Жамбыл облысында мал басы артып келеді

21 Мамыр 2020, 17:34
1395
Бөлісу:
Жамбыл облысында мал басы артып келеді
Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысында осы саланы дамыту мақсатында 22,8 млрд теңге бөлінген.

Бұл туралы жергілікті әкімдіктің Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Құлкеев айтты. Оның сөзінше, бұл қаражаттың 22 810,8 млн теңгесі субсидияларға, 52,2 млн теңгесі басқа бағыттарға жұмсалуда.

Осы қолдаудың нәтижесінде жыл басынан бері ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің жалпы көлемі – 39 474,5 млн теңгені құрап, республика бойынша алдың қатарға шықтық. Оның ішінде, егін шаруашылығы өнімінің көлемі – 512,4 млн теңгені, мал шаруашылығы өнімінің көлемі 38 942,7 млн теңгені құрады. Сонымен қатар, саланың негізгі капиталына 2,3 млрд теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 314,0 млн теңге инвестиция салынды, - деп атап өтті ол.

Ерлан Елібайұлы аймақта мал басы саны да артып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, биылғы 4 айда өңірдегі мүйізді ірі қара саны 482 мың басқа жетіп жығылса, уақ мал саны 3643 мың бастан асқан. Тиісінше, жылқы малы да 146,2 мың басқа жетіпті. Ал құс саны – 1 718,5 мыңды құрап отыр.

Жыл басынан бері Жамбыл облысынан 108,1 тонна ет экспортталса, оның 36 тоннасы сиыр еті, 71,8 тоннасы қой еті болып табылады. Айталық, Меркі ауданындағы "Меркі ет комбинаты" ЖШС-і тарапынан БАӘ еліне, Қордай ауданынан "Оптоград" ЖШС тарапынан Оман, БАӘ елдеріне ет жөнелтіліп жатыр, - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Жамбыл облысы әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі, "ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ және "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" КЕАҚ арасындағы Меморандумға сәйкес, өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемін 710 мың гектарға орналастыру немесе өткен жылмен салыстырғанда 22,9 мың гектарға арттыру жоспарланған екен. Бүгінде жаздық масақты дәнді дақылдарды себу жұмыстары толық аяқталыпты. 

Ерлан Құлкеевтің айтуынша, аймақта бүгінге дейін 215,4 мың гектарға дән себіліп, өткен жылмен салыстырғанда 27 мың гектарға артып отырған көрінеді.

Сонымен қатар, 31,4 мың гектарға көп жылдық шөп, 31,7 мың гектарға көкөніс, 18,5 мың гектарға дәндік жүгері, 13,8 мың гектарға бақша дақылдары, 8,8 мың гектарға картоп және 33,7 мың гектарға бір жылдық шөп егілген.

Одан бөлек, 56,8 мың гектарға майлы дақылдар егіліп, егу жұмыстары 88,7%-ке аяқталса, 4,4 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылып, жоспар 80,2%-ке орындалды. Бұл бағыттағы жұмыстар жекелеген аудандарда әлі де жалғасып жатыр. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында облыстық "Аграрлық Кредиттік Корпорациясы" АҚ-ы арқылы 41 ауыл шаруашылығы құрылымдарынан 310,42 млн теңгеге өтінім түсті. 288,42 млн теңгені құрайтын 40 шаруашылықтың өтінімдері мақұлданып, төленді, - деді Ерлан Елібайұлы.


Өзгелердің жаңалығы