Жамбыл облысының ауыл тұрғындары лимон өсіруді бастады

16 Ақпан 2021, 14:12
1497
Бөлісу:
Жамбыл облысының ауыл тұрғындары лимон өсіруді бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Меркі ауданында  жылыжай шаруашығы жыл санап дамып келеді. Ауданда түрлі дақылдар өсіретін 42 жылыжай жыл он екі ай жұмыс істеуде. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бірі қызанақ, бірі қияр, тіптен құлпынай өсіруді де жетік меңгеріп алған. Ал Ақтоған ауылының  тұрғыны Данияр Әбдіразақ жылыжайда қазақстандықтарға бейтаныс лимон өсіруге бел буған. 

Жас кәсіпкер 2018 жылы жылыжай салып, онда қияр өсірумен айналысқан. Кәсібінен мол табыс табуды көздеп, ерекше дақылды өсіруді ойластырады. Осылайша ауданға лимон өсіру бойынша ұсыныспен келген «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының ұйымдастырған семинарында өзінің кәсібін тапқандай сезінеді. 

Қияр  өсіріп отырған жылыжайында қияр арасына 25 түп лимон көшетін егіп, оны күтіп, баптау әдістерін меңгере бастайды. Қазірдің өзінде лимоннан өнім алып,  алдағы уақытта  бүкіл аймақты өз өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарлауда. 

Жылыжайда лимон өсіру идеясы Даниярға  Оңтүстік Кореяда тәжірибеден өткеннен кейін келді. Дәл сол жерде ол жылыжайда лимон өсіру қиын емес екенін алғаш рет көрді. 

Шығындар мен кірістер арасындағы айырмашылықты ойлай отырып, мен оның қаншалықты пайдалы екенін түсіндім. Біздің аймақтағы ауа-райы Кореядағы жағдайға өте ұқсас. Жалғыз айырмашылық – онда  жер ылғалдылығы жоғары. Бірақ бізде жер құнарлы. Менің малым болғандықтан, арнайы тыңайтқыштар қажет емес. Көң мен қарашірік өсімдіктерді қоректендіру үшін қолайлы. Әзірге 25 көшет отырғыздым. Олар Ташкенттен әкелінді. Көшет құны 4500 мың теңге. Мен кәсіпкерлерлік басқармасы арқылы инновациялық жоба ретінде лимон өсіру жобасын қорғап, 2,5 миллион қайтарымсыз грант жеңіп алдым. Осылайша қажеттіліктердің барлығын жасап алдым. Лимон бірнеше жылдан кейін ғана толық жеміс бере бастайды. 2019 жылы бір ағаштан бес-алты лимон алдым. Әзірге гүлдерін жұлып, көшеттердің нығайуына жағдай жасап отырмын. Бірнеше жылдан кейін ағаштар толық жеміс бере бастайды. Сол кезде әр тал 50-60 келі  өнім береді, - дейді Данияр Әбдіразақ. 

Жамбыл облысының ауыл тұрғындары лимон өсіруді бастады

Кәсіпкер лимон ағаштарының арасында қияр өсіріп отыр. Ол жылыжайды ұстауға жұмсалатын шығындардың көп бөлігін өтеуге мүмкіндік береді. Қиярды сатып жылыжайды жылыту үшін алған көмір, жарыққа кетіп жатқан шығындар жауып отыр. 

2019 жылдың соңында  қиярдан бірінші рекордыма қол жеткіздім. Бір маусымда осы жылыжайдан үш тонна қияр алдым. Сонымен қатар, үй жанында «Альбион» сұрыпты құлпынай отырғызып қойдым. Құлпынайдың бұл тұқымы ірілігімен, жоғары өнімділігімен ерекшеленеді, бұл сіздің агробизнесті одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді,-дейді жас кәсіпкер. 

Даниярдан үлгі алған аудандағы төрт шаруа мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланып, әрқайсысы  жүз лимон көшеттін  отырғызып қойған. Бірер жылда өнім беретін лимон талдары әрбір кәсіпкерге мол табыс әкелетіні сөзсіз. Қазірдің өзінде лимонның бір келісі 1000 теңге, ал індеттің өршіп тұрған кезінде 2000 теңгеге дейін көтерілгені баршаға мәлім.

Өзгелердің жаңалығы