Жамбылдық көмекке мұқтаж отбасы балаларын мектепке дайындауға 1,5 млрд теңге бөлінді

13 Тамыз 2022, 09:08
1339
Бөлісу:
Жамбылдық көмекке мұқтаж отбасы балаларын мектепке дайындауға 1,5 млрд теңге бөлінді

Былтыр Жамбыл облысында жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен тұрмыстары төмен отбасында туған 46 701 оқушыға әлеуметтік көмек көрсетілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өңірдегі білім басқармасы басшысының мәліметіне қарағанда, тұрмысы төмен шаңырақтардың балаларын мектепке әзірлеуге жергілікті бюджеттен 4 млрд 845 млн теңге бөлінген болатын. Бұл көрсеткіш мектептерді ағымдағы ұстауға бөлінген шығындардың 5,4 %-ын құрады. Мұны тарқатып айтатын болсақ, оқушыларды тамақтандыруға 2,9 млрд теңге қаралса, мектеп формасымен қамтуға 1,5 млрд теңге шамасында жұмсалған. Ал жазғы сауықтыру лагерьлеріне 391,6 млн теңге бөлінген.

Негізі, жалпыға бірдей міндетті орта білім қорына құйылған қаражат Үкіметтің 2008 жылғы 25 қаңтардағы қаулысында көрсетілген 5 санатқа жататын балаларға бағытталады. Олар – атаулы әлеуметтік жәрдемге мұқтаж отбасыларда туған оқушылар; атаулы әлеуметтік жәрдем тағайындалмаған, бірақ жан басына есептегенде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын шаңырақтардың балалары; жетім немесе ата-ана қамқорлығын көрмейтін, өзге отбасында тұратын балалар; төтенше жағдайдың кесірінен тез арада көмек қажет ететін отбасында туған балалар; мектептердің алқалы басқару орталығы белгілеген балалар», - деп түсіндірді спикер.

Ол өткен жылдан бері жекелеген санаттағы отбасы балаларын киім-кешекпен қамтуға әр бала үшін 32 500 теңгеден бөлінетінін еске салды. Өйткені, алдыңғы жылдары сатып алынған киімдердің сапасына ата-аналардың көңілі толмай, көптеген наразылықтар туындаған. Осылайша, ата-аналардың басым бөлігі қаржының қолма-қол берілуін талап еткен еді. Сол себептен, өткен жылы қоғамдық пікірлер ескеріліп, жалпыға бірдей міндетті білім қорының есебінен оқушыны мектепке дайындауға бөлінген қаржыны ақшалай ата-аналардың есепшоттарына аудару туралы шешім қабылданды.

Ағымдағы жылы жекелеген санаттағы оқушыларды мектептің керек-жарағымен қаржылай қамтуға жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен 1,5 млрд теңге қаралды. Аталған мақсатқа бағытталған бұл қаражат 11 тамыздан бастап ата-аналардың немесе оқушылардың заңды өкілдерінің жеке есепшоттарына аударылып жатыр. Осы орайда, қазіргі таңда Үкіметтің жоғарыда аталған қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқанын айта кетуге тиіспін. Бұл құжат күшіне енгеннен кейін, қолданыстағы заң аясында жұмыстар жүргізетін боламыз, - деді Бейқұт Тілебалдыұлы.

Оның сөзінен белгілі болғаны, жекелеген санаттағы балаларды мектепке әзірлеуге арналған қаражат 17 тамызға дейін тиісті есепшоттарға толықтай аударылып бітуі тиіс. Сондай-ақ, дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясының аясында киім-кешек пен сабаққа қажетті құрал-жабдықтар алуға кәсіпкерлерді барынша тарту шаралары жалғасу үстінде. Демек, қазіргі кезде - 1-30 тамыз аралығында «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» ұранын ту еткен «Мектепке жол» қайырымдылық науқаны өтіп жатыр.

Бұл науқан тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларда туған, жетім және ата-ана қамқорлығынан тыс қалған оқушылардың жаңа оқу жылына әзірлік кезінде әлеуметтік себептерді сылтау қылып мектепке бармай қалуының алдын алу үшін әлеуметтік жәрдем көрсетуді мақсат етеді. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында жекелеген санаттағы отбасылардан шыққан 47 598 бала бар. Былтыр «Мектепке жол» акциясы кезінде аймақтың қазынасынан 43 654 оқушыға 1 млрд 418 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы әр балаға 32 500 теңгеден айналып, киім-кешек алды. Сонымен бірге демеушілер есебінен 1 518 оқушыға 28 млн 710 мың теңге жиналып, әлеуметтік жәрдем жасалды, - деп атап өтті басқарма басшысы.

Ол биыл да «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу жөнінде өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілгенін айтты. Оған сәйкес акцияны өткізетін облыстық, аудандық, қалалық ұйымдастыру комитеттері құрылған. Бүгінде науқан аясында жергілікті бюджет есебінен 6 496 балаға 211 млн 120 мың теңге ата-аналардың жеке шоттарына аударылып үлгерді. Кәсіпкерлердің қамқорлығының арқасында да 389 балаға 9 млн 498 мың теңге жиналып, тиісті жәрдем берілді.

Түрлі түсініспеушіліктерге қатысты азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру мақсатында басқарма мен білім бөлімдерінде сенім телефондары, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, білім басқармасы жанынан Call орталық құрылды. Білім басқармасында 1 тамыздан 30 тамызға дейін азаматтардың өтініштеріне жауап беретін байланыс телефондары қызмет етеді: 43-88-39, 43-88-20. Оған түскен арыз-шағымдар бойынша жедел шаралар қабылданады. Осындай байланыс телефондары барлық білім бөлімдерінде бар», - деді Бейқұт Жамангөзов.

Оның айтуынша, акцияға қатысуға ниеті бар барша атымтай жомарт азамат білім бөлімдерімен байланысып, көмекке мұқтаж балалардың тізімін ала алады.

Өзгелердің жаңалығы