Жамбыл облысында жаңа жылға дейін 22 елді мекенге газ тартылады 

7 Желтоқсан 2020, 14:50
913
Бөлісу:
Жамбыл облысында жаңа жылға дейін 22 елді мекенге газ тартылады 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қордай ауданында 22 елді мекенді газбен қамту үшін 11 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ.

Ал ауыз сумен қамту бойынша 6 елді мекенге 2,7 млрд теңге бөлінген. Су құбырларының құрылысы аяқталса, тұрғындарды орталықтандырылған ауыз сумен қамту үлесі 78% жетеді.

Қордай ауданының әкімі Дәулет Рүстем Рысбайұлы ӨКҚ ақпарат алаңында өткен брифинг барысында баяндамасын қордайлықтарды газ және ауыз сумен қамту жұмыстарынан бастап, аудан тіршілігінің қазіргі жағдайына және 2020 жылдың 11 айында ауданның инфрақұрылымын нығайту мақсатында атқарылған жұмыстарына нақты тоқталды.

Аудан басшысының сөзінше, Қордайдағы қақтығыстан кейін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ал зардап шеккен отбасыларға 40 млн теңгеден астам тиісті әлеуметтік және материалдық көмектер көрсетілген.

Бүгінгі таңда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Жалпы аудан бойынша 1 524 азамат үй кезегінде тұр. 5 қабатты 5 үйді және Қаракемер ауылындағы 2 пәтерлі 10 үйді іске қосу есебінен 310 пәтер ел игілігіне беріледі. Сондай-ақ, баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында асармен салынып жатқан 15 үйдің 9-ы тапсырылды, 6-ы желтоқсан айының соңында тапсырылады,- деп баяндады спикер.

Бұдан бөлек, биыл ауданда өндірілген өнім 118,9 млрд теңге болып, экономикалық өсім 121,9%-ды құрады. Ал аудандағы құрылыс-жөндеу жұмыстарына қатысты 392 жобаға 35,1 млрд теңге бөлінген. Жобаларды жүзеге асырудың арқасында 4 630 жұмыс орны құрылған. Бүгінде барлық жобаның 38 нысанында, яғни 97%-ға жұмыстар аяқталған.


Сондай-ақ, жер телімдеріне инфрақұрылым игіліктерін орнату бойынша жалпы соммасы 2,6 млрд теңгеге 7 жоба іске асуда. Нәтижесінде 2020 жылдың жыл соңына дейін 1070 жер телімін кезектегі азаматтарға беруге мүмкіндік тумақ, - деп атап өтті, аудан әкімі Рүстем Дәулет.


Өзгелердің жаңалығы