Жамбылдық шенеунік білім саласын дамытуға бағытталған он мәселені атады

19 Ақпан 2021, 09:36
1569
Бөлісу:
Жамбылдық шенеунік білім саласын дамытуға бағытталған он мәселені атады

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустық инфекцияның өршуінен болған пандемиялық ахуалға қарамастан, былтыр білім саласында бірқатар жұмыс атқарылды. Көптеген жетістікке қол жеткізілді.

Бұл жайында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев арнайы жиында айтып берді. Ол сонымен қатар биыл білім саласында атқарылуы тиіс он мәселені атап өтті. Сондай-ақ аудандар мен Тараз қаласы әкімдеріне, жергілікті білім басқармасы мен бөлімдерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 қаңтар күнгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына айрықша назар аударуды міндеттеді. 

Ең алдымен, 1-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үлесін арттырып, балаларды ерте жастан дамыту және мектепке дейінгі білімнің альтернативтік формаларымен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Аймақтағы білім басқармасына, білім бөлімдеріне жыл соңына дейін 1-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үлесін 92,3 %-ға жеткізуді және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде балабақшалар, балаларды дамыту орталықтарының желісін ұлғайтуды тапсырамын, - деді өңір басшысының орынбасары. 

Ержан Жұматұлы содан соң пандемияға байланысты биылғы оқу жылында мектептерде оқу үрдісі үш түрлі форматта ұйымдастырылып, жүргізіліп жатқанын еске салды. Оның сөзіне қарағанда, облыс аумағындағы 456 мектепте 240 813 оқушы білім алуда. Ал халықаралық зерттеулер оқушылардың білім сапасының жүйелі түрде төмендегенін көрсетіп отыр. Осыған орай, ол жауапты мекемелерге өңірдегі білім беру ұйымдарының жұмыс сапасын, оқушылардың функциональдық сауаттылығын арттыруға бағытталған қадамдық іс-шаралар жоспарын дайындап, ақпараттық-әдістемелік сүйемелдеу шараларын жүргізуді міндеттеді. 

Үшіншіден, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың білім алуына жағдай жасау – білім мекемелерінің негізгі міндеті. Сондықтан білім, құрылыс басқармалары мен тиісті бөлімдер Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар жоспарына сәйкес биыл ерекше білім беруді қажет ететін балаларды тәрбиелеу мен оқыту үшін жағдай жасаған мектепке дейінгі ұйымдардың үлесін 80 %-ға, мектептердің үлесін 90 %-ға жеткізуді қамтамасыз етуі керек, - деп атап өтті. 

Жылқыбаевтың пікірінше, төртіншіден, ЖОО ғалымдарын мектептердегі дарынды оқушылардың интеллектуалдық потенциалын дамытуға тарту қажет. Бүгінгі таңда аймақта дарынды оқушылардың шығармашылық потенциалын дамытуға арналған мамандандарылған мектептер, гимназиялар мен лицейлер желісі бар. Өкінішке қарай, осы мекемелерде, әсіресе, ауылдардағы лицейлер мен гимназияларда өңірдегі және республикадағы ЖОО тарапынан жүйелі түрде жұмыс жүргізілмейді. Алдағы уақытта университеттер мен білім мекемелері ғылыми жұмыстарды бірлесіп жүргізетін болса, облыстың дарынды балалары талай жетістіктерге жетері сөзсіз. 

Сол себептен жауапты ведомстволар Жамбыл облысындағы жалпы орта білім беретін мектептердің білім беру тәжірибесін, педагогтардың кәсіби құзіреттілігін дамыту, педагогикалық тәжірибені ғылыммен интеграциялау мақсатында облыс орталығында және ауыл мектептерінде өңірдегі ЖОО базалық алаңының желісін құрғаны тиімді, - деп атап өтті Ержан Жұматұлы. 

Аймақ басшысы орынбасарының сөзіне сенсек, бүгінде өңірде 40 мыңнан астам аз қамтылған және көп балалы отбасы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Оларды позитивтік тұрғыда әлеуметтендіріп, рухани адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, ұлтаралық татулыққа баулу, туған өлкені танып білуге, патриоттық сезімді арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажет. 

Осыған байланысты, бесіншіден, мектеп басшыларына «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының жұмысын, «Зияткерлік мектеп оқушысына оқуға ұсынылатын 100 кітап», «Туған елге тағзым», «Оқуға құштар мектеп», «Оқы, тап!» сияқты қашықтықтан оқуға бағытталған әлеуметтік жобаларды тиянақты іске асыруды жүктеймін. Ал, алтыншыдан, балалардың жазғы демалыс кезіндегі сауықтырылуын, бос уақытын тиімді ұйымдастыру қазіргі таңда аса маңызды. Сондықтан аудандар мен Тараз қаласының білім бөлімдері оқушылардың жазғы демалысы мен сауықтырылуын жоғары деңгейде ұйымдастырып, қажетті қаржыны толық бөліп, лагерьлердің материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз етуі тиіс, - деді Ержан Жылқыбаев. 

Былтыр Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мектеп түлектерінің табысты өмір жолын үлгі ету, білім алған мектебіне қолдау көрсету мақсатында түлектермен жүйелі түрде жұмыс істеуді тапсырған болатын. Осыған орай облыстық Білім басқармасы «Жамбыл-Түлек.КZ» сайтын іске қосқан. Бүгінде ол ғаламтор көзінде 63 413 түлек тіркелген. Спикердің айтуынша, жұмыстар әлі де болса жеткіліксіз деңгейде жүргізілуде. 

Мен білім бөлімдері мен білім мекемелерінің басшыларына осы жарияланған «Туған мектепке тағзым» акциясын жариялауды ұсынғанмын. Жетінші мәселе ретінде аталған шараны кең көлемде ұйымдастыруды тапсырамын. Ал сегізіншіден, былтыр облыста 244 кәмелетке толмаған жасөспірім ерте жүктілікке ұшырап, оның ішінде жыныстық сипаттағы 40 қылмыс жасалған. Оның 8-і зорлау сипатында болса, 4-уі зорлық-зомбылық әрекеттеріне жатады. 21 оқиға он алты жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу, 7-уі жас баланы азғыру сипатында орын алған. Демек, жасөспірімдермен құқықтық жұмысты ширата түсу керек, - деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары. 
Жиында белгілі болғандай, Жамбыл облыстық прокуратураның мәліметіне сәйкес, жергілікті полиция органында 253 бала есепте тұр екен. Жалпы, өңірде 109 қылмыс бойынша 118 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 49-ы мектеп оқушыларының, 31-і колледж білімгерлерінің, қалғаны жұмыссыз, оқымайтын кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған. 
Бұл деректер әлі де болса, жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан атқарылған профилактикалық жұмыстардың жеткіліксіздігін айғақтайды, - деп атап өтті Ержан Жұматұлы. 

Оның айтуына қарағанда, өткен жылы арнаулы оқу орнын бітірген 3720 түлектің 2 695-і жұмысқа орналасыпты, зейнетақы аударымдарының көрсеткіші – 2 274. Тоғызыншыдан, білім басқармасы мен колледж директорлары бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу үлесін арттыруы керек. Ал соңғы мәселе, азаматтардың арыз-шағымдарын қарап, оларға дәлелді түрде жауап беру. Бұл – әрбір білім мекемесі мен білім беруді басқару органдарының басты міндеті.
2019 жылы жалпы жеке және заңды тұлғалардан барлығы 649 арыз-шағым түссе, былтыр 594 арыз-шағым қабылданды. Олардың басым көпшілігі Тараз қаласы, Қордай, Сарысу, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Талас, Байзақ, Жамбыл, Шу аудандарынан және басқармаға қарасты мекемелердің басшыларына келіп түскен. Арызданушылардың басым бөлігі мектеп басшыларының педагогикалық этиканың нормаларын сақтамай дөрекі сөйлеуі, заңсыз жұмыстан шығару, мектеп қызметкерлерінен ақша жинау мәселесіне байланысты шағымданған. Мұның бәрі - жергілікті жерлерде азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, дұрыс жауап беріп, әділ шешім қабылдайтын қызметкерлердің жоқтығынан орын алған. Сондықтан осы мәселеге ерекше назар аударуға тиіспіз, - деді Ержан Жылқыбаев.

Өзгелердің жаңалығы