Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалын мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау шараларын уақытымен жүзеге асырып жатыр.
Мұны филиал директоры Рауан Садырқұлов айтты. Әлемдік пандемияның салдарынан былтырғы қыркүйек айына дейін ондағы барлық семинарлар мен курстар онлайн форматта ұйымдастырылған екен. Мемлекеттік қызметшілер интернет желісіне қосылған жеке компьютермен қамтамасыз етілген жағдайда ғана онлайн курстар мен семинарлардың тыңдаушылары қатарына қабылданған. Тыңдаушылар саны да жоспарға сай қамтылыпты.
Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап каратиндік жағдайдың талаптарын қатаң сақтай отырып, дәстүрлі форматта оқытуды қайта жандандырдық. Нақты сандарға тоқталсам, қайта даярлаудан өткен мемлекеттік қызметшілердің қатары 274 адамды құрады. Оның ішінде орталық мемлекеттік органдарға қарасты 31 қызметші бар. Ал жергілікті атқарушы органдарда еңбек ететін 243 маман қамтылды, - деді Рауан Нұрғалиұлы.
Оның мәліметіне қарағанда, былтыр аймақта біліктілігін арттырудан 1 083 мемлекеттік қызметші өткен. Олардың 350-і орталық мемлекеттік органдарда қызмет ететін болса, 733-і жергілікті атқарушы мекемелерде жұмыс істеп жүр.
Өткен жылғы сәуір-маусым айлары аралығында академияның барлық филиалы жаңадан қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің негізгі ережелерін түсіндіру бойынша 16 сағаттық оқытулар ұйымдастырыпты. Дәрістерді алдын ала дайындықтан өткен әділет органдарының және жоғары оқу орындарының тәжірибелі заңгер-мамандары жүргізген. Оған Жамбыл облысындағы барлық жергілікті атқарушы органнан – 2 319, орталық мемлекеттік органдардың жергілікті бөлімшелерінен 1 596 мемлекеттік қызметші қатысып, тиісті үлгідегі куәліктерін алды.
Көпшілікке белгілі, былтырғы 25 шілдеде Қазақстанның тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Осы саяси науқанда сайланған 28 ауыл әкімі 8-26 қараша аралығында өз біліктіліктерін арттырды, - деп атап өтті жауапты маман.
Рауан Садырқұловтың айтуынша, бірқатар жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілеріне және Жамбыл облысының жобалық басқару және цифрландыру орталығы мамандарына арналған «Жобалық менеджмент: ISO 21500 сертификациясына дайындық» тақырыбындағы біліктілікті арттыру семинарына 12 қызметкер қатысып, 8 қызметкер сертификат алған екен.