Жамбылдық полицей бес адамды уланудан құтқарып қалды

13 Наурыз 2023, 11:37
715
Бөлісу:
Жамбылдық полицей бес адамды уланудан құтқарып қалды
Фото: inform.kz

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, Жамбыл облысының Полиция департаментінің қызметкерлері көміртегі тотығымен улана жаздаған бес адамнан тұратын отбасын құтқарып қалған.

Оқиға 6 наурызда кешқұрым уақытта болған. Тараз қаласының Кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Әлішер Ермековтың айтуынша, ол мектеп директорының тәрбие  жөніндегі орынбасарымен бірге оқушының сабаққа келмеу себебін білу үшін оның үйіне барған. Директордың орынбасары полиция қызметкеріне сол күні 8 жасар бала мектепке келмегенін, ал оның ата-анасы қоңырауларға жауап бермеген жеткізген, - деп атап өтті ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек. 

Мекенжайға келген полиция қызметкері қақпаны қаға бастайды, бірақ оны ешкім ашпайды.

Көршілерден сұрағаннан кейін, отбасы кешеден бері көрінбегені белгілі болады. Полиция қызметкері көршісінің рұқсатымен оның қоршауы арқылы оқушы тұрған үйдің аумағына көтеріледі. Терезенің жанымен үйге келе жатып, ол еденде ес-түссіз жатқан баланы көріп, терезені сындырып, бөлмеге кіреді. Үйде өткір иіс болғандықтан, полиция қызметкері газды жауып, барлық терезелерді ашқан. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор барлық бөлмелерді аралап шыққаннан кейін, отбасының отағасын, оның әйелін, олардың 12 және 10 жастағы қыздарын, сондай-ақ 8 жасар ұлын көшеге алып шығады, - деді ведомство өкілі. 

Зардап шеккендерге дереу дәрігерге дейінгі көмек көрсетілген. Одан соң жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Отбасы мүшелері дереу ауруханаға жатқызылған. 

Өзгелердің жаңалығы