Жамбыл облысында қуаттылығы 50 МВт болатын КЭС салынып жатыр

20 Желтоқсан 2021, 21:15
1465
Бөлісу:
Жамбыл облысында қуаттылығы 50 МВт болатын КЭС салынып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл ауданындағы «АЕК АСА» ЖШС күн электр станциясының құрылыс барысымен танысты.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталған электр станциясының құрылысы 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарлануда. Жобалық қуаты – 50 МВт.

Жоба аясында 16 млрд. теңге инвестиция тартылуда.

Жергілікті билік инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге көмектесуде. 300 гектар жер бөлінген. Бас мердігер «RODINA» компаниясы (Украина).

Жоба жетекшісі Денис Ткаченконың айтуынша күн электр станциясының құрылысына 170 адам тартылса, нысан іске қосылғаннан кейін 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

- Жамбыл облысының жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудағы әлеуеті зор. Инвестициялық ортаны жақсарту, табиғи ресурстарды барынша пайдалану бойынша шаралар қабылдау қажет. Күн электр станциясы – өңірді электр энергиясымен қамтамасыз етуге өз үлесін қосатын маңызды нысан. Мұндай жобаның іске асуы жаңа жұмыс орындарын құруға, бюджетке салық түсімдерінің және өңірге тартылатын инвестициялардың артуына ықпал етеді, бұл облыс экономикасына оң әсер етері сөзсіз, - деп атап өтті облыс әкімі.

Айта кетейік, Жамбыл облысында баламалы электр қуатын өндіретін нысандардың саны 17-ге жетті. Олардың жалпы қуаты 388 МВт құрайды. Бұл нысандармен елдегі баламалы электр энергиясының 20 пайызы өндіріледі.

Сондай-ақ, өңірге жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Аса ауылдық округіндегі «Алел Агро» ЖШС құс фабрикасында болды. Жобалық құны – 1,2 млрд теңгені құрайтын, заман талабына сай салынған нысан арнайы қондырғылармен жабдықталған. Бүгінгі таңда өндіріс толығымен іске қосылған.

Облыс әкімі тұрақты жұмысқа негізінен жергілікті тұрғындарды тарту керектігін баса айтты.

Аймақ басшысы «АСА АГРО» ЖШС құс фабрикасының құрылысымен де танысты. Жоба құны – 8 миллиард теңге. Мұнда жылына 21 мың тонна өнім шығару жоспарланған.

- Жалпы, көлемі 2,6 гектар жер телімімен бұрынғы сүт тауарлы фермасының ғимараты сатып алынып, демонтаж жұмыстары жүргізілуде. Германиядан арнайы құрылғылар жеткізілді. Егер жоба толығымен жүзеге асса, жылына 21 мың тоннаға дейін құс етін өндіруге мүмкіндік тумақ. Алдағы уақытта өндіріс қуатын екі-үш есеге артады деп күтілуде,-деді серіктестік басшысы Төлебай Меңдіоразов.

Бердібек Сапарбаев жергілікті билік тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілетінін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы