Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының мәліметінше, Жамбыл облысында медицина саласы бойынша 5 223 жұмыс орны бар.
Өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру мәселесі туралы салаға жауапты басқарманың басшысы Әсет Қалиев айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, аймақтағы денсаулық сақтау нысандарының барлығы толықтай компьютерлік техникамен жабдықталған. Оның ішінде есептен шығаруға жататын 662 компьютер бар. Биыл 231 компьютер сатып алу жоспарланып отырған көрінеді. Ал принтерлердің жалпы саны – 3 322, дәл қазіргі таңда 1 300 принтерге қажеттілік бар. Серверлік жабдықтардың жалпы саны 49-ды құрайды, медициналық ұйымдарға әлі де 29 сервер керек.
Осыдан төрт жыл бұрын 30 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа 150 компьютер сатып алсақ, 2018 жылы 151,9 миллион теңгеге 1 013 компьютер алып, медицина қызметкерлерін толықтай компьютерлік техникамен қамтамасыз еттік. Алдыңғы жылы және былтыр мұндай бұйымдарға қазынадан қаржы бөлінген жоқ, - деген Әсет Әскербекұлы «Е-кезек» электрондық кезегін енгізу үшін Жамбыл облысындағы 12 медициналық ұйымға жергілікті бюджеттен 73,8 миллион теңге қаралғанын да айтты.
Нәтижесінде, «Stending» ЖШС-мен «E-кезек» электрондық желісін орнату үшін арнайы келісім-шарт жасалып, денсаулық сақтау нысандарына пайдалануға берілген.
Жауапты маманның айтуынша, Тараз қаласында 389 денсаулық сақтау ұйымы мен мемлекеттік мекеме бар. Олардың барлығы ғаламтор желісіне қосылған. Тек халық саны 250 тұрғыннан аспайтын 2 елдімекендегі медициналық пунктке интернет тартылмапты. Оның бірі Талас ауданында болса, екіншісі Мерке ауданының аумағында орын тепкен.
Ә.Қалиев Жамбыл облысының медициналық ұйымдары 4 ақпараттық жүйенің негізінде жұмыс істейтінін де әңгімеледі. 2 орталық, Тараз қалалық көп бейінді ауруханасы мен оның құрамындағы №1, 2 қалалық ауруханалар, перинаталдық орталық, Жамбыл облыстық көп бейінді балалар ауруханасы мен оның құрамындағы №1 қалалық балалар ауруханасы «ELSIMED» медициналық ақпараттық жүйесіне қосылған. Ал «DAMUMED» медициналық ақпараттық жүйесінде 102 медициналық ұйым бар. «ИНФО-ДОНОР» жүйесіне – жергілікті қан орталығы, «АИС-KOMEK» жүйесіне аймақтық жедел жәрдем станциясы кірген.
Айта кетерлігі, «ELSIMED» ақпараттық жүйесіндегі 2 ұйымның стационарлары интеграциялық шинаға қосылған. Алайда, «DAMUMED» арқылы деректерді көруде проблемалар бар. Мәселен, үзінділер мен аурулардың тарихы көрсетілмейді. Сонымен қатар, госпитализация бюросының порталымен ұзақ интеграция жүреді, ауруханаға жатқызу процесі 2 сағаттан астам уақытты алады. Осыған байланысты, қабылдау бөлмесінде тіркелгеннен кейін емдеу картасын енгізуді күту керек, - деп түсіндірді аймақтың бас дәрігері.Десе де, медициналық ұйымдардағы жұмыс сапасын жақсарту және «DAMUMED» жүйесіне кейбір модульдерді түзету бойынша ұсыныстар енгізілген. Ол модульдер скрининг пен СӨС шараларын қамтиды. Жауапты маман жаңартулардан кейін кейбір модульдер жоғалып кететіндігін, есеп нысандарын жүктеу жылдамдығы өте төмен екенін де жасырмады. Сондықтан 907 бұйрықтың негіздемелері толық қалыптаспаған. Ал өңірлік қан орталығы жұмыс істейтін «Инфо-ДОНОР» ақпараттық жүйесі жоғары деңгейде мамандандырылған, сол себептен басқа порталдармен интеграцияның қажеті жоқ. Аймақтағы жедел жәрдем станциясы қосылған «АИС-KOMEK» жүйесі «DAMUMED» активтерімен және 4-санаттағы жедел жәрдем шақыруымен біріктірілген.
2018 жылдың шілде айынан Жамбыл облысында медициналық ұйымдарды цифрландыру пилоттық жобасын енгізу басталған болатын. Биылғы жылдың соңына қарай 1 148 563 электрондық денсаулық паспорты «Бекітілген халық тізілімі» ақпараттық жүйесіне қосылғандардың 100 %-ын құрайды. Сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу жөніндегі міндеттерімізге және салалық министрліктің тапсырмаларына сәйкес, 233 бастапқы медициналық құжаттама нысандарының Жамбыл облысы бойынша 225-і толығымен сандық форматта медициналық ақпараттық жүйелерге еңгізілген. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін өңірдегі барлық ұйымдарда халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында 55 пост ашылды, - деді Әсет Қалиев.
Ол «DamuMed» медициналық ақпараттық жүйеcінде әзірленген мобильдік қосымшаға 65 311 азамат тіркеліп, электронды түрде қызмет алып жатқанын жеткізді. Бұл дәрігерге жазылу, дәрігерді үйде шақыру, еңбекке жарамсыздық парағын көру-білу, рецепттерді, зерттеулер нәтижелерін көрудің арқасында медициналық қызметтің барлық түрлерін пайдалануға онлайн режимінде мүмкіндік береді. Сонымен қатар амбулаториялық, стационарлық карталарды және қағазды нұсқаудағы жолдамалар қолдану қажеттігін жойды. Қағаздар мен журналдарды үнемдеудің нәтижесінде экономикалық тиімділігі де байқалған.
Бұл шаруа пациенттің медициналық ұйымға келуін 2,5 есе азайтты, емделушілердің де, медициналық қызметкерлердің де уақытын үнемдеп, науқастардың медициналық ұйымға келу санын сиретті. Жүйелі жұмыс атқарудың барысында қызметтердің сапалылығын да аңғарып отырмыз. Былтыр электрондық жазба арқылы дәрігердің қабылдауына 11 435 387, алдын ала 6 436 433 жазылу болды, - деген Әсет Әскербекұлы «PACS» жүйеге қосылу қажеттігі бар 23 медициналық мекеменің 13-і «Kometa-Damumed» ақпараттық жүйесі арқылы оны пайдаланып жатқанын айтты.
Басқарма басшысы PUSH-хабарлама арқылы жіберуге 3 миллионнан астам хат жолданғанын мәлімдеді. Ол скринингтен өту, профилактикалық тексерулерден өту, СӨС бойынша іс-шараларды, аурулардың алдын алу бойынша Ашық есік күндерін өткізу туралы пациенттерді уақытылы хабардар етуге, сондай-ақ халықтың медициналық қызметтер сапасына қанағаттануын бағалау бойынша сауалнама жүргізуге мүмкіндік берген.
Біздің мамандар жасанды интеллект жобасын енгізу мақсатында бюджеттен қаражат қарау үшін Жамбыл облыстық мәслихатқа коммерциялық ұсыныс жолдаған болатын. Өкінішке қарай, онымыз қолдау таба қоймады. Десе де бұл бағыттағы жұмыстарымызды үзіліссіз жалғастыра беретін боламыз, - деді Әсет Қалиев.