Жамбылдық креаторлар Астанада 8,6 млн теңгенің өнімін сатты

Жәрмеңкенің алғашқы күніне 3,5 мың адам келіп, жамбылдық креаторлар жалпы құны 8,6 млн теңгенің өнімін сатты.

 Мәдениет және ақпарат министрлігі 6 Қыркүйек 2026, 01:18
6 Қыркүйек 2026, 01:18
99
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астана қаласында Жамбыл облысының креативті индустрия өкілдерінің қатысуымен «Асқақ рухты Әулиеата» жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Іс-шара республикалық Creative Aimaq жобасы аясында ұйымдастырылып, онда Жамбыл өңірінің қолөнершілері, шығармашылық мамандары мен креативті индустрия саласындағы жобалары таныстырылды.

Жәрмеңкеде ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, зергерлік әшекейлер, ағаш, былғары және киізден жасалған өнімдер, ұлттық киімдер мен кәдесыйлар көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар өңірдің авторлық брендтері, кітаптары, суретшілердің туындылары және заманауи IT-жобалар таныстырылды.

Креативті индустрия мен заманауи технологияларды ұштастырған бірқатар жоба да жәрмеңкеден орын алды. Олардың қатарында жасанды интеллект, цифрлық білім беру және тарихи-мәдени мұраны интерактивті форматта таныстыру бағытындағы жобалар бар.

Жәрмеңкенің алғашқы күніне 3,5 мың адам келіп, жамбылдық креаторлар жалпы құны 8,6 млн теңгенің өнімін сатты.

Айта кетейік, «Асқақ рухты Әулиеата» креативті жәрмеңкесі 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Іс-шара елорда тұрғындары мен қонақтарына Жамбыл облысының шығармашылық әлеуеті мен ұлттық өнерін кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.

Наверх