Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында 44 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде 23 618 студент білім алады.
Білім ошақтарының 20-сы мемлекеттік болса, 24-і жекеменшік. 11 784 жас мемлекеттік білім тапсырысы аясында оқып жатыр. Бұл жалпы студенттердің 50 %-ын құрайды.
Мұндай мәліметтерді аймақтағы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Талған Жамалов атап өтті. Оның айтуынша, «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасы аясында жастарды заман талабына сай мамандықтарға баулу ісіне айрықша назар аударылып жатыр. Мәселен, осы оқу жылына 5 734 тегін грант бөлінген. Оның 3 300-і жергілікті қазынадан, қалғаны республикалық бюджеттен қамтамасыз етілмек.
Колледждердің материалдық базасын жетілдіріп, сапалы білім беруге қол жеткізу шаралары да әркез күн тәртібінен түскен емес. Осы мақсатта «Жас маман» жобасын қолға алдық, бұған өңірдегі 11 колледж еніп, оқу орындарына 3,7 млрд теңгеге замануи құрылғылар сатып алынды. Ол 11 колледждің 7-еуі аудандарда орын тепкен. Бүгінде жобаға құжаттарын өткізген 8 арнаулы білім ошағы ақылы негізде қызмет көрсетуді бастап кетті. Бұл білім ошақтарының білімгерлері кондитерлік өнімдер мен аспаздық жартылай фабрикаттар шығарады, көрпе-төсек бұйымдарын тігеді, автокөлік жөндейді, көтергіш кран, эксковатор қызметтерін атқарады, егіс алқаптары өнімдерін өндіреді. Қазіргі кезде осында шаруалардың арқасында 2 «Студент өнімі» дүкендері мен 2 ақылы негізде қызмет көрсететін орталық тұрғындарға қызмет көрсетіп жатыр, - деді спикер.
Оның мәліметіне қарағанда табыс табуға бағытталған жоғарыдағы 8 мекеме орта есеппен 41 млн теңгедей пайда көреді деп күтілуде.
Талғат Салханұлы облыстағы 10 аудан мен Тараз қаласы әкімдіктерінің қасынан салалық кәсіпорындардың кеңестері ірге қалап, олардың ұсыныс-пікірлері бойынша стратегиялық даму жоспары бекітілгенін де жеткізді. Ауылдардағы колледждердің жетекші білім ошақтары тағайындалғаны тағы бар.
Ел Президенті қазақстандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу кезінде бізге де бірнеше тапсырма жүктеді. Соның аясында аймақтағы арнаулы білім мекемелерін ірі жұмыс берушілерге шефтік қамқорлыққа ұсыну шаралары жалғасып жатыр. Қазіргі кезге дейін 18 білім беру мекемесі «Қазфосфат», «Имсталькон», «Палацио» кәсіпорындары және «Шәушен» ірі шаруа қожалығы сияқты құрылымдарға бейіндері негізінде беріліп үлгерді. Біз үшжақты меморандумдар жасап, нақты жұмыстарымызды екшеп, зерделеп алдық. Шефтік қамқорлыққа берілген білім мекемелеріне жұмыс берушілер жағынан техникалық, практикалық-әдіскерлік қолдау шаралары көрсетіліп жатыр, - деді басқарма басшысының орынбасары.
Мысалы, аймақтағы ірі кәсіпорын саналатын «Қазфосфат» ЖШС Жаңатас қаласында орналасқан көп салалы колледждің студенттерімен бірге тау-кен аймағында қазба жұмыстарын жүргізуге 4 гектардай жер телімін бөлген. Болашақ кеншілерге тәлімгер болатын шеберлерді де бекітіп берді, олар жұмыстарын бастап кетті. Сол сияқты, «Шәушен» шаруашылық серіктестігі де Құлан ауылындағы агротехникалық колледжге арналған, бағасы шамамен 12 млн теңге болатын оқу-өндірістік мал бордақылау базасының құрылыс жұмыстарын қолға алды. «Имсталькон» мен «Палацио» ЖШС-лары 3-курста білім алып жүрген 68 студентті оқу-өндірістік тәжірибеден өткізу сабақтарын ұйымдастыруда. 12 инженер-педагог аталған ЖШС-ларда тағылымдамадан өтіп жатыр. Мұндағы негізгі мақсат – замануи технологияны пайдалану жолдарын үйрену, тәлімгерлік жасап жүрген шеберлермен бірге жұмыстың қыр-сырын меңгеру, шаруаға епті, білімге құштар студенттерге шәкіртақы тағайындау, тұрақты негіздегі жұмыспен қамтамасыз ету.
Былтырғы оқу жылы барысында 44 білім беру мекемесінің 37-сі 60-қа тарта мамандықта оқып жүрген 5 611 студентіне дуальдық білім беру жүйесімен сабақ өткізді. 8 084 білімгер өндірістік практикаға барып, кәсіптерін терең білуге күш салды. Жұмыс берушілердің қаражатынан кәсіптік тәжірибеде белсенділігімен көзге түскен 35 білімгерге орташа есеппен 60 мың теңгенің шамасында еңбекақы төленіп жатыр. Биылғы оқу жылының тағы бір жаңалығы, өңірдегі барша арнаулы білім мекемелері академиялық дербестік жүйесіне көшеді. Сондықтан 215 оқыту бағдарламасы әзірленді. Бұл орайда, 42 ірі салалық кәсіпорындардың ұсыныстары ескеріліп, реестр тізіміне енді. Аталған оқыту бағдарламалары несиелік модульдеу үрдісіне ауыстырылды, - деп атап өтті Талған Жамалов.
Жауапты маман аймақтағы мектептерде жыл сайын 9 сыныпты 20 мыңнан аса оқушы бітіретінін айтты. Биылғы оқу жылында 9 сынып бітірген оқушыларға арналған мемлекеттік тапсырыс санын 70 %-ға арттыру көзделіп отыр екен. Өткен оқу жылында 3 216 орынға мемлекеттік білім гранты бөлінсе, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 5 734-ке көбейеді. Талапкерлер колледжде білім алу үшін бұрынғыдай қабылдау комиссияларына жүгінбейді, олар жеке құжаттарын Электронды үкімет, еgov.kz, SmartNation порталдары арқылы тапсыруда.
Биыл екінші жыл болды, мемлекеттік гранттар «Қаржы студенттің өзімен бірге жүреді» қағидатымен бөлінуде. Демек, мемлекеттік білім беру тапсырыстары арнаулы білім мекемелері арасында талапкердің таңдауымен үлестіріледі. Оқуға түсу конкурсы аттестатқа қойылған міндетті және бейіндік пәндердің бағаларының орташа балы негізінде өткізіледі. Осы жылдан бастап қанатқақты режімдегі жоба аясында серіктес жұмыс берушілердің белгілі бір кадрларға сұранысына сай мемлекеттік білім гранттары бөлінетін болады. Ол үшін бизнес өкілдерімен алдын ала келісім-шарт жасалды, - деп түсіндірді Талғат Салханұлы.
Оның айтуына қарағанда колледж бен кәсіпорын арасындағы осындай тандемнің арқасында білім беру бағдарламалары жұмыс берушінің талаптарын сай дайындалады. Соңғы үш жылда мемлекеттік тапсырыс бойынша оқу орындарын 8 мыңнан астам түлек бітірген. Олардың ішінде тұрақты жұмыспен қамтылғандар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі 80-84 %-ды құрайды. Енді жаңа оқу жылына қабылдауда кәсіпорындардың нақты сұранысына сай мақсатты кадр даярлау жұмыстары басталды.
«Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірге «Қазфосфат», «Еврохим», «Имсталькон», «Жамбыл-Гипс», «Шафран», «Тараз-Энерджи», «Палацио» сияқты 97 жұмыс беруші мен арнаулы білім беру мекемелері арасында 428 орынға келісім-шарт жасалды. Бұл орайда, өңірдің агроөнеркәсіптік кластерінің дамуына байланысты агрономия, ветеринария, зоотехния, ара, балық, орман, жеміс-көкөніс шаруашылықтары мамандықтарына мемлекеттік білім беру тапсырысын арттыру көзделіп отыр, - деген спикер бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.