Жамбыл облысының бес айдағы экономикалық өсімі 6,2 пайызды құрады

22 Маусым 2022, 01:11
1334
Бөлісу:
Жамбыл облысының бес айдағы экономикалық өсімі 6,2 пайызды құрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте бірқатар мәселе қаралды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жергілікті атқарушы органдардың халықпен кері байланысы бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмухаммед Ниязбеков, баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы,  цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабеков баяндама жасады. Олар әлеуметтік желіде көтеріліп жатқан өзекті мәселелер, басшылардың белсенділігі, өтініштерге жауап берілу деңгейіне қатысты талдаулар қорытындысына тоқталды.

Аймақ басшысы бірқатар кемшіліктер бойынша аудан әкімдері мен басқарма басшыларынан жеке-жеке жауаптар алып, алты айдың қорытындысымен нақты шешімдер қабылданып, шаралар қабылданатынын ескертті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және бюджеттің атқарылуы, 6 айдағы болжамдық көрсеткіштер туралы айтылды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, қаңтар-мамыр айларының қорытындысымен өңірде экономикалық өсім 6,2 пайызды құраған. Сондай-ақ аудандар бөлінісіндегі төмен көрсеткіштер назарға алынды.   

Аталған басқарма басшысы қаңтар-маусым айларымен негізгі экономикалық көрсеткіштердің күтілу мәндеріне талдау жүргізілгенін жеткізіп, Қордай, Мойынқұм, Сарысу аудандарында инвестиция көлеміне қатысты жоспардың төмен орындалу қаупі бар екенін жасырмады.

Қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиев 2022 жылдың 1 маусымына облыс бюджетінің  кірістері 207,4 млрд. теңгеге немесе 106,1 пайызға орындалғанын атап өтті. Жалпы, облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 208,5 млрд.теңгеге немесе 99,4 пайызға игерілген.

Нұржан Нұржігітов барлық көрсеткіштер толығымен орындалу керектігін, оған мүмкіндік те, әлеует те жететінін баса айтты.

Басқосуда азық түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағалары мен қамтылуы жайы да қаралды.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыста жыл басынан бері жалпы инфляция 8,5 пайызды құраған.

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы апта ішінде 0 пайызды, жыл басынан бері 18,5 пайызды құрап, 2 тауар түрі бойынша өсім, 2 тауар түрі бойынша төменделу қалыптасқан. Дегенмен, жалпы облыс бойынша 17 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары республикалық деңгейден төмен.

Аймақ басшысы баға әрдайым бақылауда болу керектігін баса айтып, төрт бағыт бойынша жұмыстарды күшейте түсу керектігін жеткізді.

Нақтырақ айтқанда, азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасына апта сайын мониторинг жұмыстарын жүргізу және балама арзан тауарларды сатып алуға болатынына түсіндірме жұмыстарын қатар ұйымдастыру қажеттілігіне, сауда орындарымен шаруа қожалықтар және жеке кәсіпкерлер арасында форвадтық келісім шартын көбейтудің маңыздылығына назар аударылды.

Сондай-ақ, «Тараз» ӘКК-сы тұрақтандыру қорындағы қалған өнімге талдау жасап, қандай тауар сатып алу керектігіне ұсыныс әзірлеуі тиіс, сауда орындарындағы үстемақы бойынша бақылауды күшейтіп, жиі мониторинг жұмыстарын жүргізуге барынша ден қою керек.

Дүкендер, соның ішінде әлеуметтік дүкендер барлық әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтылып отыруы қажет.

Азық-түлік немесе азық-түлік емес тауарлар бойынша да бірыңғай алгоритмге сәйкес әрекет еткеніміз дұрыс.

Бағаны бақылауда ұстау – біздің жұмысымыздың басты бағыттыраның бірі. Бұл тұрғыдағы жұмыстарымыздың нәтижесі тек қағаз бетіндегі көрсеткіштерде ғана қалып қоймай, оны халық сезінуі тиіс,-деп Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Өзгелердің жаңалығы