Жамбылда 19 елдімекенді су басу қаупі төмендендетілді

10 Сәуір 2021, 10:16
1370
Бөлісу:
Жамбылда 19 елдімекенді су басу қаупі төмендендетілді

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы аумағындағы су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою бойынша 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар кешенінің Жол картасы жасалған. Бүгінгі таңда ондағы 26 нысанның 25-інде атқарылуы тиіс жұмыстар толық аяқталыпты.

Бұл жайында өңірдегі төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, аталған Жол картасына сай жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 19 елдімекенді су басу қаупі төмендендетілген. 

Жол картасындағы орындалмаған бір нысан Тараз қаласының бір бөлігіне, Жамбыл мен Байзақ аудандарының бірқатар елдімекендеріне су басу қаупін тудыратын Талас өзенінің жағалауы еді. Ұзындығы 25 шақырымнан асатын ондағы тиісті жұмыстарды жүргізу үшін республикалық қазынадан керекті қаржы бөлінбеді. Сол себептен бұл шаруаны орындай алмай отырмыз. Әрі бұл нысанды 2023 жылға дейін жасалған шаралар кешенінің Жол картасына енгізіп қойдық, - деген жауапты маман бүгінде аталған бағыттағы шаруалардың түйіні тарқатылғанын жеткізді. 

Нақтылай айтатын болсақ, биылға арналған ауыл шаруашылығы нысандарын дамыту бағдарламасы аясында 555,5 млн теңгедей қаражат қаралып, «Идель» ЖШС-мен арнайы келісім-шарт жасалыпты. Ал қаржының 500 млн теңгесі республикалық бюджеттен аударылатын болса, қалғаны жергілікті бюджет арқылы бөлінбек. 

Департамент басшысы 2020 жылғы қыркүйектен биылғы сәуірге дейін аймақтағы гидротехникалық құрылымдарда зерделеу жұмыстарын жүргізгенін де жеткізді. Нәтижесінде, «Жамбыл су қоймалары» КММ-не тиесілі 22 су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстары қажет екендігі анықталған. Бұған мемлекеттік бағдарлама аясында 72,8 млн теңге бөлінген екен. Бүгінде 7 су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бұл бағыттағы зерделеу жұмыстары жалғасып жатыр

Өңірде барлығы 156 гидротехникалық құрылғы орналасқан, оның ішінде 36-сы республиканың меншігінде. Мұның 5-уі – су қоймалары, 2-уі – бөгеттер, 11-і – су тораптары, 18-і – магистралдық арналар. Коммуналдық меншікте 110 құрылғы болса, мұның 25-і – су қоймалары, 79-ы – тоғандар, 6-уы магистралдық араналар санатына жатады. Ал жеке меншіктегі 9 құрылғының 2-уі – су қоймалары, 5-уі – тоғандар, қалғаны – магистралдық араналар. Су айдындарының толымдылығы мен өзендердегі су деңгейіне су шаруашылық мекемелерімен бірлесіп күнделікті мониторинг жүргізіліп тұрады, - деді Момбаев.

Биылғы су тасқыны кезеңін апатсыз өткізу, сондай-ақ көктемгі су тасқынын туғызуы мүмкін төтенше жағдайлардың қаупін азайту мақсатында ақпан-сәуір айлары аралығында іс-шаралар айлығы ұйымдастырылды. Аудан мен қала әкімдіктері, өңірдегі су шаруашылығы мекемелеріне де бірқатар тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, арнайы комиссияның аймақта көктемгі су тасқынын болдырмауды талқылаған отырысы өтіп, осы бағыттағы маңызды мәселелер пысықталды.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, Жамбыл облысы аумағында жалпы ұзындығы 2 830,1 шақырымды құрайтын арық желісі, дренаж және суару каналдары бар. Қазіргі таңға дейін оның 2 430,9 шақырымы тазаланған. Бұндай шаруалардың орындалуы әлі де жалғасуда. Одан бөлек, темір және автомобиль жолдарында 430 көпір мен 1 164 су ағар құбырларының арнасы мен аумағы ретке келтіріліп, 215,6 текше метр қоқыс шығарылыпты. 

Тараз қаласының аумағында 164 шақырымға жететін арық жүйесі бар. Бүгінге дейін соның 82 шақырымын күл-қоқыстан тазартып үлгердік. Бұл бағыттағы жұмыстар да жалғаса береді. Тағы да айтайын дегенім, биылғы су тасқыны кезеңін апатсыз өткізу үшін материалдық-техникалық құралдарымыздың қажетті қорын жасақтап қойдық. Оның ішінде 138 тоннадай жанар-жағармай, 11 000 тоннаның шамасында инертті материал, 65 000 данадан астам қаптар бар, - деді спикер. 

ТЖД өкілінің сөзінше, орын алуы мүмкін төтенше жағдайларға жергілікті атқарушы органдардың корынан 569,1 млн теңге, шұғыл шығындарға 418,7 млн теңге қаржы бөлінген екен. Сонымен қатар, су тасқынына қарсы іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың күштері мен құралдары дайындалған. Су тасу салдарының алдын алу және жою үшін жұмылдырылатын Жамбыл облысындағы құралымдарда 638 маман мен 278 техника және 80 мотопомпа бар. 

Ал біздің өзімізде 380 жеке құрам, 74 техника, 21 жүзу құралдары мен 35 мотопомпа сақадай сай тұр. Орын алуы ықтимал көктемгі төтенше жағдай кезеңінде көшірілген тұрғындарды уақытша орналастыруға мәдениет және білім ошақтарынан 41 қабылдау пункті әзірленген. Сондай-ақ 139 шатырымыз, 200 шақты жатын қабымыз, 1 900-дей жиналмалы кереуетіміз бен 20 жылыту қондырғымыз бар, - деп атап өтті Ермек Момбаев.

Өзгелердің жаңалығы