Жамбылда 4 мыңнан астам мемқызметші бар – маман

1 Мамыр 2021, 16:10
1549
Бөлісу:
Жамбылда 4 мыңнан астам мемқызметші бар – маман

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы жергілікті атқарушы органдар мен орталық атқарушы органдарды қоса есептегенде, мемлекеттік қызметтегі штат саны 4 945 бірлікті құрайды. Ал нақты саны 4 613 екен.

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аймақ бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ермек Тұмабеков айтты. Оның сөзіне қарағанда, Жамбыл облысындағы мемлекеттік қызметте 2 145 әйел жұмыс істейді. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 46,3 %-ын қамтиды.

Мемлекеттік қызметтегі жалпы басшылық лауазымдар саны – 1 272 болса, олардың ішінде 430-ы немесе 33,8 % әйел азаматтардан жасақталған. Жоғары білімі бар мемлекеттік қызметшілердің саны 4 195 немесе 91 %-ға жетеді. Орта кәсіби білімі бар қызметшілер 418 немесе 9 %, - деп атап өтті Ермек Абдуллаұлы.

Ол мемлекеттік қызметішлердің орташа жасы 40 жас екенін де мәлімдеді. Ал олардың орташа мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі – 12,2 жыл. Жыл басынан бері ауысымдылық көрсеткіші 1,5 %-ды немесе 77 қызметшіні құраған.

Биылғы бірінші тоқсанда Жамбыл облыстық мемлекеттік органдармен барлығы 312 бос лауазымдарға конкурс жарияланып, нәтижесінде 196 жеңімпаз анықталған. Есепті кезеңнің ішінде жалпы 773 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланған болатын, оның ішінде 283 мемлекеттік қызметші оқытылды. Сонымен қатар, тестілеуден өтуге барлығы 812 азамат өтініш білдірсе, олардың ішінен 333 маман немесе 41 %-ы тестілеудің шекті мәнінен өтті, - деді басқарма басшысы.

Е.Тұмабеков өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің жай-күйі жағдайына тоқсан сайын тұрақты түрде мониторинг жасалып отыратынын да мәлімдеді.

 


Өзгелердің жаңалығы