқанда бәрін KASE шешеді деңізші...

- Солай деуге де болады. Биржа – бағалы қағаздармен және қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдастырудың әмбебап алаңы. Осылайша, бастапқы нарықта мемлекет пен бағалы қағаздарды шығаратын және сататын компаниялар экономика мен бизнесті дамытуға ақша тартады. Ал инвесторлар – жеке және заңды тұлғалар – басқа инвесторлармен сауда-саттық жасау арқылы өз салымдарын одан әрі арттыру үшін акциялар мен облигацияларды сатып алады.

Биржада өзара байланысты 4 нарық бар: қор, валюта, ақша және туынды қаржы құралдарының нарығы. Бұл өзара байланыс KASE-дегі инвесторларға бағалы қағаздарды сатып алуға және сатуға, бағалы қағаздар кепілімен қарыз алуға, валютаны айырбастауға, сондай-ақ фьючерстерді сатып алу арқылы мерзімді нарықтағы тәуекелдерді сақтандыруға мүмкіндік береді. 

- Сонда KASE-де нені инвестициялауға болады?

- KASE-де саудалауға болатын 1 440-тан астам қаржы құралы бар. Олар – акциялар, корпоративтік облигациялар, мемлекеттік бағалы қағаздар, депозитарлық қолхаттар, пай қорлары, ETF, фьючерстер, репо және шетел валюталары т.б. 

- Бұл саудаға жеке адамдар қатыса ала ма?

- Әрине, қатысады. Тіпті соңғы үш жылда жеке тұлғалардың ұжымдық инвестициялар мен акциялар нарығына қатысуы қор нарығы айналымының шамамен 50%-на жеткенін атап өтуге болады. Ал бұл өте жоғары көрсеткіш.

- Қазақстан биржасында шетелдік бағалы қағаздар сатыла ма?

- 2021 жылдан бастап Биржада KASE Global шетелдік бағалы қағаздар секторы жұмыс істейді. Онда әлемге танымал 52 компанияның – Apple, Tesla, Airbus, Microsoft және басқалардың бағалы қағаздарын сатып алуға болады.

- Биржадағы ең өтімді құралды айтып бере аласыз ба?

- Ең өтімді, яғни инвесторлар арасында сұранысы жоғары, неғұрлым танымал – өтімділіктің бірінші класындағы бағалы қағаздар тізімі жасалады. Алғашқы отыздыққа енетін қаржы құралының 8-і – KASE индексіне кіретін ең көп сұранысқа ие акциялар: "Банк ЦентрКредит" АҚ, "Қазақстан Халық банкі" АҚ, Kcell, KEGOC, "Қазатомөнеркәсіп" АҚ, "Қазақтелеком" АҚ, "ҚазТрансОйл" АҚ және Kaspi.kz. 

МБҚ-дан эмитенттері Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Ұлттық Банк және әкімдіктер болатын облигациялар KASE-де саудаланады. KASE алаңында Оман Сұлтандығы, Түркия және Австрия республикалары, Сауд Арабиясы, Катар және АҚШ МБҚ бар.

Бұдан басқа, KASE-де "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ, "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ, "QazaqGaz "ҰК" АҚ, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ, "Жайықмұнай" ЖШС, "Азық-түлік келісімшарттық корпорациясы" ҰК" АҚ, "5A OIL (5А ОИЛ)" ЖШС және ЕАДБ еурооблигациялары саудаланады. 

- Соңғы жылдары елдегі қор нарығына деген қызығушылық күрт өсті және Қазақстанның көптеген азаматы инвестор болғысы келеді. Олар ең әуелі неден бастауы керек?

- Әуелі алғаш рет бағалы қағаздарға инвестиция салғысы келетін қазақстандықтар мұндай қадамға қаншалықты дайын екендігін түсінуі керек. Бағалы қағаздар үшін қанша ақша сала алатынын есептеуден бөлек, күтуге, алдына мақсат қойған соң сабырмен шыдауға үйренгені абзал. 

Одан бөлек бағалы қағаздармен сауда жасау үшін KASE сайтында лицензияланған брокерлік компанияны таңдау қажет. Лицензияны тексеру жалған брокерлер мен алаяқтарға жол бермеу үшін маңызды. Брокер шот ашады, оны толтыру үшін реквизиттер береді және онлайн сауда-саттық платформасында бағалы қағаздарды сатып алуға немесе сатуға өтінім беруді түсінуге көмектеседі. 

- Инвесторлықты жаңадан бастағандардың қаржылық сауатын арттыру үшін KASE де көмектесетін шығар?

- Ол жағы қарастырылған. Мысалы KASE тұрақты негізде қашықтықтан тегін оқу вебинарлар өткізіп, оны Биржаның YouTube арнасына жүктеп отырады. 

"Биржалық симулятор" білім беру жобасын қор нарығында жұмыс істеудің практикалық дағдыларын алғысы келетін ЖОО студенттері мен бөлшек инвесторлар үшін KASE жүргізеді. Сондай-ақ, биржалық сауданы танымал ету және инвесторлық базаны кеңейту үшін KASE жыл сайын "Бөлшек инвесторлар конкурсын" өткізеді, соның аясында жеке тұлғалар нақты сауда-саттық тәртібінде KASE Индексі мен KASE Global секторына кіретін акциялармен кемінде екі сатып алу-сату мәмілесін жасай алады.

Биыл Биржа бағалы қағаздар нарығының құралдарын талдау және инвестициялық портфельді құру ережелері тақырыбында "KASE-дегі менің портфелім" оқыту бағдарламасын іске асырды. Бөлшек инвесторлармен жұмыс істеуге арналған коммуникациялар терезесі ретінде Биржа биржалық ақпаратқа қол жеткізуді және "Биржалық симулятор" оқу сауда-саттығынан өтуді жеңілдету үшін KASE Mobile мобильді қосымшасын іске қосты.

- Жақында "ҚазМұнайГаз" IPO өтті. Ол қалай өтті? KASE алаңында қандай қаржыландыру көлемі тартылды?

- Әлеуетті бөлшек инвесторларды барынша қамту үшін KASE "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ IPO аясында бірқатар іс-шара өткізді. Сауда-саттық жүйелері дайындалып, сыналды, ақпараттық және оқыту материалдары әзірленді. Тақырыптық ipo.kase.kz сайты құрылды, Business FM-де "KASE-мен IPO-ға қатысыңыз" бағдарламасының 5 подкасты шықты, "IPO дегеніміз не?" және "IPO-ға қалай қатысуға болады?" бейнесабақтары түсірілді. Алматы және Астана жоғары оқу орындарында "KASE FEST" қазақстандық брокерлердің 4 жәрмеңкесі және "Pro IPO: нені білу керек және қалай қатысу керек" вебинары өткізілді.

ҚМГ жай акцияларына жазылуға қатысуға өтінімдерді қабылдау осы жылдың 9 қарашасынан 2 желтоқсанына дейін жалғасты. ҚМГ жай акцияларын жария бастапқы орналастыру қорытындысы бойынша оларға жазылу арқылы KASE сауда-саттық жүйесінде 137,5 млрд теңге тартылды, бұл осы IPO шеңберінде инвесторлардың қанағаттандырылған өтінімдерінің жалпы көлемінің 89 % құрайды. Бұл IPO Қазақстан тарихындағы ең ірі IPO болды.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы