Жамбыл облысында жер пайдалану картасы әзірленеді

14 Наурыз 2021, 07:21
2285
Бөлісу:
Жамбыл облысында жер пайдалану картасы әзірленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жайылымдық жерлер мал басына қарай бөлінуі тиіс. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жан-жақты қаралды, деп хабарлады облыс әкімдігінің ресми сайты.

Жиында алғаш болып баяндама жасаған облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңында нақты міндеттер көрсетілгенімен, кейбір ауылдық округ әкімдерінің құқықтық нормаларды жете түсінбейтінін тілге тиек етті.

«Жайылымдар туралы» Заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық аудандарында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жайылымдарды пайдалану жоспары мен схемасы бекітілді. Алайда, талдау барысы бұл шаралар формалды түрде жүргізілгендіктен «Жайылымдар туралы» Заңның талаптары мен нормалары орындалмай отырғандығын көрсетіп отыр. Бекітілген жайылымдар жүктемесі нормаларының сақталмауы елді мекендер маңындағы жайылым жерлердің жетіспеуіне және жердің тозуына алып келуде, – дейді басқарма басшысы.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қаңтарына облыс бойынша 3,6 миллион бас төрт түлік тіркелген. Басты мәселе тұрғындардың барлық малды жылдың төрт мезгілінде де ауылда ұстауы болып отыр. Осыдан барып елді мекендер маңындағы жайылымдардың жетіспеушілігі туындауда.

Аудан, ауыл әкімдері Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңына сәйкес жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормаларының сақталуын, ауылдық округ маңында орналасқан жайылымдармен қамтамасыз етілмеген жеке және заңды тұлғалардың ауыл шаруашылығы жануарларының мал басын шалғайдағы жайылымдарға немесе орман қорындағы жайылымдарға шығаруды үйлестіру қажет.

Жиында осы мәселе бойынша сөз алған облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков мемлекеттік орман қорының жерін тиімді пайдаланудың жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда 1859,8 мың гектар жердің 1161,6 мың гектары әр түрлі мақсатта пайдалануға берілген. Тағы 698,3 мың гектар жерді пайдалануға мүмкіндік бар екендігі туралы аудан әкімдіктеріне арнайы хат та жолданыпты.

Ал, облыс әкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілқайыр Тамабек жайылымдарды тиімді пайдалану бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін, ол бойынша тиісті ұсыныстар жолданғанын жеткізді. Заңсыз берілген 186 гектар жер жуырда ғана сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылса, басқа да аумақтар бойынша да сот процестері жалғасуда.

Басқосуда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жайылым тапшылығын жою бағытындағы жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізді.

Жер дауы қоғамда бұрыннан өзекті мәселеге айналған. Соның ішінде жайылымның жай-күйіне байланысты мен нақты тапсырма берген болатынмын. Бір жылдың ішінде жұмыс өте төмен деңгейде жүргізілді. Халық осы жердің арқасында малын өсіріп, егінін егіп отыр. Ал оны біз толыққанды қамтамасыз ете алмасақ, не болмақ? Алдағы 1 шілдеге дейін жер пайдалану бойынша зерделеу жұмыстарын аяқтау қажет. Бұл тұрғыда менің жауапты орынбасарларым, тиісті басқармалар аудан әкімдіктерімен бірлесіп, халыққа кең көлемде ақпарат беру керек. Әсіресе шаруа қожалықтары толық ескерткен жөн. Кім мал ұстамайды, оның жері қайтарылуы тиіс. Енді жер мал басына байланысты бөлінетін болады. Сосын төрт түлік үй ауласына сыймай жатса, жайлауға шығарған абзал, – деді аймақ басшысы.

Келесі кезекте тиісті министрліктердің бұйрықтарын негізге ала отырып, аймақтық нормативтерді дайындауымыз керек. Бұл құжат облыстық мәслихаттың сессиясында бекітілмек. Ол үшін талдаулар дұрыс жүргізілуі қажет.

Бәрін терең зерттей келе, Жамбыл облысының жер пайдалану картасын жасаймыз. Соның ішінде бәрін қамтитын боламыз. Қай жер игерілуде? Қай жер бос жатыр? Бұл тұрғыда цифрландыру жүйесінің мүмкіндігін пайдаланып, электронды базаға енгізу қажет. Әйтпесе жуырда Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында орын алған жер дауы басқа аймақтарда да қайталануы мүмкін. Біз мұндай түйткілге жол бермеуіміз керек, – деді Бердібек Сапарбаев.

Өзгелердің жаңалығы