Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес Жамбыл облысы "қызыл" аймаққа кірді. Пандемиялық жағдай басталғаннан бері өңірде коронавирус инфекциясының 22 526 дерегі анықталған.
Бұл туралы Жамбыл облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бағлан Қыдырбаев атап өтті.
Оның мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері қауіпті індетке 1 082 жамбылдық шалдыққан. Соңғы тәулікте 257 адам инфекция жұқтырған. Бұл сандар аурушаңдық көрсеткішін былтырғымен салыстыра есептегенде 7 есе өскенін көрсетеді.
Аймақта омикрон штамының айналымын анықтау үшін науқастардан биоматериалдың 20 үлгісі алынып, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық сараптама орталығының молекулярлық-генетикалық зертханасына толық геномдық секвенирлеуге жіберілді. Нәтижелерін күтіп отырмыз, – деген Бағлан Жарылқасынұлы індеттен қорғанудың ең тиімді әдістерінің бірі – оған қарсы вакцинацияның толық курсы екенін де жеткізді.
Жамбыл облысында кешеге дейін 18 жасқа толған 633 372 тұрғын вакцинаның алғашқы компонентін алса, 567 070 тұрғын екінші компонентін ектірген.
Сонымен қатар, 29 119 жеткіншек, 1 942 аяғы ауыр және 3 283 нәрестелі ана екпе алып, 57 540 азамат қайта вакцинацияланыпты. Спикер дельта штамынан 5 есеге жылдам тарайтын және 70 есеге жедел көбейетін омикрон айналамызда жүргенде екпенің маңызды екенін деп атап өтті. Сондықтан барлық тұрғындар өз денсаулықтарына және жақындарының амандығына үлкен жауапкершілікпен қарап, профилактикалық және карантиндік қауіпсіздік шараларын сақтауы тиіс.
Эпидемиология ахуалының тез арада күрделеніп кетуіне және Жамбыл өңірінің қызыл аймаққа енуіне орай карантин талаптарын қатаң сақтау жайында арнайы қаулы шықты. Білім беру мекемелеріне жасалған сырқаттанушылықтың мониторингіне сәйкес, аймақ оқушылары мен тәрбиеленушілері ішінде коронавирус инфекциясының 379 жағдайы тіркелген. Мұның 295-і оқушы болса, 40-ы арнаулы орта оқу орындарының студенті, 8-і университеттерде білім алады, 19-ы балабақшалардың және 17-сі интернаттық ұйымдардың тәрбиеленушілері, – деп атап өтті Бағлан Қыдырбаев.
Департамент басшысының орынбасары өткен тәулікте білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері мен оқушылары арасында КВИ жағдайлары анықталмағанын айтты. Ал қазіргі кезде аймақтағы мектептерде 5 сыныпта білім алатын 115 оқушы карантинде тұр. Бұлар Байзақ және Қордай аудандарында орналасқан екен. Офлайн форматта білім беріп жатқан мектептердің 180 оқушысы мен 41 мұғалімі, балабақшалардың 11 тәрбиеленушісі мен 4 тәрбиешісі, колледждердің 21 студенті мен 2 оқытушысы, университеттер мен институттардың 5 білімгері мен интернаттық ұйымдардың 14 тәрбиеленушісі сауығып шыққан.