Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылуына қатысты жоспардан тыс бақылау жүргізілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитетінің Жамбыл облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тексеру барысында өңірдегі шаруашылықтардың біріне берілген жалпы аумағы 1 883 гектар жер учаскесінің бір бөлігі белгіленген нысанға сай қолданылмағаны белгілі болды, - делінген хабарламада.
Анықталғандай, жер пайдаланушы жайылым ретінде рәсімделген алқаптарды жыртып, оларды егін егуге пайдаланған. Бұл қолданыстағы жер заңнамасының талаптарына қайшы келеді.
Заңбұзушылықты жою жөнінде тиісті нұсқама берілгенімен, белгіленген мерзім ішінде талаптар орындалмаған. Осыған байланысты уәкілетті орган сотқа талап арыз түсірді.
Сот шешімімен жалпы аумағы 274,9 гектар жер учаскесі мәжбүрлі тәртіппен мемлекеттік меншікке қайтарылды. Қабылданған шешім заңды күшіне енді.