Жамбылда жастарға арналған "Жаңа есім" жобасы басталды

29 Ақпан 2024, 22:36
518
Бөлісу:
Жамбылда жастарға арналған "Жаңа есім" жобасы басталды
Фото: baq.kz

Жамбыл облысында ел арасындағы таланттарды көпке танытып, нерін жұртқа паш етіп жүрген мекеменің бірі – Облыстық халық шығармашылығы орталығы. Жуырда орталық тағы бір ауқымды жобаны бесінші рет өткізгелі байқау жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұйымдастырушылар бұл жоба Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында қолға алынып жатқандығын айтты.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында шығармашыл жастардың "Жаңа Есім – 2024" облыстық жобасының ауылдық іріктеу кезеңі басталды.

Жоба мақсаты – өңірдегі жас таланттарды іздестіру, үлкен сахнаға шығару, өнерлерін өрістетіп, қолдау көрсету. Қатысушы жастардың жас мөлшері 18-35 жас аралығын қамтиды.

Жоба 3 кезеңнен тұрады: ауылдық, аудандық және облыстық кезең. Бұл жарыс төрт номинация бойынша өтеді. вокалдық байқау, би (жеке) өнері, дәстүрлі орындаушылар сыны және аспапта орындау шеберлігі.

«Жаңа есім» жобасы дәстүрлі түрде биыл 5 рет өткізілгелі жатыр. Жоба 2016 жылы алғаш ұйымдастырылып, көрерменнің, халықтың ыстық ықыласына бөленген болатын. Араға екі жыл салып жас таланттарды қолдау, таныту, үлкен сахнаға шығару мақсатында 2018 жылы тағы да ұйымдастырылды. Облысымыздағы 16 мен 25 жас аралығындағы сайдың тасындай іріктелген жас таланттарымыздан 2022-2023 жылдары тағы да ұйымдастырылып, «Баласағұн» орталық концерт залында және былтыр Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта гала-концерттер өткізілді, – дейді халық шығармашылығын қамтамасыз ету бөлімінің әдіскері Айбек Жайлыбекұлы Адасхан.

Ұйымдастырушы тараптың мәліметінше, биылғы байқауда ерекшелік көп. Соның бірі – қатысушының білімі немесе арнайы музыкалық мамандығы болуы шарт емес. Бұл өз кезегінде жас таланттарға көп мүмкіндік беретіндігін айтады.

Биылғы жылғы ереженің ерекшелігі – 18-35 жас аралығындағы мәдениет пен өнер саласында білімі жоқ, кез келген әуесқой өнерпаздар арасында өткізіліп, мамыр айының соңында гала-концерт өткізу жоспарланып отыр, - дейді Айбек Жайлыбекұлы.

Сонымен қатар, орталық мамандары алдағы жылы да жас таланттарды қолдау, шығармашылық байқау өткізу жұмыстары жалғаса беретіндігін айтты.

Өзгелердің жаңалығы