Бүгін, 27 қаңтарда Жамбыл облысында қаруды ұстау кезінде ауыр жарақат алған мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің қаза болуына байланысты Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бұл туралы Қазақстанның Бас прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға бойынша жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу барысы Бас Прокурордың жеке бақылауына алынды. Мән-жайларды жан-жақты және объективті анықтау мақсатында Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор және ІІМ Әскери-тергеу департаментінің басшысы оқиға орнына барды.
Сонымен қатар, еліміздің әскери бөлімдерінде әскери тәртіптің сақталуы мен жеке құрам қауіпсіздігі талаптарының орындалуына кешенді тексеру жүргізу тапсырылды.
Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ мерзімді қызметтің қауіпсіз өтуіне қатысты мәселелер жақын арада Бас прокуратураның арнайы Алқа мәжілісінде қаралатын болады.