Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Биылғы 1 қыркүйек күні елімізде мамандандырылған sanaq.gov.kz. сайтында санақ парақтары бойынша ақпараттарды онлайн режимде жинақтау басталды. Бұл маңызды шара 15 қазанға дейін жалғасады.
Бұл туралы Жамбыл облыстық статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиев айтып берді. Науқан алдында ведомство мен аудандардың және Тараз қаласы әкімдіктері бірлесіп, бекітілген жоспар негізінде дайындық жұмыстарын жүргізіпті. Сонымен қатар тұрғындарға Ұлттық халық санағын өткізудің мақсаттары мен тәртібі туралы жаппай түсіндірілген.
Жалпы, Әулиеата өңірінде 234 баннер жасалып орналастырылды. 16 тамыздан бастап халық санағының екінші кезеңі туралы Ұлттық статистика бюросы дайындаған бейнероликтер жергілікті теле және радиоарналарда, сондай-ақ, Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы LED экрандарда көрсетілуде. Сондай-ақ брендбукқа сәйкес А-3, А-4, А-5 форматтарында 260 мың данаға жуық ақпараттық парақ дайындалды. Олар адамдар көп шоғырланатын нысандарға – темір жол вокзалына, автобекеттерге, әуежайға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына, басқа да мемлекеттік мекемелерге, кәсіпорындар мен ұйымдарға, соның ішінде емханалар мен ауруханаларға, мектептер мен балабақшаларға, жоғары, арнаулы орта оқу орындарына, қалалық жолаушылар көліктеріне, сауда орындарына, көп қабатты тұрғын үйлердің әрбір кіреберісіне, жеке секторларға әрбір 20 үйден кейін орналастырылды, - деп атап өтті Сырым Өскенбайұлы.
Коммуналдық қызметтерді көрсететін кәсіпорындарға коммуналдық төлемдердің түбіртектеріне халық санағының екінші кезеңін жүргізу туралы ақпаратты басып шығаруға тапсырма берілген екен. Бұқаралық ақпарат тұралдарына 40 шақты мақала жарияланған. Әлеуметтік желілер арқылы да түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Департамент басшысы 1 қыркүйек күні Тараз қаласы әкімімен халық санағының екінші кезеңін өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтты. Аталған әкімдіктің мамандары мемлекеттік мекемелерге және ірі кәсіпорындарға бекітілген. Сонымен бірге олар облыс орталығының жекеменшік тұрғынүй секторларын аралап, халық санағынан өту қажеттігінің маңыздылығын жеткізуде.
Жамбыл облысында халық санағын жүргізетін 80-нен астам маман даярланды. Барлық ауданның әкімдіктерінде және Тараз қаласында арнайы түсіндіру жиындары өтті. 3 қыркүйек күні Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде оқыту ұйымдастырылды. Ұлттық статистика бюросы облыстар бойынша онлайн режимінде халық санағынан өткендердің санына күнделікті мониторинг жүргізетіні бар. 6 қыркүйектегі жағдай бойынша Жамбыл облысында 18 240 адам, яғни жалпы тұрғындардың 1,59 %-ы интернет-сауалнамадан өткен, - деді департамент басшысы.
Ол көрініп тұрғандай, онлайн режимдегі халық санағының қарқыны жоғары емес екенін де жасырмады. Сондықтан, ұлттық халық санағын өткізуге мүдделі мекемелер үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктің денсаулық сақтау, білім басқармалары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті, Ішкі істер департаменті, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ертеңге дейін өздеріне бағынысты мекемелердің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің халық санағының онлайн режимінен өтуін қамтамасыз етуі керек.
Биылғы 1-30 қазан аралығында Жамбыл облысының барлық елді мекенінің үй шаруашылықтарын санақшылармен аралап, тұрғындарды есепке алу жұмыстары жүреді. Іс-шаралар жоспарына сәйкес, санақ қызметкерлері жиһазбен жабдықталған бөлмелермен, интернет желісіне қосылған телефон байланысымен және мемлекеттік органдардың бірыңғай транспорттық ортасымен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазіргі таңда бұл мәселе облыс орталығынан басқа барлық ауданда шешімін тауып үлгерді. Қазіргі таңда Тараз қаласында санақ персоналдарын орналастыратын аумағы 20-30 шаршы метрді құрайтын бөлме бөлуге тиісті 20 мектептің тізімі ұсынылды. Бұл мәселе әлі қарастырылуда. Тек жеделдету қажет, - деп атап өтті Мәдиев.
Жауапты маман 25 қыркүйек пен 10 қараша аралығында Тараз қаласындағы санақ персоналдарының қоғамдық көлікте тегін жүруі қамтамасыз етілетіндігін жеткізді.