Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы кәсіпкерлер арасында «Ashyq» мобильдік жобасына қатысушылар саны артып келеді.
Өңірлік кәсіпкерлік палатасының директоры Еркін Атымтаевтың айтуынша, бүгінде QR-код алған 376 бизнес нысаны жоба бойынша жұмыс істеп жатыр.
Әр саланы бөліп-жарып айтатын болсам, қоғамдық тамақтану қызметін ұсынатын 239 кәсіпкер, 9 спорттық нысандардың иелері, 16 спа орталықтары, моншалар мен сауналар қызметімен айналысатындар, 20 шақты фитнес-орталықтар, 13 мәдениет объектілерінің қожайындары, 20 компьютерлік клубтардың, 10 бассейндердің, 6 қонақ үйлердің, 1 облысаралық және қалалық тұрақты емес (туристік) тасымалдардың, 6 лотоклубтардың иелері, еріктілерден 36 тұлға қалыптасқан ахуалға байланысты тиісті талаптарды орындады, - деді атап өтті ол.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні Тараз қаласы бойынша жобаның чекиндерін қолдану бойынша көшбасшы 10-нан астам қоғамдық тамақтану орталықтары бар екен. Ол жерлерде 1000-нан астам чекин тіркелген. Ал жобаның аутсайдерлері 20 чекиннен кем тіркелгендер болып табылады. Онымен қоса, 26 cәуірден бастап бүгінге дейін «қызыл» статусты – 8, «сары» статусты 26 келуші анықталыпты.
Еркін Атымтаев Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы тұрақты негізде «Ashyq» мобильді қосымшасын енгізу қажеттілігі туралы кәсіпкерлерді хабардар етіп отыратындығын жеткізді. Бұл бағытта телеарналардан ақпараттық сюжеттер мен роликтер көрсетіліп, әлеуметтік желілерде 300-ден астам материал әзірленген көрінеді.
Бүгінгі күні палата облыстың аудандары үшін «Ashyq» жобасына енгізу бойынша қадамдық нұсқаулығын әзірледі, онда барлық үлестірме материалдар қосымша жіберілетін болады, - деді кәсіпкерлік ұйымның жетекшісі.
Айта кетейік, 2021 жылғы 28 мамыр күні Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасы бекітілген болатын. Онда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне «Ashyq» қосымшасының үздіксіз жұмысын және анықталған «сары», «қызыл» мәртебесі бар келушілерді «Ashyq», «Aitu» ақпараттық жүйелері арқылы күн сайын түсіруді және «қызыл», «сары» мәртебесі бар жеке тұлғаларға COVID-19-ға оң ПТР талдаудың болуы туралы және науқастардың жақын байланыстары туралы смс-хабарламаларды беруді қамтамасыз ету айтылған.