Жамбыл облысындағы су қоймалары 69 пайызға толды

30 Наурыз 2022, 09:44
1365
Бөлісу:
Жамбыл облысындағы су қоймалары 69 пайызға толды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысындағы су қоймаларының толу көлемі қазіргі таңда орта есеппен 69 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу көзделуде.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

 Осы және көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жан-жақты айтылды.

Қыста қар түспеді. Дегенмен қазір жауын-шашын аз жауып жатқан жоқ. Біз осы ауа-райын тиімді пайдалану керекпіз. Су қоймаларына қажетті ылғалды жинап алу қажет. Былтыр шаруаларға егіс науқанына дейін барлық алқапқа су жетеді деп уәде берген болатынбыз. Сол уәдеде тұруға тиіспіз. Кейбір су айдындарындағы су реттегіш қондырғыларын қайта жөндеу керек. Каналдарды реттеу, тазалау жұмыстарын уақыт созбай аяқтаңыздар,-деді облыс әкімі.         

Аймақ басшысы каналдарды жөндеу бойынша жобалауда кеткен қателіктерді сынға алып, ол тиісті бақылаудың жоқтығынан орын алғанын ескертті.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұратхан Шүкеев қазіргі уақытта су қоймаларында су толтыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Ағымдағы жылдың 29 наурызына аудандарда орналасқан су қоймаларындағы судың жиналу көлемі орта есеппен 69,0 %-ды құрап отыр. Суармалы маусым кезеңіне (вегетация) дейін судың жиналуын 80 пайызға дейін асыруды жоспарлап отырмыз. Алайда, кейбір су қоймаларын толтыру мүмкіншілігі төмен болып отыр. Атап айтсақ, Райымбек, Ынтымақ, Сасықбай, Көшеней, Тастан, Дауітбай, Тегістік  су қоймаларына су жинап алу мәселесі қиындауда. Биыл  осы су қоймаларында су тапшы болу қауіпі бар,-деді басқарма басшысы.

2021-2022 жылдарға арналған жоспарға сәйкес 10 су қоймасы қалпына келтіріледі деп жоспарланса, бүгінгі күнге оның 6-уында жұмыстар аяқталған. Аталған су қоймалар мен бөгеттерді іске қайта қосу жұмыстары ағымдағы жылдың аяғына дейін аяқталады деп күтілуде. Жалпы, бұл су қоймалары қалпына келтірілген жағдайда болжаммен 9,65 млн.текше метр су жиналып, 2 411 га суармалы жер алқабын айналымға қосу мүмкіншілігі болады.

«Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қазыбек Бедебаев филиал теңгеріміндегі каналдар  қоқыстардан, лай мен өсімдіктерден тазаланып, гидроқұрылымдарда ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде екендігін айтты. Бүгінгі күнге 572 шақырымдық каналдар  тазаланып, гидроқұрылымдар жөнделуде.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов көктемгі дала жұмыстарының барысына тоқталды. Ол ағымдағы жылы  ауыл шаруашылығы дақылдары 760 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда егістік алқабы  9,2 мың гектарға ұлғайғанын жеткізді.

Облыс бойынша дала жұмыстары басталып кетті. Жоспарлы 106,4 мың гектардың 30,8 мың гектарында жер жырту жұмыстары басталса, 102,9 мың гектар алқапта дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге 77,8 мың тонна тұқым дайындалды. Ағымдағы жылғы көктемгі дала жұмыстарына ақпан-мамыр айларына жалпы 10 920 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Облыс бойынша 14 таратушы оператор анықталды. Шаруашылықтарға арзандатылған түрде тарату бағасы 194-208 теңге аралығында бекітілді,-деген басқарма басшысы ұзындығы 722,6 шақырымды құрайтын 192 канал асар әдісімен тазаланғандығын атап өтті.

Облыс әкімі жер асты суларын тиімді пайдалануға да айрықша назар аудартты. Ол үшін ұңғымалар санын арттыру, ескі ұңғымаларды қалпына келтіру немесе жаңасын қазу жұмыстарының маңыздылығын айтты.

Егістік алқаптарды қайта түгендеп, нақты көлем есебін шығарыңыздар. Картоп, сәбіз, қырыққабат, алма, таңқурай, қызылша және тағы басқа дақылдардың нарықтағы қажеттілігін ескеріп, егістік көлемін арттыру қажет. Біз бұл дақылдармен өзімізді толық қамту керекпіз. Агрохолдингтер құру, жер картасын әзірлеу бойынша берілген тапсырмалар әлі күнге орындалмай отыр. Бұл өз кезегінде көптеген мәселелердің тиімді шешілуіне қолбайлау болуда,-деді Сапарбаев.

Жиын қорытындысымен аймақ басшысы жауаптыларға суды аз қажет ететін өнімдерді отырғызу, су үнемдеу технологияларын пайдалану  және суармалы жерлерде агротехникалық және мелиорациялық жұмыстарды жүргізу, ауыспалы егістік технологиясын қатаң түрде сақтау және де майдаланып кеткен, ауылшаруашылығы тауар өндірушілерді, үлкен кооперативтерге немесе агрохолдингтерге біріктіру, сапалы тұқым мен тыңайтқыштарды барынша пайдалану бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Өзгелердің жаңалығы