Жамбылда биыл 109 әлеуметтік жоба басталды

9 Маусым 2020, 20:27
2139
Бөлісу:
Жамбылда биыл 109 әлеуметтік жоба басталды

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда елімізде өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында "Ауыл – ел бесігі" арнайы жобасы іске асырылуда. Ал Жамбыл облысындағы 372 елді мекенде 1 133 мың тұрғын бар. Оның 368-і ауылдық елді мекендер болса, оларда 683 мың халық тұрады екен.

Бұл туралы жергілікті әкімдіктің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова айтып берді. Оның сөзінше, сол 368 ауылдың 67-і тіректі, 167-і спутниктік, 4-і стратегиялық жағынан маңызды болып саналады, қалғандары даму әлеуеті орташа және төмен елді мекендер есебінде.

"Елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесін бекіту туралы" 6 министірліктің бірлескен бұйрығы әзірленгені белгілі. Бұл жүйе елді мекендердің инфрақұрылымға, мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін, яғни тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту көрсеткіштерін анықтайды. Жергілікті әкімдердің жұмысы осы тұрғыдан бағаланады. Ал аталған жоба аясында былтыр өңірдегі 3 аудан орталығында 2,7 млрд теңгеге 108 жоба іске асырылды. Байзақ ауданындағы Сарыкемер, Жамбыл ауданындағы Аса, Шу ауданындағы Төле би ауылдарында іске асқан 104 жобамен әлеуметтік, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымдары нысандары жөнделсе, 4 әлеуметтік нысанның құрылысы әлі жүріп жатыр, - деді басқарма басшысы.

Олар Жамбыл ауданындағы Аса ауылында орналасқан әмбебап залы бар спорттық сауықтыру кешенінің, Шу ауданының орталық  аудандық ауруханасына емхана ғимаратын жалғай салу, Төле би ауылындағы мәдениет үйі нысанын және әмбебап залы бар спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы екен. Гүлдана Әлімжанқызының айтуынша, жобаларды жүзеге асыру барысында 500-ден аса уақытша жұмыс орны құрылған. Ал, жаңағы 4 жобаның құрылысы биыл аяқталып, 85 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

2020 жылы "Ауыл – ел бесігі" жобасын жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облысының 7 ауданында орналасқан 29 ауылдық елді мекенге 7,4 млрд теңге бөлініп, 109 жоба бастау алды. Оның 15-і жаңадан тұрғызылатын әлеуметтік нысандар болса, 10 осындай нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал 84 жоба жолдарды орташа жөндеуге арналған, яғни  139 шақырымға жуық жол жаңарады. Сонымен қатар 1 200-ден аса уақытша жұмыс орындары құрылып, 129,5 млн теңге салық түсетін болады, - деп атап өтті Гүлдана Жауынбекова.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда 109 жоба бойынша мердігер компаниялар анықталған. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.
Өзгелердің жаңалығы