Жамбыл облысындағы 93 мектеп онлайн түрде білім беруді бастап кетті

17 Қаңтар 2022, 22:30
2038
Бөлісу:
Жамбыл облысындағы 93 мектеп онлайн түрде білім беруді бастап кетті

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы аумағындағы аудандар мен қалаларда орын тепкен, білім алушыларының қатары 600-ден астам жалпы білім беретін мекемелер меншік нысанының түріне қарамастан үшінші тоқсанды онлайн түрде оқып бастады.

Бұл жайында жергілікті әкімдіктің білім беру басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов хабарлады. 

Оның мәліметінше, оқушылардың санына қарамастан, ауылдық мектептердің барлығы, сонымен қатар білім алушылардың қатары 600 оқушыға жететін қалалардағы мектептер штаттық үлгіде білім беруді жалғастыруда. Бұл орайда, «Бір кабинет – бір сынып» қағидасы мен санитарлық-эпидемиология талаптары қатаң сақталып жатыр.

Қашықтықтан оқыту үлгісіне көшірілген оқушылардың барлығы компьютер техникасымен қамтамасыз етілді. Жалпы өңірдегі 478 білім беру мекемесінде 245 623 оқушы білім алады десек, 330 мектепте 600-ге дейін, 148 мектепте 600-ден астам оқушы бар. Бүгінде аудандардың орталықтары мен қалаларда орын тепкен 93 білім ошағы онлайн түрде оқытуда. Алайда, ол мектептердегі 1-2 сыныптар штаттық режімде білім алады. Жалпы, 93 мектепте 122 905 білім алушы болса, оның 84 252-сі қашықтықтан, 38 653-і штаттық режімде білім алуды жалғастырды, – деп түсіндірді жауапты маман.

Бейқұт Тілебалдыұлының сөзіне қарағанда, 600-ден астам оқушылары бар қалған 385 білім беру мекемесі штаттық үлгіде, санитариялық талаптарды сақтай отырып жұмыстарын жалғастырып кеткен.

Ол вакцинацияның толық курсын алған оқушылар білім ошағы әкімшілігінің қалауы бойынша штаттық режімде оқуға жіберілгенін де жеткізді. Аймақта білім қызметкерлерінің 76,3 %-ы, яғни 40 341 педагогтың 11 224-і коронавирустық инфекцияға қарсы ревакциянациядан өткенін де айтты.

Бүгінде Жамбыл облысындағы 553 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 57 100 бала тәрбиеленуде. Барлық меншік нысанындағы мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі штаттық режімде жалғасады. Жалпы білім беретін ұйымдардағы оқу процесі белгіленген оқу жүктемесіне, оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес, ұзақ мерзімді жоспарлау негізінде жүргізіледі, – деді Бейқұт Жамангозов.

Басқарма басшысы өңірде биылғы оқу жылында 44 колледжде 23 583 студент білім алып жатқанына тоқталды. Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері 24 қаңтардан бастап академиялық кезеңде оқытуға дайын.

Өзгелердің жаңалығы