Жамбылдық дәрігер жатыр мойны ісігінің қауіптілігі туралы айтты

25 Қаңтар 2022, 08:44
2900
Бөлісу:
Жамбылдық дәрігер жатыр мойны ісігінің қауіптілігі туралы айтты

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жатыр мойны қатерлі ісігі әйелдерде ең кең тараған дерттің қатарына жатады. Ол барлық ісіктердің 5 %-дан астамын құрайды және бесінші орында екен. 

Бұл туралы Жамбыл облыстық көп бейінді онкология және хирургия  орталығы директоры міндетін атқарушы Дабыл Шымыров айтты.

Оның сөзінше, жатыр мойны обыры, әсіресе 40-60 жастағы әйелдерде жиі кездеседі. Алайда, соңғы жылдары бұл аурудың да жасару белгілері аңғарылады. Бүгінде қауіпті дертті 20-30 жас аралығындағы әйелдерден де кездестіруге болады. 

Жамбыл облысының статистикалық деректеріне жүгінетін болсақ, 2020 жылы жатыр мойны обыры диагнозымен 545 әйел тіркелген. Мұның ішінде алғаш рет 65 әйелден анықталды. Сол уақытта аталған аурудан 22 әйел көз жұмыпты. Былтыр да бұл дерт алғаш рет 74 әйелден белгілі болды, жалпы көрсеткіштен 46 бұрымды қаза тапты,  - деді Дабыл Омарұлы.

Ол жатыр мойны обырының симптомдары әртүрлі екенін де мәлімдеді. Әрбір әйел аталған аурудың алғашқы белгілерін білуі керек. Обыр әдетте су тәрізді шығындылардың пайда болуымен көрінеді, ет көлбеуінің түсіне ие, ерекше исі де бар. Мұндай шығындылар ісік үлкейіп, өсіп, біртіндеп ыдырайтын кезде аңғарылады. Менструальды емес қан кету, жыныстық қатынас кезінде ауырсыну сынды белгілері де бар. 

Жатыр мойны қатерлі ісігін анықтау үшін мемлекеттік скринингтік бағдарламасының енгізілуі өте орынды деп білемін. Бұл жоба еліміздегі әйелдер денсаулығын қорғауға үлкен үлес қосты. Скринингтің басты мақсаты - жатыр мойнындағы белгілі бір кезеңдерде өтетін обырдың бастапқы түрлерінен инвазивті түрінің дамуына дейінгі кезеңді, яғни өзгерістерді анықтау. Ал қатерлі ісіктің алдыңғы сатысы мен оны уақытылы анықтау әйелдерге осы дерттен толықтай сауығып шығуға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді спикер.

Жамбыл облысында жатыр мойны қатерлі ісігінің скринингі 2009 жылдан бастап жүргізіліп келеді екен. Сала маманының дерегінше, әйелдердің 30-70 жас аралығындағы нысаналы топтары әр 4 жыл сайын медициналық тексеруден өтеді. Ол кезде жатыр мойнынан шыққан жағынды цитологиялық тұрғыдан зерттеледі. Демек, қала мен аудандардың кез-келген емханасында болатын әйелдерді қарау бөлмесінде алдымен жағынды алынады.

Өткен жылы жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін тексеруге аймақтағы 49 774 әйел келген болатын. бұл нысаналы топтың толық қамтылғанын көрсетеді. Нәтижесінде, 18 науқас анықталды, мұның ішінде 16-сы бірінші сатыда болса, 2-еуі екінші сатысында екен. Бұларды емдеу нәтижесі жоғары болады деген сенімдемін. Алдыңғы жылы скринингтік тексеріс кезінде 13 азаматтан аурудың белгілері анықталған, - деді Шымыров.

Өзгелердің жаңалығы