Жамбылда биыл 19 денсаулық сақтау нысаны салынады

1 Наурыз 2022, 10:47
1413
Бөлісу:
Жамбылда биыл 19 денсаулық сақтау нысаны салынады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбылда биыл 19 денсаулық сақтау нысаны салынады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ағымдағы жыл басынан бері Жамбыл облысында 3 248 дәрігердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға артты. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінде баяндама жасаған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев айтты.

Жамбылда биыл 19 денсаулық сақтау нысаны салынады

Облыс әкімі өз сөзінде саладағы атқарылып жатқан жұмыстар, оң көрсеткіштер мен түйткілді мәселелерге  жан-жақты тоқталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен өсіру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2022 жылдың 1 қаңтарынан облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарындағы 11 896 медициналық қызметкерлерінің, оның ішінде 3 248 дәрігердің жалақысы орта есеппен 30%-ға, 8 648 орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 16%-ға ұлғайды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы талай жылдан бері көтерілмеген тазалықшы, жүргізуші және өзге де қызметкерлердің еңбекақысы 19 пайызға көтерілді,-деген аймақ басшысы жергілікті атқарушы органның негізгі міндеті ретінде денсаулық сақтау нысандарының техникалық базасын нығайту, дәрі-дәрмекпен қамту екендігін атап өтті.

Биыл облыстағы бес ауданға компьютерлік томограф алып берілмек. Сол арқылы барлық аудан КТ аппаратымен толығымен қамтылатын болады.

Ағымдағы жылы денсаулық сақтау бойынша 19 нысан пайдалануға беріледі. Осылайша халық саны 50-ден асатын елді мекендердің барлығында медициналық мекемелер жұмыс істейтін болады. Облыста С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылып, Тараздағы медколедж сенімгерлік басқаруға берілді. Нәтижесінде, саладағы маман тапшылығы 270-тен 169-ға дейін азайды. Меркі, Жамбыл аудандарында және облыс орталығындағы №5 қалалық емхана базасында үздік практика орталықтарының ашылуы да ерекше оқиға болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығы сарапшыларының белсенді қатысуымен ағымдағы жылдың соңына қарай осындай үздік практика орталықтары Талас, Қордай,  Т.Рысқұлов аудандарында және Шу қалалық емханасында ашылатын болады,-деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін, пандемиямен күрес, вакцинациялау шаралары жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынған иммунобиологиялық препараттарды өндіретін «OtarBioPharm» ЖШС биофармацевтикалық зауыты, ондағы ғалымдар мен қызметкерлерге арналып жалпы 180 пәтерлі 3 үй және дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтергенін айтты.

Қазіргі таңда зауыттың екінші өндірістік цехының құрылысы жүруде.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету және жедел медициналық көмектің медициналық қызметтеріне тарифтерді қайта қарау, жедел медициналық жәрдем қызметтерін орталық аудандық ауруханалардың теңгеріміне қайтару мүмкіндігін қарастыру секілді бірқатар ұсыныстарын білдірді.

Өз кезегінде Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, «OtarBioPharm» ЖШС биофармацевтикалық зауытының құрылысын өте қысқа мерзімде ойдағыдай салынғанын айрықша атап өтті. 

Зауыт құрылысы шын мәнінде оңай шаруа емес. 3 жылда салынатын нысанды бір жылға жетпейтін мерзімде аяқтау – жоғары ұйымдастырылған істің нәтижесі. Алғашында қаржы бөлінбей тұрғанда демеушілер тауып, жұмысты қарқынды түрде жүргіздіңіздер. Қызметкерлер үшін көппәтерлі тұрғын үйлер, спорт кешені де бой көтерді. Бір кездегі шағын ғана институт аумағы қазір үлкен ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Бұл тек сөзбен емес, өз жұмысын іспен көрсете алатын елжанды азаматтардың қолынан келетін шаруа,-дей келе Е. Тоғжанов ризашылығын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы