Жамбыл облысының әкімі «Қазфосфат» ЖШС бас директорымен кездесті

19 Сәуір 2022, 09:45
1469
Бөлісу:
Жамбыл облысының әкімі «Қазфосфат» ЖШС бас директорымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Нұрхан Нұрлановпен кездесті.

Кездесуде компания қызметінің бірқатар өзекті мәселелері, оның ішінде инвестициялық бағдарлама мен кәсіпорынның өндіріс көлемін арттыру, әлеуметтік міндеттемелерді орындау, әлеуметтік нысандарды салу жөніндегі жоспарларына қатысты мәселелер қаралды.

Нұрхан Нұрланов өткен жылы Қаратау қаласында 72 пәтерлі тұрғын үйді  халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтарының игілігіне берілгенін атап өтті. Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы отбасылар, ардагерлер, мүгедектер, сондай-ақ жеке баспанасы жоқ «Қаратау» МКҚК қызметкерлері бар. Инвестиция көлемі 1200 млн. теңгені құрайды. Сондай-ақ, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары бар жаңа саябақ ашылған.

Тараз қаласында «Қазфосфат» ЖШС өз қызметкерлері үшін «Інжу» тұрғын үй кешенінен 31 пәтер сатып алып алған. Пәтерлер толықтай жиһазбен жабдықталған және кіруге дайын. Инвестиция көлемі 301 млн. теңгені құрайды.

Серіктестік облыс орталығындағы Үшбұлақ каналының жағалауын абаттандыру жобасына да қаржы бөлген.

Кәсіпорын биыл Жаңатас қаласындағы «Үш алып» ғимаратын қайта жаңғыртуды жоспарлауда. Нәтижесінде ардагерлерге, мүгедектерге, Қаратау тау-кен өңдеу кешені қызметкерлеріне, кезекте тұрған көп балалы отбасыларға пәтер кілттері табысталмақ.

Сондай-ақ спорт залы мен аллеялар қайта жаңғыртылып, онда қазақтың үш биіне еңселі ескерткіш орнатылатын болады.

«Қазфосфат» ЖШС ЖФ «ЖЖФЗ», «МТ», ТФ «ТТК» филиалында еңбек жағдайларының сапасын жақсарту мақсатында асханаларды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа заманауи қондырғылар орнатылған. «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінің медициналық пункті мен 5 ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары атқарылған.

Нұрхан Нұрланов қызметкерлердің жалақысы жыл сайын артып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, мерекелер қарсаңында зауыт жұмысшылары сыйақы алады.

Жұмыс орындарын сақтау, жалақыны өсіру, еңбек жағдайларын жақсарту  секілді негізгі мәселелер әрқашан айрықша назарда болуы керек, – деді облыс әкімі.

Өзгелердің жаңалығы