Жамбыл облысындағы жылжымалы медициналық кешендер тұрғындар денсаулығы күзетінде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінде сапалы медициналық көмекке әр азаматтың, тұрғылықты мекеніне қарамастан, қолжетімді болуы — басты қағида. Осы мақсатта Жамбыл облысында жылжымалы медициналық кешендер жүйелі жұмыс істеп келеді. Олар жыл сайын ең шалғай ауылдарға барып, тұрғындарға ең қымбат құндылық — денсаулық пен ертеңгі күнге деген сенім сыйлайды.
Қазіргі таңда облыс аумағында 10 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетуде. Оның 2-еуі – КАМАЗ базасындағы арнайы жабдықталған автокөлік, ал 8-і – медициналық автобус.
2025 жылы 298 елді мекенді қамту жоспарланған (2024 жылы – 289). Биылғы бес айда 153 елді мекенге барылды (жоспардың 51%-ы орындалды).
Медициналық тексеруден өтуі тиіс тұрғындар саны – 127 793 адам (2024 жылы – 131 753). Қазірдің өзінде 48 046 адам тексеруден өтті, оның ішінде 7 722 бала (Салыстыру үшін: 2024 жылдың осы кезеңінде — 57 705 адам, оның ішінде 9 061 бала).
Жүргізілген жұмыстар:
• 19 462 диагностикалық зерттеу
• 3 422 зертханалық талдау
• 71 492 дәрігерлік кеңес
(2024 жылдың осы кезеңінде: 18 115, 2 632 және 61 847). 3 496 науқас анықталды, олардың 1 178-і (соның ішінде 199 бала) диспансерлік есепке алынды.
(2024 жылы — 1 873 науқас, 432-сі есепке алынған, оның ішінде 84 бала).
Өткен жылы шалғай ауылдардағы тұрғындардың 100%-ы қамтылды.
Жылжымалы медициналық кешендер — бұл жай ғана жабдықталған көлік емес, бұл күн сайын медицина мен адам арасындағы арақашықтықты қысқартатын нақты мобильді емханалар.