Жамбылда 17 нысан «жасыл» энергия өндіреді

13 Мамыр 2021, 10:30
3758
Бөлісу:
Жамбылда 17 нысан «жасыл» энергия өндіреді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет тәуелсіздігін жариялаған жылдардан бастап «жасыл» экономика мәселесі басты бағыттардың бірі болып, жаңартылатын энергия көздерін дамыту ісі нақты қолға алына бастады.

1991 жылы Жамбыл облысында 1956-1965 жылдары пайдалануға берілген «Меркі» бірінші және екінші су электр стансалары ғана қолданыста болса, егемендік алған жылдардан бастап бұл бағытта қарқынды жұмыстар атқарылды. 2015 жылы өңірде жаңартылатын энергия көздерінің саны 9-ға жетіп, өндірілетін энергия қуаттылығы 114 мегаватты құрады.

Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «жасыл» экономиканы жаңғырту жұмыстары қарқынды түрде қолға алынып, 2014 жылы «Жасыл» экономика туралы» Заң қабылданғаны есімізде. Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан-2050» Стратегиясында да бұл тақырыпқа кеңінен тоқталып, Үкіметтің алдына нақты міндеттер қойған болатын.

Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағдарына негізделген жеті қағидатты атап көрсетті. Оның алтыншысында «жасыл» экономиканы дамыту қоршаған ортаны қорғау екенін баса айтқан.

Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың сөзінше, Елбасы мен Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырманы орындау аясында облыста бірқатар ауқымды тірлік атқарылды. Мәселен, 2015-2020 жылдары Сарысу, Қордай және Талас аудандарында ірі жел электр стансалары іске қосылса, Жуалы ауданында қуаттылығы 100 мегаватты құрайтын «Бурное Солар» күн электр стансаларының бірінші және екінші кезеңдері пайдалануға берілді. Нәтижесінде баламалы қуат көздерін өндіретін нысандар саны 16-ға дейін артып, жиынтық қуаты 318,4 мегаватты құраған.

Биыл қаңтар айында Шу ауданында орналасқан Тасөткел су қоймасында қуаттылығы 9,2 мегаватт су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды. Осылайша қазір Жамбыл облысында жалпы қуаттылығы 327,6 мегаватты құрайтын 17 нысан жаңартылатын энергия көзін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіруде. Бұл көрсеткіш республика бойынша 20 пайызды құрайды.

Баламалы энергия көздерінің саны және өндіріс қуаттылығы жағынан Жамбыл облысы республикамызда алдыңғы қатарда. Аталған нысандарда 290-ға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Былтыр облыста жаңартылатын энергия көздері арқылы 616,8 млн киловатт сағат электр энергиясы өндіріліп, 2019 жылмен салыстырғанда 47 пайызға өсті. Оның ішінде, жел электр стансалары арқылы  223,9 млн киловатт сағат өндіріліп, 2019 жылмен салыстырғанда 123 пайызды құраса, күн электр стансалары арқылы – 331,3 млн киловатт сағат, яғни 207 пайызға жетті. Су электр стансалары арқылы 61,7 млн киловатт сағат өндіріліп, 105,8 пайызды құрады, – дейді басқарма басшысы.

Жауапты маманның сөзіне сенсек, аймақта 2020 жылы өндірілген барлық энергия көзі арқылы 2 527 млн киловатт сағат электр энергиясының 24 пайызы баламалы энергия көздеріне тиесілі көрінеді. Жаңартылатын энергия көздері арқылы биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 160,4 млн киловатт сағат электр энергиясы өндіріліп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 150 пайыз өсімді көрсеткен.

Жаңартылған энергия көздерін дамытуды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы жүйесі Қазақстан Республикасының заңнамасында 2009 жылдан бастап бекітілген. Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы-қаржы есеп айырысу орталығы арқылы кепілденген сатып алу аукциондық сауда-саттық тетігі арқылы жобаларды іріктеу процесінің ашықтығы және Қазақстан Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, инвестициялық преференциялар беру, тағы басқа шаралары қойылған нақты индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік жасайды екен. 

Еліміздің «Жаңартылған энергия көздерін қолдау туралы» Заңының 7-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану объектілерін салу үшiн жер заңнамасына сәйкес жер учаскелерiн резервке қою және беру жатады. Биылғы жылдың басында бір нысан «Тасөткел СЭС-2» пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін қосымша тағы да бір нысанды, яғни Сарысу ауданында орналасқан «Жаңатас» жел электр стансасын толық іске қосып, 100 киловатты құрайтын жобалық қуаттылығына шығу жоспарлануда. Одан бөлек, 2022 жылы екі жобаны – Талас ауданында жел электр стансасын, ал Жуалы ауданында «Көксай» су электр стансасын іске қосу бойынша жұмыстар атқарылуда.

Биыл және келер жылы аталған жобалар толық аяқталғаннан кейін Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздері арқылы өндірілетін электр энергиясы 415,1 киловатқа жеткізілетін болады. Бұл көрсеткіш өз кезегінде, облыста бір жылда өндірілетін электр энергиясының 25 пайызын құрайды. Қазақстанның «Жасыл» экономикаға өту жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес, 2050 жылға қарай жасыл энергия көздері арқылы өндірілетін электр энергиясының үлесін 50 пайызға жеткізу жоспарланған. Тұжырымдамада анықталған көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында аймақта ЖЭК нысандарын дамыту бойынша күн, жел, су электр стансаларын орнату әлеуетімізді нақтылап, 2020-2030 жылдарға арналған болжам картасы әзірленді, - деп атап өтті Құдайберген Қорғанбаев.

Оның айтуынша, болжам картасы жаңа нысандарға жер беру, инвестициялар тарту, сондай-ақ әр аудан бойынша су, жел, күн стансаларын дамыту әлеуеттерін анықтау бөлігінде аудан әкімдіктері мен жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармаларымен бірлесіп дайындалған. Картаға сәйкес 2020-2030 жылдар аралығында жиынтық қуаты 836 мегаватты құрайтын 12 жобаның тізімі қалыптастырылып отырса керек. Одан бөлек, Жамбыл облысы аумағындағы өзендерде және су қоймаларында су электр стансаларын салу бойынша болашақта жүзеге асырылатын жобалар тізімі де әзірленіпті.

Қазір өңірде жалпы қуаты 326,7 мегаватты құрайтын 17 нысан жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіретінін айттық. Енді жаңа жоспарға сәйкес 2021-2030 жылдар аралығында ЖЭК саны 32 нысанға жеткізіліп,  қуаты 1251 киловатты құрайды. Сонымен қатар Энергетика министрлігімен әзірленген Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін іске асыру бойынша жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларға арналған нұсқаулық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының интернет сайтында орналастырылды, - деді жауапты маман.

Бұл құжат Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері  жобаларын іске асыруды жоспарлап отырған инвесторлар үшін кезең-кезеңмен нұсқаулық болып табылады екен. Сондай-ақ мемлекеттік шаралар туралы ақпаратты қамтиды. Тағы да айта кетерлігі, бұл құжат Қазақстанда ЖЭК жобаларын дайындау, келісу, бекіту және іске асыру рәсімдерін регламенттейтін негізгі нормативтік-құқықтық актілерге шолу жасайды.

Өңірдің табиғи-климаттық жағдайына және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану үшін маңызды энергетикалық әлеуетіне қарай ғасыр жетістігі саналатын бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай жоспарлы түрде жалғасатын болады.

Өзгелердің жаңалығы