Жамбылда жүк көліктері жүрісінің бақылаусыздығы жолдың сапасын құртты – басқарма басшысы

9 Қыркүйек 2022, 12:12
1029
Бөлісу:
Жамбылда жүк көліктері жүрісінің бақылаусыздығы жолдың сапасын құртты – басқарма басшысы

Жамбыл облысында 4376 шақырым автомобиль жолдары болса, елді мекен көшелерінің желісі 5 662 шақырымға созылып жатыр, деп хабарлайды Жамбыл облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Барлығы 10 038 шақырымды құрайды. Бұл туралы өңірдегі әкімдіктің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков айтты. Оның мәліметінше, жолдардың 1 237 шақырымы республикалық мәндегі, 1 756 шақырымының облыстық деңгейде маңызы бар. Аудандық деңгейде мәні бар 1 383 шақырым жол жатыр.

Осы жылы жол құрылысына қазынадан 16,2 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Мұның 8,3 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қаралса, 4,4 млрд теңгесі – жергілікті, 3,5 млрд теңге аудандық, қалалық қазыналардан жұмсалады. Қаралған қаржылар есебінен облыс орталығындағы 9,4 шақырым жол қайтадан жаңғыртылып жатыр. Сонымен қатар 605 шақырымнан астам жол орташа жөндеуден өтуде. Ал мұның ішінде 194,1 шақырым жолдың облыстық маңызы болса, 53,6 шақырым жолдың аудандық маңызы бар. Елді мекен көшелерінің 357,5 шақырымы тегістеледі, - деді спикер.

Бақытжан Оразалыұлы аймақта барлығы 252 жол жөндеу жобасы іске асырылып жатқанын атап өтті. Нақтылай айтқанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы шеңберінде 31 жоба іске аса бастады. Яғни, бес ауданның аумағындағы 194 шақырымнан астам жол жөнделеді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізінде 74 учаскеде құрылыс жұмыстары басталып қойды. Нәтижесінде 10 аудандағы 169,4 шақырым жолдың сапасы жақсаратын болады. «Өңірлерді дамыту – 2025» бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатқан 2 жоба Тараз қаласындағы 9,4 шақырым жолды қамтиды. Жергілікті бюджеттерден қаралған қаржыға бес аудан 145 жоба жүргізіліп жатыр. Олар 196 шақырымнан астам жолдың тегістелуіне септеседі.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері жоспардағы 605,2 шақырым жолдың 338 шақырымында жаңа асфальт төсеу жұмыстары аяқталып отыр. Бұл жалпы шаралардың 55 %-ын құрайды. Жыл соңына дейін «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторының көрсеткіші 97 %-ға жетуі тиіс. Былтыр бұл сан 95 %-дың төңірегінде болған. Ал елді мекен көшелерінде аталған көрсеткішті 82 %-ға жетеді деген ойдамыз, өткен жылы 79 %-дан сәл ғана асып тұрған, - деді басқарма басшысы.

Ол жол жөндеу шараларының сапасын арттыру мақсатында «Жол активтерінің Сапа орталығымен» келісім-шарт жасасуға жергілікті бюджеттен 119 млн теңге бөлінгенін де атап өтті. Соның арқасында бірлескен әрі тұрақты негізде жолға шығып, зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралардың барысы әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіліп, бұқараға ашықтық та қамтамасыз етіліп жатыр.  Жыл басынан бері Сапа орталығымен бірлескен 557 зерделеу жұмыстары қолға алынған, 1195 сынама талданған. Нәтижесінде, 152 кемшілік табылып, ескерту берілді. Оларды жұмыс тәртібінде де жою бойынша шаралар қабылданды.

Автожолдардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында Жамбыл облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясымен бекітілген бірлескен іс-шараларға сәйкес, облыс жолдарында кезекшіліктер ұйымдастырылады. Тексерулерді жүргізу шаралары да жалғасып жатыр. Дегенмен, ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз қозғалуынан автожолдардың мерзімінен бұрын  бұзылу фактілері тоқтамай тұр. Инспекцияда жылжымалы бекеттер санының жетіспеуінен жергілікті жолдар өз деңгейінде бақылаумен қамтылмайды. Өйткені, айналдырған 3 бекеттің 1-еуі жарамсыз. Бұл бағытта жағдай түзелген жоқ, - деді Бақытжан Жәнібеков.

Биылдыққа жылжымалы көліктік бақылау бекеттері арқылы  69 әкімшілік хаттама толтырылып, 4 млн теңге шамасында айыппұл салынған. Жергілікті бюджетке бүгінге дейін 3,3 млн теңгесі өндірілген.

Жауапты маман Тараз қаласында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 130 нысанда 413 дана «Сергек» жалпы бейнебақылау камерасы орнатылғанын жеткізді. Оның 165-і іске қосылып, қалыпты режімде жұмыс істеп тұр. Бұл жобаның құрылыс жұмыстарын аяқтау ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Жүйе толық іске қосылғаннан кейін ҰҚК Мемлекеттік техникалық қызметінің ақпараттық қауіпсіздік жүйесі талаптарына сәйкестік рәсімдері жүргізіліп, 2022 жылдың желтоқсанында толықтай пайдалануға беріледі.

Өзгелердің жаңалығы