«Жамбылдағы жағдай қалыпты». Көктемгі су тасқынына дайындық қалай жүргізілуде?

30 Қаңтар 2024, 08:15
656
Бөлісу:
«Жамбылдағы жағдай қалыпты». Көктемгі су тасқынына дайындық қалай жүргізілуде?
Фото: архив

Жамбыл облысы су басу қаупі бар аймақ. Қысы жылы, қар аз түскенімен, таудан еріген қар суының молдығы, көктемгі су көздерінің толығуы өзен-көлдердің арнасынан асып, өңірде су басу қаупін жоғарылатады. Мамандар қазір көктемгі су тасқынының алдын алу үшін жұмысты бастап та кеткен. Осы орайда қауіпсіздікті қадағалап отырған мекеменің бірі Жамбыл облысы ТЖД бастығының орынбасары, полковник Руслан Нұрланұлы Орынбековке бірер сауал қойдық.

– Жамбыл облысының көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары, күтілетін қауіп, төтенше жағдайлар қызметі қаншалықты дайын?

– Шу, Талас және Аса өзендерінің арналарында су деңгейінің көтерілуіне байланысты облыс аумағындағы елді мекендер мен шаруашылық объектілерін, сондай-ақ еріген және жаңбыр суларынан тау бөктерінде орналасқан елді мекендерді су басу қаупі бар. Осыған байланысты жауапты қызметтердің кезекшілік кестесі әзірленіп, облыстағы су тасқыны жағдайына күнделікті мониторинг жүргізілуде.

Анықтама: бүгінгі күнге толымдылық деңгейі:

1) Тасөткел–64%,

2) Теріс-Ащыбұлақ - 34%,

3) Киров –49%,

4) Ынталы- 16%,

5) Ақкөл-16%,

6) Қарақоныз-49%,

7) Бүркитті-21%,

8) Қақпатас-11%,

9) Жартас-10%.

Таулардағы қар жамылғысы 3 см. - 25 см. дейін топырақтың қатуы Мойынқұм ауданында 3 см. құрайды.

– Жылда аймақта су тасқыны кезеңін апатсыз өткізу үшін бірқатар инженерлік жұмыстар жасалады. Сол жайында тоқталып өтсеңіз...

– Облыста су тасқынына қарсы іс-шаралар мен инженерлік жұмыстар жоспарларына сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға жергілікті бюджеттен 132 млн. теңге қаражат бөлініп, облыс аумағындағы каналдарын, дренаж каналдарын, арық желілерін және су өткізу құрылғыларын тазарту жұмыстары қарқынды жүргізілді.

Айта кетейін, облыс аумағында 120 канал (соның ішінде айналма каналдар) 1900 шақырым, 245 арық жүйелері 3000 шақырымнан астам және әртүрлі деңгейдегі автожолдарда 116 дана көпірлер және 3322 дана су өткізу құбырлары орналасқан, 45 көпір темір жолында.

Сонымен қатар, таулы аймақтардағы елді мекендерді көлбеу және беткейлік ағынан сақтау мақсатында 29 шақырым айналма каналдары тазартылып, топырақ үйінділерімен жасалды.

Анықтама: атқарылған жұмыстар туралы:

1) Шу ауданы-1300 м.,

2) Сарысу ауданы-10 000 м.,

3) Т.Рысқұлов ат. аудан-12200 м.,

4) Меркі ауданы-4700 м.,

5) Тараз қаласы-800 м.

«2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасына сәйкес, Талас өзенінің жағалауын нығайту іс-шарасына 3 млрд. аса теңге бөлінді. Жол картасына сай жағалауды бекіту жұмыстарының жалпы ұзындығы 25,02 шқ. құрайды. Қазіргі таңда 23,7 (95 %) шқ. жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді. Талас өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарын және пайдалануға қабылдау жөніндегі іс-шараларын аяқтау ағымдағы жылдың І тоқсанында жоспарлануда.

– Апаттық жағдай орын алғанда төтеншеліктердің халыққа ұсына қоятын орындары қаншалықты дайын? Төтенше оқиғаларды жою үшін қолда техника жеткілікті ме?

– Жергілікті атқарушы органдарымен 9 500 тонна инертті материалдар, 650 тонна жанар-жағармай және 28 000 дана қап қажетті резерві құрылып, 65 қабылдау пункті (мәдениет және білім беру нысандары), 12 шатыр, 1968 төсек-орын, 468 кереует дайындалды. Зардап шеккен адамдарды азық-түлік, арнайы техника және жанар-жағар май қорымен қамтамасыз ету үшін 82 келісімшарттар жасалды.

Көктемгі су тасқыны кезеңіне жедел ден қою мақсатында, Жамбыл облысында көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жою үшін 5390 адам, 781 бірлік техника, 112 су айдау құралы, 2 ескекті қайық, 18 жүзу құралы және 492 байланыс құралы тартылатын күштер мен құралдар топтамасы құрылды.

Тараз қаласының аэропортында әрдайым ҚР ТЖМ «Казавиаспас» акционерлік қоғамының ЕС-145 «Еврокоптер» тікұшағы дайын.

Аймақ тұрғындарының алаңдайтын негізі жоқ. Облыстағы су тасқыны мәселесі әрдайым тұрақты бақылауда.

– Әңгімеңізге рахмет. Қауіпсіздік жолындағы еңбектеріңізге жеміс тілеймін.

Өзгелердің жаңалығы