Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері өткен аптада 22 дана қару мен 800-ге жуық түрлі калибрлі патрондарды тәркіледі.
Бұл туралы Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Олардың ішінде 3 жарық-шу гранатасы, 1 травматикалық қару, 1 тапанша, 2 карабина, 3 автомат, 12 аңшылық мылтық, 2 газ тапаншасы, 1 тегіс ұңғылы помпалық мылтық бар.
Табылған қаруларға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оны полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер оның басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салады, - делінген хабарламада.
Анонимділікке кепілдік беріледі.