Жамбылдық полицейлер көлік құралын басқару құқығы жоқ мас жүргізушіні ұстады

21 Қараша 2022, 21:35
874
Бөлісу:
Жамбылдық полицейлер көлік құралын басқару құқығы жоқ мас жүргізушіні ұстады

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық іс-шараларды өткізу кезінде полиция қызметкерлері автокөлікті масаң күйде басқару дерегін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осылайша, Тараз қаласында жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін полицейлер "ВАЗ-21099" маркалы автокөлікті тоқтатуға тырысты. Жүргізуші шағын аудандағы үйлердің біріне тоқтап, көліктен шығып, қашып кетпек болған.

Патрульдік полиция батальонының инспекторлары 46 жастағы құқық бұзушыны ұстады. 

Жүргізушінің 2017 жылы сот шешімімен  5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Сонымен қатар, медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, ер адам рульде орташа дәрежелі мас күйінде болған.

Осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің  346-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Автокөлік айып тұрағына қойылды.

Жамбыл облысының Полиция департаменті мас жүргізуші туралы "102" тетігіне қоңырау шалу немесе Instagram-ғы "zhambyl_police" ресми парақшасына жазу арқылы хабарлауға болатынын ескертеді. Барлық келіп түскен хабарламалар бойынша полиция қызметкерлері қажетті ден қою шараларын қабылдайды.

Өзгелердің жаңалығы