Жамбылдағы өзен жағалауларына ескерту тақтайшалары ілінді

10 Мамыр 2022, 10:05
1680
Бөлісу:
Жамбылдағы өзен жағалауларына ескерту тақтайшалары ілінді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы су айдындарында былтырғы шомылу маусымында төтенше 3 оқиға тіркеліп, 4 адам қайтыс болған, оның 2-еуі бала.

Бұл туралы аймақтағы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Руслан Шариев айтты. Ол жыл басынан бері әзірге мұндай оқыс оқиғалар орын алмағанын да жеткізді. Қаралы жағдайлардың басты себебі ретінде ересектердің жеткіншектерді қараусыз қалдыруын, жабдықталмаған және тыйым салынған орындарда шомылуын, балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамауды және мас күйде шомылуды атап өтуге болады. 

Өңірде жазғы шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын сақтау және бақылау мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатыр. Осы оқу жылының соңына дейін барлық білім беру мекемелерінде «Судағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында сабақ өткізіледі. Сонымен қатар, аймақтағы 435 білім ошағында ақпараттық стенд орнатылды. Басқа да акциялар, тәрбие сағаттары, шығармашылық байқаулар, пікір сайыстар, семинар-тренингтер ұйымдастырылуда. Cу айдындарының демалуға және шомылуға қауіпті, жабдықталмаған учаскелеріне «Қауіпті аймақ», «Шомылуға тыйым салынған» деген сияқты 200-ден астам ескертпе, тыйым салу белгілері мен 45 ақпараттық стенд орнатылды, - деді Руслан Исмагилұлы.

Ол қазіргі таңда су қоймасы мен өзен бойларына соңғы 5 жыл аралығында суға батуға қатысты қайғылы оқиғалары туралы  қосымша ақпараттар  ілініп жатқанын да әңгімеледі. Сондай-ақ барлық су айдындарына түгендеу жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша меншік иелері мен әкімдіктерге қауіпсіздік қағидаларын сақтау жөніндегі ұсынымдар берілген. Маусым айынан бастап жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдай және полиция департаменттері қызметкерлерімен бірлесіп, көпшілік жаппай демалатын және шомылуға қауіпті, рұқсат етілмеген орындарға рейд жасайды. 

Бүгінге дейін 250 рейд пен 25 жиналыс ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстары тынымсыз жалғаса беретін болады, - деп сендірді спикер. 

Өзгелердің жаңалығы