Жамбыл облысында биылдыққа атаулы әлеуметтік көмекпен 66 987 адамды қамтамасыз ету жоспарланған, деп хабарлайды Жамбыл облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы өңірдегі әкімдіктің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсел Шаймерденова мәлімдеді. Оның айтуынша, оларға облыстық, республикалық қазынадан барлығы 4,9 млрд теңге қаржы қаралған.
Тамызға дейін аймақта атаулы әлеуметтік көмекпен 8 038 отбасындағы 42 124 адамды қамтыдық. Осынша жанға бюджеттен 2 110,8 млн теңге үлестірілді. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 2 776 отбасыға немесе 12 539 адамға азайғанын көрсетеді, - деген Әсел Уәлиқызы өткен жылғы деректерді де атап өтті.
Былтыр Жамбыл облысында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 2 мыңға тарта тұрғын қамтылса, тұрақты жұмыс орындарына 732 азамат орналасқан. Ақылы қоғамдық жұмысқа – 471, әлеуметтік шаруаларға – 52, қысқа мерзімді курстарға – 14, жастар тәжірибесіне 7 жас жіберілген. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 200 АЕК мөлшерінде 688 тұрғын қайтарымсыз гранттар алды.
Ал ағымдағы жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1 398 адамды тартып үлгердік. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 1 009 азамат орналасты, ақылы қоғамдық шаруаларға 255 шақырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 85, қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына – 42, жастар тәжірибесіне 4 адам жіберілді. Тың, пайдасы бар бизнес идеяларды іске асыру үшін 400 АЕК мөлшеріндегі қайтарымсыз грантты 3 азамат жеңіп алды, - деді спикер.
Оның дерегінше, еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек алушылардың, жұмыспен қамтылғандардың және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандардың үлес салмағы биылдыққа 77,6 % болуы керек. Ал қазіргі таңда бұл көрсеткіш 73 %-ға жақындап қалған. Осындай мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде 2025 жылға дейін атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 52 652 адамға дейін төмендейді деген болжам бар.
Халық арасында атаулы әлеуметтік көмек дегеннің уақытша мемлекеттің қолдауы екенін түсіндіруге тырысып жатырмыз. Сол сияқты, кедейлер қатарынан шығу үшін жұмыспен қамту шаралары жасалуда. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар берілуде. Тұрғындар бұл мүкіндіктерді барынша пайдаланып қалу керек. Алайда, масылдық күйге түсіп кетпеу керек. Әр азамат мемлекетке жанашырлықпен қарап, оған да өзінің пайдасын тигізуге тырысқаны абзал, - деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары.
Әсел Шаймерденова өткен жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 1-6 жас аралығындағы балаларға арналған азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар енгізілгенін еске салды. Бұл шара балалардың ағзасын анемия, рахит және басқа да жалпы аурулардың алдын алу үшін дәрумендер мен қажетті заттармен толтыруды мақсат етеді. Биыл кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен 16 347 баланы қамтылу жоспарланған. Бұл үшін қазынадан 1,3 млрд теңге қаржы бөлінген.
Қаңтар-шілде айлары аралығында кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен 1 жастан 6 жасқа дейінгі 11 720 баланы қамтыдық. Келесі жылдан бастап Әлеуметтік кодекстің жаңа бастамалары аясында балаларға ұсынылатын кепілдік берілген әлеуметтік топтаманыың көлемі 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша ұлғаяды. Тағы да айта кетерлігі, өңірде жекелеген санаттағы азаматтарды әлеуметтік көмекпен қамту үшін 931,7 млн теңге қаржы қаралған, есепті мерзімге 8 329 адамға 664,1 млн теңге әлеуметтік көмек көрсетілді, - деді Әсел Уәлиқызы.
Ал жерлікті өкілетті органдардың шешіміне сәйкес жекелеген санаттағы азаматтарға берілетін әлеуметтік көмек Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, оларға кепілдік пен жеңілдіктер жағынан теңестірілгендерге, өмірлік қиын жағдайға тап болғандарға, әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратындарға, табиғи зілзаланың, өрттің салдарынан зардап шеккендерге және тағы басқаларға қаралады.
Үйде оқытылатын мүгедектігі бар балалардың шығындарын өтеуге 79,8 млн теңге қаржы жұмсалуы қажет. 1 тамызға дейінгі мерзімде 1 237 мүгедектігі бар бала 34,7 млн теңге шамасында көмекпен қымтылды. Үйде оқытылатын мүгедек балалардың шығыны ретінде керекті оқу құралдары, қаламсаптары есептеледі. Оларға 9 ай бойы, әр тоқсан сайын 6 АЕК көлемінде төленеді. Сонымен қатар облыста 40 831 көп балалы ана бар, Жыл басынан бері оларға 6 726,2 млн теңге мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды, - деді басқарма басшылығының өкілі.