Жамбыл облысында бір ай ішінде тұрғындар полицияға заңсыз сақталған 91 атыс қаруын тапсырды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қару мен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсыруға бағытталған республикалық акция 21 сәуірде басталған. Акция аясында 13 ойық мылтық пен 78 тегіс ұңғылы қару қабылданған.
Қаруды сатып алу үшін полиция департаментінде арнайы комиссия құрылып, тапсырылған қарудың түрі мен техникалық жағдайына қарай өтемақы көлемін анықтап отыр. Қаруды сатып алуға жалпы 11 миллион теңге бөлінген, оның ішінде 7,7 миллион теңгесі игерілген, ал қалған 3,3 миллион теңге әзірге пайдаланылмаған.
Қаруды тапсыру үшін тұрғындар полиция бөлімшесіне өздері әкеліп бере алады немесе 102 нөміріне хабарласып, қызметкерлерді үйге шақыру мүмкіндігі бар. Қару тәркіленгеннен кейін иесіне тиісті өтемақы төленеді.
Сонымен қатар, полицейлер заңсыз сақталған қару, оқ-дәрілер немесе жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салды.