Жамбылда қоқыс жәшігінен жаңа туған сәби табылды: Анасы іздестіріліп жатыр

Қордай ауданында қоқыс контейнерінен жаңа туған қыз бала табылды. Полиция оның анасын анықтау үшін жедел-тергеу шараларын жүргізіп жатыр.

2 Қыркүйек 2026, 13:11
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 2 Қыркүйек 2026, 13:11
2 Қыркүйек 2026, 13:11
91
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Гвардейский гарнизоны аумағында жаңа туған сәби қоқыс контейнерінен табылды. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап берген Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Полицияның мәліметінше, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу-жедел тобы жұмыс істеп жатыр.

Жаңа туған баланы қауіпті жағдайда қалдыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Анасының жеке басын анықтауға және оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады ведомство.

Алдын ала мәлімет бойынша, қоқыс контейнерінен табылған сәби – қыз бала.

Қазір нәресте медициналық мекемеде. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Сәбидің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Полиция өзге ақпараттың Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайтынын атап өтті.

Тергеу жалғасып жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде де қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылған еді. Оқиға 2026 жылғы 23 мамыр күні Тұргенев көшесіндегі қоқыс контейнерлерінің маңында болған. Куәгерлердің айтуынша, өтіп бара жатқан адамдар сәби жылаған дауысты естіп, пакеттердің бірін тексерген кезде оның ішінен жаңа туған баланы тапқан.

Наверх