Жамбылда 7 мыңнан аса түлек ҰБТ тапсырады

7 Маусым 2020, 20:31
1449
Бөлісу:
Жамбылда 7 мыңнан аса түлек ҰБТ тапсырады

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары білім беретін оқу орындарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны. Биыл Жамбыл облысында орта мектепті 9 171 түлек аяқтады. Оның 7 038 оқушы қазақ тілінде білім алса, 2 127-сі орыс тілінде оқыған. Ал түлектер саны өткен жылмен салыстырғанда 358-ге артық екен.

Бұл туралы жергілікті әкімдіктің білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова айтты. Ол биылғы түлектер елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты қорытынды аттестаттаудан босатылып, күні кеше орта білім туралы аттестаттарын алғанын да жеткізді. Мемлекеттік білім грантын алуға ниет білдірген 7 181 түлек маусымның 20-сы мен шілденің 5-і аралығында ҰБТ-ға қатысады екен. Тестілеу 5 пәннен өткізіледі, оның 3-еуі міндетті, 2-еуі таңдау пәні. Барлығы 120 сұрақ болса, максималды балл – 140.

Өңірдегі мектептердің түлектері ҰБТ-ны 10 тестілеу пунктінде тапсырады. Биылғы оқу жылында білім сынағына дайындық мақсатында мектеп бітірушілер Ұлттық тестілеу орталығының, Дарын-онлайн порталының сайттарындағы, «PyVela» мобильді қосымшасындағы тегін тестілеуден өтті. Мектептердің ұйымдастыруымен және өздігімен дайындықтан өткендері де бар. Сонымен қатар пән мұғалімдері түлектермен игерілмеген тақырыптары бойынша онлайн режимінде қосымша сабақтар өткізді. ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулықта көрсетілген талаптарды қатаң орындау туралы мектеп бітірушілермен және олардың ата-аналарымен түсініктеме жұмыстары да жүргізілді. Егер тестіленушіден тестілеу ғимаратының кіреберісінде тыйым салынған заттар табылған және бөтен тұлғаларды кіргізу фактісі анықталған жағдайда, тиісті акт толтырылып, ҰБТ тапсыруға жіберілмейді, - деді Гүлнар Маханқызы.

Оның айтуынша, аудиториядан тыйым салынған затпен анықталған, тестіленушінің орнына бөтен тұлғаның тестілеу тапсыру фактісі тіркелген жағдайда да тиісті акт толтырылып, тұлғалар тестілеуден шығарылады. Сәйкесінше тестілеуге тыйым салынған затпен кіруге әрекет жасаған немесе өз орнына бөтен тұлғаны кіргізуге талпынған тестіленушілерге де ҰБТ тапсыруға рұқсат етілмейді. ҰБТ барысында түлектерге кезекшінің көмегінсіз аудиториядан шығуға, бір-бірімен сөйлесуге, орындарын ауыстыруға, тест материалын алмастыруға, аудиториядан тест материалын алып шығуға қатаң тыйым салынады.

Қазіргі карантин жағдайына байланысты оқушының ата-аналары мен туыстарына тест өткізу пункттеріне келуге болмайды. Өйткені, тест болып жатқан аудиториялардан онлайн трансляция ұйымдастырылады. Биыл ережеге мынадай өзгерістер енді: ҰБТ сертификаты, білім грантын тағайындау туралы куәлік электронды түрде беріледі; SAT, ACT, IB халықаралық сертификаттары бар түлектер ҰБТ тапсырудан босатылады, грант тағайындау конкурсына бірден қатыса алады; педагогикалық мамандықтарға шектік балл 70 болып тағайындалды; тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағат 05 минутқа ұзартылды, - деген басқарма басшысы ҰБТ өтетін күндері ұйымдастырылуы тиіс шараларды да атап өтті.

Аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерде тұратын 3 675 түлекті тасымалдау жол полициясы қызметкерлерінің ілесуімен жүзеге асады екен. ҰБТ өтетін орындарда түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер қызметкерлерінің, таңертеңгі сағат 8.00-ден бастап тестілеу аяқталғанға дейін медициналық жедел жәрдем бригадасының кезекшіліктері бекітіледі. Тестілеу пункттерін үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етіліп, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауға алынбақ. Ал түлектердің уақытында кешікпей жеткізілуін қадағалау өңірлік білім басқармасы мен қалалық, аудандық білім бөлімдеріне жүктеліп отыр.

Өзгелердің жаңалығы